<![CDATA[Блог Камала Абдрахманова]]> http://naimankz.yvision.kz/feed/ Thu, 21 Sep 2017 07:30:22 +0600 https://yvision.kz/images/userpics/naimankz-normal.jpgБлог Камала Абдрахмановаhttp://naimankz.yvision.kz all rights reserved Zend_Feed Көрден шыққан керім қызКөрден шыққан керім қыз

Қазақ даласында ата- бабаларымыздан қалған жер- су, өзен- көл, тау- тас атаулары аса мол. Олар халқымыздың өткен өмірі мен тарихымыздың баға жетпес мұрасы, айналып соғар айнасы. Топономика деп аталатын осы ғылым саласы тарих, тілтану, жағрафия ғылымдарының түйісінде өрбиді. Даланың ауызша шежіресімен байланысып жатады, көне мен бүгіннің арасын жалғастырады. Сөйтіп, атауларымыз ата мұраның қатарынан лайықты орнын алады.

Осындай ежелден келе жатқан атаулар Жетісудың шығысында аса мол. Балаң шақтарымызда аталарымыз таңдай қаққызар әңгімелерін ел орнына отыра бере бастайтын...

--- . --- . --- . ---

... Жұрт жайлауға бет алған маусымның ортасы. Көш алдындағы қария ауыл иттерінің аяқ асты абалай алға ұмтылғанына әу баста мән бермеген. Далада аң мол, соның ізіне түскен шығар деген. Бірақ олай емес сияқты. Сонау жерде төмпешік көрініп, соны әлдене  бұрқыратып қазып жатқандай. Алдымен жеткен құмай тазы әлгі мақұлыққа батпай арсылдап, айнала жүгірді. Өзгелері жеткен соң ғана бәрі жабылып, төбешік маңы опыр- топыр боп кетті. Жаңағы мақұлық қашар емес. Жапа- жалғыз арпалысып жүр. Кері жорғаны тебіне жеткен ақсақал мен көш басшылары тайыншадай төбеттің өлермендігіне таң. Төбешік дегені жаңа ғана көмілген мола секілді. Қария қатаң бұйырды:

- Иттерді ажыратыңдар! Болсайшы түге, бол енді!

Етқызған иттерін әр иесі әзерден ұстады. Сол, сол- ақ екен құлақ,  құйрығы шорт кесілген тайыншадай төбет моланы тағы қаза жөнелді. Маңайындағыларды елеп, ескерер емес. Көпті көрген қария тез ұқты. Молаға жерленген адам- төбеттің иесі, әрі тірі жатса керек. Ат үстінде тұрып:

- Кә! Кә! - деген қария еппен жерге түсті. Көк төбеттің төсі ақ екен - Ақтөс, Ақтөс! Кә! Кә!

Төбеттің аты шынымен Ақтөс секілді. Артына жалт бұрылып «арс» етті.

- Ақтөс!  Ақтөс келе ғой!

Ақтөс қарияның жаманат істемейтінін сезді. Жалбарына ұлып, соңын ала қыңсылап жіберді. Көшбасы қария төбеттің жотасынан, одан мойнынан сыйпады, қос қолдап құшақтады. Ақылды төбет ауыл иттері талаған жарасын да жаламай, қарияның иегінің астына қазандай басын тыға берді.

- Әй, не тұрсыңдар, қазыңдар кәне!

Төрт- бес жігіт әп- сәтте ақымның бетін жапқан бау қамысқа жетті. Қария ұстамаса Ақтөс көрге түсіп кетердей. Қамысты көтеріп, өліктің бетін ашқанда

- Уһ!- деген дыбыс бірге естілді.

Өрімдей жас қыз бала екен. Қария жігіттерді сыртқа шығарып, молаға екі ақтай қатынды түсіріп, әлі есін жимаған қызды қабірден алғызды. Жанына жөпелдете бүркеніш тіккізіп, жөн білетін әйелдерге киіндіруді бұйырды. Көш ошарылды. Бетіне су бүріккен соң қыз көзін ашып, ештеңе ұқпай бірқыдыру отырды.

- Аман екенсің, айналайын!-  деген келіншектер бойжеткенді шошытып алмай, саумалап, есін жиғызды.

Ақсақалдар болған оқиғаны келіндерінен естіді. Аты Балқия екен. Жадында қалғаны- көш кешкі сауынға, қоналқыға аялдайды. Бұл жеңгесімен қосылып, түйе саумаққа шелек алады. Түйені айнала бергені есінде...

Қыз біртіндеп бойын жинап, күрсініп қалды. Іле- шала дауысты таныған Ақтөс қуана «арс» етті.

- Мынау менің Ақтөсім ғой!

Балқия еттумасын көргендей қуанды. Ақтөсті күшігінен асырапты. Есті төбет күні- түні Балқия жататын үйдің есігін күзетеді екен.

- Шіркін – ай, ит жеті қазынаның бірі деп аталарымыз қалай дәл айтқан!- дескен қариялар енді не істеу керектігін ақылдаса келе, Балқияның ауылына сөзге ұста екі- үш сақа жігітті қуанышты хабармен аттандырды.

Олар қаралы ауылды қуып жетіп, алыстан аңдай сөйлеп, сүйінші сұрады. Қыз әкесі осы ауылдың шаңырақ иесі екен. Қырыққа енді жетер жігіттің аузынан шыққан сөз хабашыларды да, өз ауылын да бір жағы таң, екінші жағы разы етті.

- Тірі екені рас болса өлімге қиған қарғамды, әріден- ақ сарсүйек құда едік, қидым сендердің ауылдарыңа. Балқияны жеткізіп беріңдер. Өзіне- өзі әбден келіп, анасының мауқын бассын. Бір жетіден соң кәдесін атап, үкі тағып кетіңдер. Теңін көздеп, тегін хабарларсыңдар.

Жұрт тез ұқты. Әкесі қалың мал алмайтынын, алайда, Балқияны кім көрінгенге емес, осы шаңырақпен иығы теңдес атаға ұзататынын айтты. Бірақ, «Қалыңсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайды» деген ата салтты бұзбады. Көпшіліктің:

- Жөн-ақ! Солар кезікпесе Балқияш аман қалар ма еді!

- Рас-ау! Татуыма тең бір жігіт табылар ауылдан.

- Япыр- ай! Осынша ақылды ит болады десе, сенер ме едім, сенбес пе едім!

-  Көзін ашпай Балқияш асыраған.

- Сонда құдай білгізген ғой!

- Бәсе- ау, Ақтөс көрінбей кетіп еді. Ой, Алла- ай, мұндай да...

- Өскен жұрт еді, бағы ашылсын!- дескен кеу- кеуімен, олжалы жігіттер аттанып кетті.

Содан бері не заман өтті. Балқия көмілген жерге кейіннен бірнеше мүрде қойылды. Тірі қалып, ана атанып, бала сүйген Балқияның атымен сол

қорым «Балқияның бейіті» аталып қалды. Қазіргі Алакөл ауданының Төңкеріс ауылына екі шақырымдай жетпей, ескі төте жол мен асфальт жолдын түйісер тұсында, егістіктің шетін ала тұр. Өз басым ары- бері өткенде бет сипауды ұмытпаймын. Амал қане, кейінгі кездері шеткі молаларға соқаның түрені тиіпті. Өткенде осыны көріп, жабырқап қалдым. Дихандар мұны қалай істеді екен? Білмеді- ау десем, молалар көрініп жатыр. Білді- ау десем, ауылдың аруақ сыйлап өскен азаматы мұндай оғаш қылық жасамаса керек. Мұхаммет (c.ғ.c) пайғамбарымыздың хадисінде «Сендер моланың үстін бассаңдар Аллаһ Тағала еттеріңді сүйектеріңе дейін өртеп жазалайды» дейді. Қайткенмен бір кемшін кетіпті.

Осы жағдай -  кереметтей сыры бар қорымның бүлінуі ой тастады. Бұл келеңсіздік ел мен жердің тарихын білмеуден туса керек. Сондықтан естіген-білгендерімізді, нақтылы- ғылыми тиянақты атауларды айта, жаза жүруіміз қажет екен.

--- . --- . --- . ---

 

Жетісудың шығысын Алакөл алып жатыр. Су айдыны қаншама аласапыранға, қызық пен қуанышқа, қайғы мен қасіретке куә болған осы даланың ырысы мен берекесі. Көкіректеріне түйгені мол көне көз қариялар Алакөл, Жалаңашкөл, Сасықкөл, Ұялыкөл, Қошқаркөлді түгел қосып, суының ащылығына орай- Итішпес атайтын. Жеке алса «Итішпестің Алакөлі» дейтін. Осындағы «ала» сөзінің мағнасы «шұбар» деген ұғым бермейді. Қазақта «ала жіпті аттамайды», «мойнына ала бұршақ салып, құдайдан тіледі», «ала тайдай бүлдірді» деген тіркестер бар. Ала жіппен баланың тұсауын кеседі, үйді айландыра байлайды. «Ала» сөзі киелілікті  білдіреді. Сөйтіп, Алакөлді жұртымыз қасиет тұтып, ерекшелендірген. Кей тұсынан мал суаттанады. Бұл да жаратқанның бір ғажабы.

Құйқалы өңір хатқа ерте замандардан түскен. 1246 жылғы  маусымда көлді жағалай өтіп, Шыңғыс империясының астанасы Қарақорымға беттеген Плано Карпини былай жазады: «...Онан соң біз Қарақытайлардың жеріне ендік. Ол жерде татарлар (Шыңғысхан жұрты- авт.) Еміл деген қаланы қайта тұрғызыпты. Мұнда Батудан үлкен хан Орду тұрады. Одан аттанған соң  кішірек теңізге кезіктік. Теңіздің атын сұрауды ұмытып кетіппіз. Жағасында аса үлкен емес тау бар. Айтуларға қарағанда ол тауда тесік бар. Сол тесіктен қыста алапат жел, боран соғады екен. Өтіп бара жатқандарға аса қауіпті көрінеді...Теңіз бойлап көп күн жүрдік. Одан мейірімді Петр күнінің қарсаңында шығып (29 маусым) наймандардың жеріне жеттік. Олар көп құдайшыл.» (Гильом де Рубрук, Плано Карпини; Путешествие в Евразиские степи, Алматы, 2003 г. стр 95) Еміл қаласы шынында да осы кезде қайта салынып, оны Орда Ежен хан астана етіп отырған. Теңізі- Итішпес Алакөл.

Алапат желі- Ебі. Содан бергі 800 жылдай уақытта табиғат онша өзгермегендей. Көл орнында, Ебінің желі күшінен қайтқан жоқ.

Осы жолды 1253-1255 жылдары жалаңаяқ жүріп өткен Гильом де Рубрук Үлкен аралды айта келіп, былай жазады: «...Суы тұзды екен, алайда ішуге де жарап қалардай. Оңтүстік шығысқа қарай тау аралығында дала созылып жатыр. Онда тағы бір көл айдындайды. Осы далада толассыз жел соғады. Бұл маңнан өткен адамдар сұрапыл жел көлге алып кетпесе екен деп қатты қорқады.» ( Рубрук, Карпини стр 166) Карпинидің дерегіне Рубрук Алакөлден оңтүстік шығысқа қарай жатқан Жалаңашкөлді қосты. Бірін- бірі толықтырды.

Арада 130 жылдай өткеннен кейін Ақсақ Темір мен оның жаусоғар ұлы Омаршах дұшпанын қуып келе жатып, көлге жетеді. Осы аса бір елеулі оқиға жөнінде ағылшын ғалымы, жазушы Хильда Хукхэм  мынадай дерек келтіреді: «Умаршах настиг джеттов и нанес им еще одно поражение близ долины «Пес не пьет» (Итичмас) присоединился к отряду Тимура...армия праздновала победу ...на берегу горной реки Эмиль. Тимур бросился в погоню за армией Хизр- Ходжи и у перевала известного как «Мышиные ворота» произошла схватка.» (Омаршах жеттерді Итішпес даласына таяу жерде қуып жетіп, оларды тағы да жеңіліске ұшыратты…Темірдің қолына қосылып, тау өзені Емілдің жағасында жеңістерін тойлады… Темір Қызыр қожаны қуып жетіп, «Тышқан қақпа» деген жерде соғыс болды.) (Хильда Хукхэм, «Властитель семи созвездий». Ташкент, 1995 г. стр 86- 87)  Хилда ханым «Итичмас» деп Алакөл жазығындағы даланы атады. Еміл өзенін дөп басты. Ең кереметі- арғы бабаларымыз «Арқас» деп атаған, бірақ өңірді қалмақ басып алған соң ол ұмытылып, орыстардың жазып беруімен  бүгін «Жоңғар қақпасы» аталып жүрген тау арлығының ХІҮ ғасырдың аяқ шеніндегі «Тышқан қақпа» деген тарихи атауын білдік.

Алакөл ауданында Сапақ, Суық, Қоңыр, Толымбай, Есім атаулары іркес- тіркес жатыр. Суық жайлау да, қалғандары жайлау етегі. Барлығы да жуан атаның мекені екенін көз салғаннан- ақ білесің. Тұнып тұрған табиғат, каусар бұлақты, саф ауалы. Осы аталардың арасында нендей жақындық барын уақыт шіркін тұмшалапты. Алайда, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде тарихшы Н. И. Любимовтың «Путевой журнал поездки на восток, 1845 год» деген жазбалары кездеседі. Осындағы «Родословная потомков Аблайхана» тарауында  Қаракерей Қабанбай батырдың руы Байжігіт-  Мәмбеттердің төресі 1845 жылы Сапақ төре екені деректелген. Ол Әбілпейіз сұлтанның ұлы Суықтан туады. Суықтың және бір ұлы- Толымбай.  Осы маңды мекен етіп, өсіп- өніп отырған Семіз наймандардың (Меңлібай, Жаңбыршы, Жанғұлы, Қарамолда, Төбет) төресі. Топ ортада Қоңыр және Есім төре  қоныстанған. Есім ел билемеген. Бірақ аталастарының ішіндегі ең малды, жылқылысы болған. Ш.Уәлихановтың төрелерге назар аудару себебі-  аталып отырған төрелер Шоқанның немере- шөбере бауырлары екендігінде. Ғалымның осы  жерде қателеспегені анық. Орыс әскерінің қазаққа жасаған

қиянаттарына жалғыз қарсы тұрып, патша шенеуіктерімен, офицерлерімен ат құйрығын кесіскен Шоқан Жетісудағы туыстарының, Тезек төренің елінде қайтыс болды. Ендеше  ол тумаларын өте жақсы білген. Бұған күмән жоқ.

Сөз арасында тоқтала кетейік, Байжігіттің (Қаракерей Қабанбай батырдың руы) Мәмбетін сол тұста Сапақ пен Толымбай, Тоғастарды- Сасан би, Жұмықтарды-  Қамбар төре билепті. Ш. Уалихановтың найман төрелерін,   олардың әлеуметтік статусын, байлығын, әулеттік шежіресін жете зерттеуі ғалымның ішкі бір ойы болғанын танытатындай.

Менің жақын бір досым «Сапақ» шапыраштылардың бір атасынан шыққан атау деген пікір айтып, ол жайлы жазған да екен. Алайда, Ш. Уалихановтың, Н. И. Любимовтың деректері оны түбегейлі жоққа шығарады. Екі ғалым да осы төрелермен араласқан, оларды жетік білген.

Н. Аристов, И. Андреев, М.Тынышбаев секілді әлем таныған ғалымдар, Қ. Халиди сияқты сол төрелер ұрпағының ортасында шежіре жинап, оларды көзімен көргендер 1810 жылдардан бастап Алакөлдің айналасына Арқадан құлаған найман руларының қоныстанғанын әлдеқашан жазып, хаттап кеткен. Әңгімеге өзек етілген- Алакөлдің түстігі мен Алатаудың бір сілемі Ойжайлаудың екі ортасын Найман- Қаракерейлердің иеленгенін, олардың жан санына дейін осы ғалымдардың еңбектерінен  оқи аламыз. Андреев Аягөз маңына 1770 жылдардан бастап қоныстаушылардың арасында жүріп, өзінің айтуынша, қазақ тілін жетік меңгереді. Ал, Аристов сол жылдары орыс барлаушыларынан келген ақпараттарды алдыға тартады. Бұлардан қате кетуі мүмкін емес.

Рас, шапыраштылар 1770 жылдардан бері қарай Аякөздің оң жағалауын мекендеп, 1810 жылдарға дейі сол жағалауға өте алмаған найман, жалайыр, албан, суан, шанышқылы руларымен араласа отырды. Арқадан Қойсоймас- Қараша билер бастап көшіп келген 1700 шаңырақ шапырашты 1810 жылдарға дейін бұл орындарынан- Семей өңіріндегі бүгінгі Қалба тауының маңынан ешқайда жылжыған жоқ. Мөлшері осы кездерде қазақ руларының көші- қонына қойылған шектеу жойылды да, шапыраштылар Қопалы (қазіргі Қапал) өңіріне жете кереге жайды. Матайлардың іргелес келуіне орай бір себептермен 1835- 1840 жылдардан кейін шапыраштылар Алатаудың етегіне қотарылды. Бұл тарихи көштер туралы жоғарыда аталған ғалымдардың еңбегінде тәпіштеп жазылған. Көріп отырсыздар, шапыраштылар қазіргі Алакөл ауданының территориясында тұрмаған. Оның үстіне найман сияқты жауынгер, қалың елге арқа сүйеген өңкей жуан тұқым төрелер ортасынан ойып ешкімге, ешуақытта орын бермесі айдан анық.

Күні бүгінге дейін Аристов, Андреев, Тынышбаевтарға күдік келтіріп, дау айтқан ешкім жоқ. Ана жылы, мен, «Сапақ» атауы Қаракерей Қабанбай батырдың шөпшегі Сопақ батырдың орысшыланған түрі болуы керек деп долбар жасағанмын. Уәлиханов келтірген Любимовтың нақтылы құжаттары қателескенімізді көрсетеді. Оқырмандардан кешірім сұраймыз.

Сонымен Алакөл ауданында Абылайханның ұрпақтары Суық, Сапақ, Толымбай, Қоңыр төрелердің есімдерімен жер аттары қалғанына көз жеткіздік. Сондай-ақ, Үшарал қаласының қақ ортасында Янушкеевич мақтап атайтын Ағадайұлы Бексұлтан төренің бейіті бар. Бексұлтан төре тарихта орны ерекше адам. Ол Аякөз ішкі округінің аға сұлтаны болып сайланады. Орыс патшасы Кенесары ханға жәрдем бергендер жазалансын деген Жарлық шығарғаны белгілі. Бірақ, Жетісудың бар төресі Кенесарыдан ат- тонын ала қашқанда, бір өзі 500 жігітті атқа мінгізіп, қосақтарына хан Кенеге деп 500  ат жетектетіп жіберіп, ер мінез танытқан осы Бексұлтан төре.

Кенесары қырғыздардың қолынан сатқындықтың салдарынан өлгенде  оның кегін қуған екі- ақ адам болды. Қалған жұрт ошаң ете алмай тығылып жатқанда матайдың Тәнеке батыры  1000 сарбазымен  Қордай асып, Кене ханды өлтіргендерге оттай тиді. Қырғыздар есін жиып, сап түзей бастағанда 2000 сарбазды баста, Янушкеевич жер- көкке сыйғызбай дәріптейтін Барақ батыр жетеді. Ол Бексұлтан  төренің жұмсауымен күн- түн жүріп келген еді. Амал не, Орман манапқа көрші отырған қазақтар хабаршы шаптырса керек, ұстатпай кетеді. Тәнеке батыр мен Барақ сұлтан кейін қайтады. Бексұлтан төренің, Барақ сұлтанның, Тәнеке батырдың намыстан туған осы өлшеусіз ерліктері аса сирек айтылады. Кене хан келгенде құмға сіңіп, қашып кеткендер рулар аталып қалады деп қашқалақтаймыз ба? Әлде, қырғызға хабар бергендер айтылып қалады деп сескенеміз бе? Бұларды да сол заманның тарихшылары аттарын атап, түстерін түгендеп жазып кеткен. Бәрі айқын. Не десек те Абылай ханның  ұрпағы атадан дарыған асыл тегін көрсетті. Бұларды да біле жүрген жөн. Сөз арасында айтып жатырмыз. Манағы, топономика ғылымы тарих ғылымымен байланысып жатады деуіміздің бір мысалы осындай.

Алакөлде «Сайқан», «Бала сайқан» аталатын үлкен жоталар бар. Бұлар  жерімізді  уақытша басып алған қалмақтан қалған «мұра». «Цай» және «қан» сөздерінен құралған. «Цай»- әдемі, сұлу деп аударылады. Ал «қан» жалпы түркі-  мыңғұл жұртына ортақ ,  «үлкен» сөзінің баламасы. Сонда Сайқанның қазақша мағнасы- Үлкен әдемі тау. Бала сайқанды талдау қажете емес. Өзі- ақ «кіші» дегенді айтып тұр.

Үлкен жолдың бойында Көлбай ауылы орналасқан. Ауыл атауы қайдан шыққаны тұрғысында екі дерекке сүйенуге болатын секілді. Бірінші: Қаракерей Қабанбай батыр басқарған қазақ қолының барлау,  қауіпсіздік қызметтерін, айтуларға қарағанда,  найманның садыры Көлбай батыр басқарады. Өзі де, жансыздары да көзге түсе бермейтін адам екен. Барлаушылар бүгін де солай ғой. Қаракерей Қабанбай батыр Көлбай атамызға деген соғыс олжасын бөлек ұстапты. Себебі, Көлбай батыр өзіне деген үлесті мерт болған, жарымжан барлаушыларының шаңырағына таратып жіберетін көрінеді. Өзі үйіне сопа бас келеді екен. Осыны білетін Дарабоз Көлбай үйіне жетті- ау дегенде келініне сәлем айтып, мал- мүлкін жіберіп отырыпты. Қалмақты жеңуімізге барлаушы- жансыздардың ұлан- ғайыр үлес қосқаны анық.

Екінші: Кеңес үкіметімен байланысты. Алғашқы мойынсеріктердің бірінің бастығы Көлбай деген адам болыпты дейді. Меніңше, ауыл аты арғы Көлбай батырдың атымен байланысты. ХІХ ғасырдың жиырмасыншы

жылдарының басында осы өңірге Көлбай батырдың ұрпақтары келіп орналасуына орай «Көлбай» атанса керек.

Балхаш- бір жағы тұщы, екінші жағы ащы ерекше су бассейіні. Көл маңына әр кезде әртүрлі халықтың орналасуына қарай  атауы да сан өзгеріске ұшырап отырған сыңайлы. Түркілер- Қарақытай деп, Орта Азиялықтар мен

Арабтар- Қидан деп атаған мемлекет ерте замандардан ХІІІ ғасырдың алғашқы жиырма  жылдарына дейін бүгінгі батыс Жетісудан тартып, Алтайдың батыс сілемдеріне қарай созылып жатты. Күшілік хан бастаған наймандар  келіп,  мемлекет билігін біртіндеп қолға алған соң бұл жұрт  аяқ астынан, біржола тарих бетінен жоғалып кетті. Жоғалған жоқ- ау, найманға сіңіп, найманданды және де басқа көптеген қазақ руларының құрамында жүр.  Олардың тегі- ұлты жөнінде ғалымдар сан қилы болжамдар жасауда. Негізі түркі жұртына жақын дегенді дәлелдеді. Осы халық Жетісуды мекендегенде Балхашты картаға түсіргендер «Таклама» деп жазыпты. Наймандар мен қазақтар «Көкше теңіз» деп әспеттепті. ХҮІІ ғасырдың аяғына қарай қазақтарды ысырған қалмақтардың келуімен көл  Балхаш аталып кетті..

«Мыңғұлдың құпия шежіресінде» «балхаш» сөзін екі жерде кездестірдім. Шыңғысханды әтуірлеп кең, жазық, көкшалғында қарсы алады. Жанға жайлы, айдынды сондай жерді – олар балхаш дейді екен. Ал қазіргі қалмақ- жоңғар тілінен қазақшаға- ауқымды, кең, айдыны үлкен деп аударылады. Қазақстанның өзге өлкелерінде мұндай топономикалық атау кездеспейді.

Балқашқа келіп құятын өзендердің бірі- Лепсі. Топономдар екі түрлі версияның маңайында пікір жарыстырып жүр әзірше. Біріншісі- «қатты, лапылдап ағатын су» деген мағна береді дейді. Өз басым бұған күмәндімін.

Себебі, қазақ суға қарата  «лақылдай ақты», «лықа толды»,  «лекілдей төгілді» дейді.  «Лапылдау»  отқа байланыстырылады. Бұл сөздің суға еш қатысы жоқ. Екінші топшылау- Жетісудың  қарт шежірешісі Тәңірберген Қалилаханов атадан қалды. Қария сөз түбірі- «лобсу» дейді. Түркі- мыңғұл халықтарына ортақ сөз көп. Екі ел де жүрегі айнығанда «жүрегім лобып  тұр» дейді. Балхаш есте жоқ ерте кезде Алакөлге құйған.  Ол арна әлі күнге Алакөл ауданының Қызыл қайың ауылының жанында сайрап жатыр. Сонан соң лобып, Балхашқа ауған. Орыстардың келуімен сөз өзгерген. Орыстар алғашқы буындағы «о» әрпін «а» деп дыбыстайды. Мысалы, Москва дегенді-Масква, окно дегенді- акно, Олжасты- Алжас дейді. Солар өз тілдік нормаларына сәйкес «лапсу», «лапсы», «лепсы» деп шатыстыра жүріп, картаға «Лепсы» деген атау түсіреді. Т. Қалилаханов Лобсуға орыстар келмей тұрғанда  туған  аталарын көзі көрген, олардың өзенді осылай атаулағанын  өз құлағымен естіген адам. Сенімдісі де осылай аталуы.

Басқан, Сарқан өзендері қатар ағып, Ақсуға құяды. Топономиканың белгілі маманы А. Әбдірахманов Басқан туралы «Атау екі сөзден жасалған: бас (негізгі, үлкен)+ қан (өзен), яғни  «үлкен өзен» деген мағна береді . Мұндағы қан (ған- кем- хем) сөзі сонау Үндістаннан бастап, Кореяны қамтып жатқан орасан зор аймақта «өзен, су» мағнасында қолданылады» дейді. Бұл талассыз нәрсе.

Бірақ, «Сарқан (Сарықан) өзенінің аты да осы терминнен жасалған. Мағнасы «Сары өзен» дегенді білдіреді»  деп тұжырымдауына Жетісулықтар келіспеген. Себебін тағы да Тәңірберген ақсақал өткен ғасырдың ортасында айтып кеткен. Ол кісі «Өзеннің қазақша аталуы «Сарыққан». Ерте заманда

тау басындағы көл құлап, өзен соның табанынан сарқылып ағып жатыр. Сарқан қаласының ортасындағы үйдей тастарды сондай алапат қана домалатып әкеле алады. Оның үстіне өзен ешқашан сарғаймайды. Көл орны әлі анық көрінеді. Барып көз жеткізгенбіз» деген.

Естеріңізде болса өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Есік көлі құлап, үлкен қасірет әкелді. Сол көлдің түбінен қазір сарқын  су ағады. Т.Қалилахановтың дәлелдері еш дау туғызбайды. Өзен шынында да құлаған көлдің табанымен ағып жатыр.  Жайлауды аралап жүргенімізде біз де арнайы барып көрдік.

Ақсу атауы бір тілден екінші тілге аударылып отырған екен. Жерімізге қалмақ  кіргенде олар өзенді өз тілімен «Шаған» атапты.  Осы жермен жүріп өткен Андреев 1778 жылы солай жазып алыпты. Шағанның қазақшасы – ақ. Кейінірек, 1810 жылдары мұнда шапыраштылар, найманның садыр,  матайлары жете қонады. Ежелгі атауын қалпына келтіреді.

Әр түрлі пікір туғызып жүрген атаудың бірі- Қапал. Алматы- Өскемен күре жолының бойындағы Қапал ауылына бұрылысқа Қапал батырдың бюсті қойылыпты. Осыған орай өңір осы батырдың есімімен аталған ба деген сауал қойыла бастады. Сұраққа жауап беру үшін тарихи құжаттарға жүгінеміз. Ал ол құжаттар қазақ даласына орыстардың келуімен картаға түсіп, хаттала бастады. Орыс құжаттарының ерекшелігі:  атаулар-  мүдделі  рулардың, тайпалардың, біреулердің ыңғайына  қарай бұрмаланбаған, ішкі  есеп жоқ. 1718 жылы Семейге бекініс салып, қазақтармен абайлап араласып, бізді зерттей бастаған басқыншылар біреудікін, біреуге телудің артынан дау шығатынын, қазақтың аса жершіл халық екенін өте жақсы түсінген.  Әрине, транскрипциялау барысында қате кетуі мүмкін. Бірақ  ол кемшілік тез түзеледі. Кез- келген атаудың қайдан шыққанын шамалары келгенше түсіндіріп, талдап отырады.

Жер мәселесіндегі арыздар асықпай, жан-жақты айлап, тіпті, жылдап қаралған. Мысалы, жалайыр сұлтандарының Лобсуға дейінгі жер Орта Жүзге тиесілі емес еместігін дәлелдеуге тырысқан және ол жерді найманнан алып, жалайырларға беру жөніндегі 1847 жылғы арыздарын бір жыл бойы бірнеше коммиссия кезек- кезек тексереді. Шешім сонан соң ғана қабылданып, арыз

негізсіз деп табылады. Орта Жүз найман мен Ұлы Жүз жалайырдың шекарасы былай белгіленеді: Жоннан төмен тартып, Балықты өзеніне дейін, осы өзен бойымен құлдилап, Қаратал өзеніне дейін. Осындай мысалдарға қарағанда орыстар жаугершіліктерінің алғашқы кезеңдерінде әділетті болуға тырысқан. Толық күш алып кеткенше қарсылық туғызбаудың амалдарын қарастырған.

Қапал туралы Н. Аристов былай жазады: «...1846 году отряд выбрал место для возведения укрепления на ур. Копалы...14 августа 1847 года султаны Сюк Аблайханов, Али Адилев и Акимбек Аблаев приведены были к присяге на подданство и в том году началось устройство Копальского укрепление». (Н. А. Аристов. Усуни кыргызы или кара- киргызы. Бишкек 2001 г. 474 с тр) Осы тарихшы Кенесары ханның басы туралы да дерек беріпті: «Кенисара Касимов... сложил на берегах Чу, близ устья Кара- кунуса, свою голову, которая была возима в Копал и Ташкент.» (486 бет.)

Немесе мына құжатқа қараңыз:

«Семиреченская область.

Аягузский внешний округ, образован в 1830 г., Приказ с 1831 г.

Ага- султан приказа- Бексултан Агадаев.

Приставство киргизов Болшой орды.

Учреждено в 1847 году на землях казахских родов и племени Старшего Жуза/Большой Орды, принявших россиское подданство 22 июня 1846 г. ... Центр- основанный в том же 1847 г. поселок Копал.» (centrazia.ru/cnt2.)

Орталықтың Қопалыдан Верныйға ауысқан кезіндегі бір құжатқа назар салайық: «В 1863 г. Отряд шт- капитана Проценко привел к присяге киргизские роды Прииссыккуля. Центр- Копал (до 1862), с 1862 г. Укрепление Верное.»

Құжаттар 1918 жылға дейін «Қопалы» болып келеді. Сауатты, білімді патша шенеуіктері қызметтен кетіп, орнына сауатсыз большевик мұжықтар келген соң, олар не естісе соны жазып, «Қапал» болып қателеседі. Орысқа қарсы келе алмаған момын қазақ осыған көндігеді.

М. Тынышбаев бекініс атауы Қопалы бұлағынан шыққанын дәлелдейді. Сөйтіп, атау «Копал» емес, орыс тілінің грамматикасына сай, «Копалинское» болуы тиіс еді» деп, біз айтып отырған сауатты орыстардың өзін шенеп өтеді.

Мынадай нақтылы, сол тұстардағы тарихи құжаттардан соң бүгінгі «Қапал» сөзінің қате жазылып жүргенін, дұрысы «Қопалы» екеніне анық көз жетеді. Қапал батырдың да, «қапал» сөзінің де бұл жаққа еш қатысы жоқ. Түпкі тарихи атауы- Қопалы.

Осы өңірдегі қазақы бір атау- Ешкіөлмес. Ешкі малы суыққа да, ыстыққа да шыдамайтын төзімі тақа түлік. Осыдан «ешкіөлмес» сөзінің мағнасы шығады. Қысы жылы, жайлы жер.

Қалмақтан қалған «Баян зураг», «Зун зураг», «Цайм Булек» атауларын біз- Баянжүрек, Жүнжүрек, Сайын Бөлек деп жүрміз. Баян- бай, сұлу; зун- сол жақ деп аударылады. Ал Сайын Бөлек қалмақтардың аса ірі әскери

қолбасшысы болған айтулы тұлға. Хойт руының көсемі Сайын Бөлекті 1772 жылы  капитан Андреев Қаратал, Көксу, Қопалы өңірлерінде 3700 шаңырақ қалмағымен көшіп жүрген жерінен кездестіргенін жазып қалдырған.

Жетісуда «Қоянкөз» аталатын бірнеше мекен бар. Әдетте, көрікті, көкорай шалғынды аймақты, қазақ «Шіркін, қоянның көзіндей әдемі екен» дейді. Осы мекендер расында да тау арасы немесе етегінде орналасқан. Біздің елдегі апаларымыз:

Қоянкөздей жер қайда,

Қоянбайдай ел қайда?-

деп әндетіп отырушы еді бала шағымызда.

Көпшілік мағнасын тап басып айта бермейтін кей атаулардың өздеріне ғана тән осындай тарихы, мәні бар. Мұны да біле жүрейік.

 

Камал Әбдірахман,

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің

шырақшысы.

  ]]>
Wed, 29 Apr 2015 09:47:04 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)жетісутопономикаалакөлталдықорғансарқанқапалhttps://yvision.kz/post/487201https://yvision.kz/post/487201
Ұлтшылдар ма, ұлтбұзарлар ма?Қазақ егемендік алғалғы- ширек ғасырға жуық уақытта бір принцпті берік ұстанып келемін. Ол- шамам жеткенше қазақ халқын құрыштай біріктіруге, тұтастыруға ат салысу, әр қазақты- жалғызым деп білу, «қазақпын» дегенге бауырым деп қарау. Өз блогімде өткен жылдары «Қазақпын десе- қандасың», «abai.kz» порталында «Қаракерей ме, қарақытай ма?» атты тақырыпты мақалаларымда ойымды айттым. «Ұлтшылдық» деген ұғымды қазіргі кезде өшің кеткеннен кегіңді алуға немесе біреуге қарадай тиісуге айналдырып бара жатқаны жанға батады. Тіпті, ешқандай арсыздықтан да тартынбайтындар пайда болды. Соның бірі интернеттен көзіме түскен «Старая правда о новом премьере» деген Кәрім Мәсімов туралы мақала.

Принцпінде, басшыларды сынау, кемшілігін бадырайтып бетіне басып отыру өте дұрыс шаруа. Қазақ әлімсақтан- ақ «Сын түзелмей- мін түзелмейді» деген. Ел тізгінін ұстап отырғандарды әмісе тезге салып, тізе батырып отыру қажет. Сонда олар жұрт бар екенін күнделікті еске алып отырады. Бірақ, осы мақаланы оқып отырып, шошынған тұсым көп.

1897 жылы орыс патшасы алғашқы халық санағын өткізіпті (Первая Всеобщая перепись населения Российской империи 1897 г. (Губернские итоги)  Т. Т. 1- 89, СПБ 1903- 1905). Сонда 4 миллион 89 мың қазақ тіркеліпті. Өзбек жерінің тұрғындары 3 миллион 853 мың. Мұның бар- жоғы 535 мыңы ғана өзбек деп жазылып, қалғандары хиуалық, бұқаралық, сарт, қыпшақ тағы басқа болып жүр. Азайтып отырған жоқпын. Қағазға түсуі солай. Сонда өзбек ұлтынан қазақтар 8 есе көп. Арада жиырма жылдан соң 1917 жылы М. Тынышбаев қазақтарды 5 миллион 930 мың деп тізімдейді. Оның ішінде Ұлы Жүз 1 миллион 170 мың, Орта Жүз 2 миллион 720 мың, Кіші Жүз 2 миллион 040 мың, Қазақстаннан шетте 950 мың деп көрсетеді. Есептесек, жиырма жылда 1 миллионға жуық немес 25 пайыздай өсіппіз. Осы қарқынмен жүре берсек бүгінгі күні ең азы 25- 27 миллион қазақ болуы тиіс. Ал бары 11 миллионның маңы. Бұл қалай сонда? Рас, отызыншы жылдарғы аштық Арқаға ауыр соқты. Қанша қазақ аштан қырылғанын әлі толық білмейміз. Өзбек, қытай, орыс жағалап, бас сауғалап кетті нан іздеген қауым.

Бірақ, жоғарыдағы қазақтың өсіміне сүйенсек өзбек қанша өссе де бүгін 10 миллионға жетпеуі керек еді. Алайда өзбек бүгін 27 миллион, жұдырықтай жұмылған, балталасаң бөлінбейтін ұлтқа айналған. Сонда бұлар қалай өсті?

Талдасаң ғажап жағдайларға тап боласың. Кеңес үкіметі келген 1917 жылдан соң өзбектің ұлтшыл- патриоттары халық санын көбейтудің ең тиімді тәсілін қолға алды. Өзбектің әр зиялысы, әр патриоты, әр ұлтшылы қыпшақ аталған- қазақтарды, хиуалық аталған- қоңыраттарды, сарт аталған- тәжіктерді, бұқаралық аталған көшпелі өзбектерді (қазақ десе де жөн), тәжіктерді  сағат сайын, күн сайын, апта- ай сайын жатпай- тұрмай, шаршап- шалдықпай  өзбектендіру жұмысымен жоспарлы түрде шұғылданды. Арада 100 жылдай уақыт өтіпті. Қазір бұрынғы қыпшақ, сарт, қоңырат, бұқаралықтарды басын алам десең «өзбекпін» деп кәлләсін жаңғырыққа салады. Ар жақтарын әбден ұмытып, тұтасып кеткен, өзбек екендіктеріне кәміл сенген. Тіпті, алпыс жыл бұрын ғана өзбекке өткен қазақ аудандарының қазақтарының қаншасы өзбек атанып жүргенін бір құдай ғана біледі.

Ал осы уақытта біз не іс атқардық? Қанша өзбекті, тәжікті, ноғайды қазақтандырдық? Осындай мысал білесіз бе?

Білмейсіз. Мен де білмеймін. Біз бәрін керісінше жасаймыз. Интернетте Д. Қонаевті- татар, Ғ. Мүсіреповті, Махамбетті- түркімен, Бибігүл Төлегенованы- ноғай, тіпті, арғын, найман, жалайыр, албан, қыпшақтың жартысы қарақытай деп жүр кейбір «ұлтшылдарымыз». Масқарасы, осы сөздерді көптің бірі емес, «мен пәлешебаймын» дегендер айтады. Ол аз болса төре, қожа, төлеңгіт, сунақ деп жырым- жырымбыз. Ана өзбекте Шыңғысханнан тарайтын кешегі Өзбек ханның, Шәйбеннің, Әбілхайыр, Камареддин төрелердің ұрпақтары біздегі Жошы ұрпағынан әлдеқайда мол. Бірақ, бірі де «төреміз» демейді. Олардан қожа дегенді атымен естімейсің. Міне, өзбектің озған жері. Айта берсең үйренер жеріміз. Ал біз не істеп жүрміз?

Кәрім Мәсімов туралы мақаладан ол бұрын Премьер- министр болып тұрғанында немесе қазіргі кезде атқарып жатқан жұмыстарын талдаған, кемшіліктерін көзін шұқып көрсеткен, жонынан таспа тілген жалғыз ауыз сөз таппадым. Бар мақала атасы- Қасымның, әкесі- Қажымханның, Кәрімнің өзінің паспорттарындағы «қазақ» деген сөздерді жоққа шығаруға, қазақпыз дегендерді қазақ емес етуге арналыпты. Ар жағынан- Қасым Мәсімовтен бастаған болыпты. Қасым марқұм 1914 жылы туған екен. Тұп- тура 100 жыл. Айналайын- ау! Бір ғасыр! Содан бері қазақпыз дегендерді ұйғыр  деп не шұқылап отырсыңдар? Әлде, иманды болғыр Қасым марқұмның кіндігін кесіп пе едіңдер? Кәрімнің балалары да қазақ деп куәлік алып жүр ғой. Ендеше, осы мақаланы жазғандардың көздегені не?

Өздерін шыныммен- ақ ұлтшылдармыз, патриоттармыз деп есептей ме? Мұндай болса өзбек патриоттарының жүз жыл бойы істегенінің мыңнан бірін істеңдерші. Ұлтшыл адам өзбектердің ұлтшылдарынан үлгі алсын.

Адам бір өтірікті бастаған соң тоқтай алмайды- ау деймін. Мен мақала авторларын танымаймын, алты- аласым, бес- бересім жоқ. Кәрім де менің қазаныма ас салып беріп отырған жоқ. Олардан да, бұлардан да алып- бергенім, тәуелділігім жоқ. Зейнеткер- бейтараппын. Балаларым да үкіметтің қызметінде істемейді. Кәрімнің әкесі- Қажымханмен Қабанбай батыр кесенесінде 2003 жылы таныстым. Жөнін сұрап едім «Найман- матайдың ішіндегі Кенже- Сақаймыз» деді,  шешесі- Эленорамен Алматыдағы бір той үстінде таныстым- Керекудің уағы екен. Мақала авторлары бұларды да ұйғыр деп бірақ қайырыпты. Уақ қашан ұйғыр болып еді?  Өстіп те адамды жеккөрінішті етуге бола ма екен?

Қазір қайдам, Кеңес үкіметі тұсында КГБ- ға жұмысқа тұру әркімнің арманы болатын. Оның оқуына таңдаулылар ғана түсетін. Қызметіне әбден сұрыпталған, еш күдік туғызбайтындарды жеті атасын тексеріп барып алатын. Оқуға түсу үшін ұйғыр Кәрім қазақ болды деу не сандалыс? Кеңес үкіметі сенің паспортыңды өлмей өзгертпейтін. Бүгінгі былық ол тұста болмайтын. Кәрімнің әкесі немесе атасы ұйғыр болса бұл жағдай КГБ- ның назарынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Себебі, ол кезде Қасым ақсақалдың кім екенін білетіндердің көзі тірі емес пе еді?  Қайтіп өтірік айтарсың. Бүгін білмеймін, ол кезде КГБ- ның назарынан еш нәрсе тыс қалмайтын, КГБ- ны алдау мүмкін емес- ті. КГБ Кәрімнің ұлтын білмепті деу таза лағығандық, кешегі күннен хабары аз бүгінгі жұртты адастыру. КГБ жердің жеті қат астын білетін, ол ұйғыр болса маңайына жолатпайтын.

Мақала авторларының барлаушыны құбыжық көретіні несі екен? Бала кезде бәріміз барлаушы болып ойнадық, ұмтылдық емес пе. АҚШ- тың екі Президенті, гүржінің Шевернадзадесі, орыстың Путині барлаушы емей, кім? Не шүйлігетіні бар, несі жаман?

Енді осы мақалалардан ең шошынған жерімді айтайын- мақала авторлары аруақ аттапты. Марқұмдарды қорламақ болыпты. Өлісін құрметтеп, жәбірге бермеген қазақ деген халық едік. Ал мына мақалада сонау ҮІІ ғасырдан бергі тарихтан белгілі матай руының белді бір қызы Нұрбану ананы қорықпай «ұйғыр» депті. Қолдан жалған құжатсымақ жасап салыпты. Оның қып- қызыл өтірік екені соқыр көзге көрініп тұр. Құдай- ау, аруақ атады деп қорықпай ма? Нұрбану ана атақты қобызшы, көктен жын түсірген қазақтың соңғы күйшілерінің бірі Молықбай жарықтықтың тайпасынан. Анау жылдары Кәрім Ақсудағы ата жұртына барып Қасым атасы мен Нұрбану апасына ас бергенде Қасымды да, Нұрбануды да көзімен көргендер дастархандарға симай отырды. Марқұм Нұрбану ананың аталастары да, аналастары да көп жиналды. Сол кезден бастап Мәсімовтердің әулетін біраз зерттедім. Қасым ақсақалдың көзін көрген, туған құдасы 95- тегі Қиақбай ақсақалмен ұзақ әңгімелестім. Қасым атаның қолынан құлақ жеген, Кәрімнің әкесі Қажымханның құрдасы, үй арасында үй жоқ, тел өскен Сейдахмет Шүрегеевпен әлденеше ақылдастым. Бәрі бір ауызды. Бұлар білетін Қасым- қазақ, Нұрбану қазақ, найман- матай.

Мақалаларды жазушылардың бар ой- ниеті Кәрімді елге жеккөрінішті ету екен. Бірақ ит терісін басына қаптамақ екенсіңдер қызметіндегі кемшілігіне тиісіңдер. Баға анау, шарықтап барады, экономиканың не болып бара жатқанын көріп отырмыз. Үкіметтік ұжымдардағы жемқорлық бастан асады. Осыларды қатаң бақылауға ал, жемқорлықты тый десеңдер, бір жақтарыңнан біз де қосылар едік. Онсыз аз қазақты кескілейтін пысықтықтарыңа нағыз ұлтшыл, ұлт қамын, ұлтының көбейуін аңсаған азаматтар қосылмасы анық. Өйткені мақала авторлары ұлтшылдардан гөрі ұлтбұзарлаға көбірек ұқсайды. Олардың жанын жеп отырған қазақтың бірлігі емес Премьер- Министрдің орны.  Айналайын- ау, біліктілігіңді, біліміңді, білгірлігіңді көрсетіп, жұрт көзіне түсіп, сол орынды тартып алсаң кім қой дейді.

Кәрімнің орнына таласады екенсіңдер қазақты бөлшектейтін пасық тәсілден аулақ жүріп таласыңдар. Ұлты мен мұртына тиіскендерің ұсақтықтарыңның ғана айғағы. Ал, әлдеқашан о дүниелік болған ата мен ананың аруағына ұрыну бір де бір қазақ баласы мақұлдамайтын сорақылық. Осындай мінезбен Премьер- Минстрдің орнын көздесеңдер жетісіппіз. Мәдениетті, әдепті ортада жеке басқа ұрыну көргенсіздіктің, дөрекіліктің, бейшаралықтың, айтар аргументің жоқтықтық белгісі. Абай айтпақшы «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

 

Камал Әбдірахман.

  ]]>
Mon, 19 May 2014 11:21:12 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)кәрім мәсімовүкіметұлтшылдарпремьер- министрhttps://yvision.kz/post/413946https://yvision.kz/post/413946
Казахи. Қаракерей ме, әлде, қарақытай ма?Ғаламтордың әртүрлі беттерінен қазақ руларының түпкі аталарына ревизия жасау тағы да көріне бастады. Көшпелі Азияға шекесінен қарайтын батыс пен кей тұсы күмәнді қытай деректеріне, өз арамыздағы тарихтан гөрі әдебиетке етене кейбір бауырларымыздың айтқандарына сілтеме жасайды көпшілігі. Ұлттық деңгейге шығуға өресі жетпей, рулық деңгейде малтығып жатқан коментшілерге азық табылды. Қазақтың  арғын, найман, керей, жалайыр, уақ, қыпшақ, маңғыт, сіргелі, шапырашты сияқты іргелі руларын бір бейшара- «мыңғұл» деп, екінші байқұс- «қарақытай» деп тартысып жатыр. Әсіресе, арғын мен найманды жілік майына дейін шақпақшы. Бірақ, өрелері жетпей бұлғақтап жүр. «Арғын өздерін Қодан биден таратады. Осы атаудағы «о» әрпінің орнына «и» әрпін қойсаң қидан (қарақытай) деген сөз шықпай ма? Бұдан артық не дәлел керек? Шыңғысханның тұсында арғын ауызға алынбайды. Демек, қидан- қарақытайлар осылар» деп жер тепкілепті. Арғындардың ол заманда қайда екенін Шәкәрім қажы 1911 жылы жарық көрген шежіресінде айтып кетті (Шакарим Кудайбердиулы. Родословная... Алма- Ата, «Жазушы», 1990 г. 77 стр) Бір ғасыр өтіпті. Ең болмаса соны білмесе тарихта несі бар екен?

Жүрек ауырады. 1897 жылғы патша санағындағы бар- жоғы 535 мың өзбектің бүгін 30 миллионға тақады. Өзбек жеріндегі барлық ұлттарды өзбектендіріп, өзбек деген біртұтас ұлт құрды. Балталасаң бөлінбейді. Біз сол санақта өзбектен 8 есе көп едік. Қазір 12 миллионға әзер жеттік. Өзбек 56 есе өсті. Біз 4- 5 есе. Өзбек бүгін шар болаттай пісіп- ұйысқан, ажырамайды. Ал бізді жұмсаң саусақ арасынан құмдай сусып түсіп қаламыз: мыңғұл- сұңғыл, қытай- мытай, пәлен- пәштүген деп шашыратып тастаймыз. Пушкиннің мұсылман негрдің жалғыз ұлы екенін, орыс басына көтеріп отырған қолбасшылары Суворов, Кутузов, Нобель сыйлығының лауреаттары Павлов, Мечниковтың, данышпан Менделеевтің, атақты Третьяков, Шереметьевтердің Көк Түріктің ұлдары екенін қай орыс мойындайды. Соларды орыс өзінен бөле ме? Біліп тұрса да, «орыс» деп қарысып қалады. Қайтсек басымыз құралады, қашан тас- түйін  түгенделер екенбіз? Санасыздықтан қашан құтыламыз?

Барлық қазақ рулары туралы айту қиын- ақ. Бірақ жекелеген, әркім өзі зерттеп жүрген тайпалары туралы білгендерін, тарихи негізделген деректерін ортаға салса, өткенімізге әрқайсымыз үлес қоса алады екенбіз. Қаракерей Қабанбай батырдың тарихи тұлғасын зерттей бастаған отыз шақты жыл ішінде Баба руы жайлы біраз дерек жинадым. Бір ізге түсіріп қойғанмын. Осы туралы айтпақпын.

Қазақ наймандары бүгін он ата- Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Саржомарт, Терістаңбалы, Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Ұраны- «Қаптағай». Таңбасы- Ү (бақан). Алайда, Түркістан, Қызылорда, Ақмола- Астана түбінде өздерін «Дүрмен- найманбыз» дейтін үлкен қауым бар. Айтуларынша Түркістанда ғана төрт мың шаңырақтай. Неге екенін әзірше дәп баса алмадық, бұлар қазақ наймандарының Шежіресіне енбеген. Сонда, дүрбендермен он бір ата. Өзбекстанның Самарқанында дүрмендер тіпті мол. Өзбекпіз дейді және анау- мынау емес, Ақсақ Темірді дүрмен- найман ішіндегі барластан таратады. Украч (Өкіреш), Қара, Қызыл найман деген ауылдар кезінде Москва ұжымшары болған екен. Кеңес құласымен Әмір Темір атына өзгертіп алыпты. Самарқанның түбінде таяқ тастамда. Осыны қазақ зерттеушілері назарда ұстауы тиіс- ау. Ал түбі бір түркілердің ішінде, өзім аралаған өзбек, қырғыз, қарақалпақ, татар арасында, сонымен қатар түркімен, ноғай, естек (башқұрт), алтайлықтар, тіпті, тәжіктегі лоқай- қазақ пен мыңғұл ішінде де наймандар мол. Шеттегі жиырма шақты найман тайпасы туралы «Өкіреш Шал», «Төлегетай баба», «Қабанбайдың атасы- Тоқтарқожа» атты еңбектерімде жаздым. (Камал (Камил деп шығады ара- тұра) Абдрахман. Naiman.KZ блогі)  Қайталап жатпайық.

Ғаламторда даулы пікірлер мен талас туғызған кітаптар жөнінде басын алдымен ашып алатын нәрсе бар. Онда барлық найман, арғын, уақ, шөмекей, сіргелі, шапырашты туралы айтылмайды. Осылардың ішіне сіңген азды- көпті топты көздейді. Меніңше бұған шамданбау керек. Кейбір коментшінің жаны шырылдап, «Тағы бөлдіңдер ме аз қазақты?» деп отырғанын түйсінемін. Билік қазақтың басын қосу үшін бүгін еш шара қолданбай, бей- жай отыр. Орыс тілін, сол арқылы орыс тілділерді шыр- пыр қорған әлек. Осындай шақтарда ұлтшыл адамдар белсенділік танытып, ұйтқы болып кететіні әлімсақтан бар. Десе де қай ел, қай руды алсаңыз да кірмесіз, сіңбесіз емес. Қазіргі қазақ рулары, тіпті, ХҮІІІ ғасырда да толыққан. Бір рудан екінші руға қосылып кету күні кешеге дейін жүрген. Қазір Ұлы Жүз, Орта Жүз, Кіші Жүзбіз, үйсін, дулат, қаңлы, найман, арғын, сіргелі, уақ, шөмекейміз деген соң, қайсысы нақтысы, қайсысы кештеуі екенін қопсытудың қажеті жоқ.

Жоғарыдағы он ата найманның ірілерінің бірі- қаракерей.  «Қара» және «керей» деген екі сөздің қосындысы секілді. Тек, «қара» сөзі не мағына беретінін түсіне бермейміз. Біреулер «Қидан (қарақытай) мемлекетін найманның Күшілік ханы 1211 жылдан билей бастады. Сөйтіп, шын мәнінде ол мемлекет құлап, наймандандыру басталды, қарақытайдың бір тобы найманға сіңіп, найман ішінде қалған кереймен араласып, «қаракерей» аталды. Мысалы, қазақ ішінде қытай- қыпшақ, маңғыт- қытай, сіргелі- қытай, уақ- қытай деген тайпалар бар» деседі. Өзге де тон пішулер көп. Бірақ осылардан сан алуан сұрақ тудырады.

1.Ру атауы- қаракерей. Егер қарақытай мен керейдің қосындысы болса мағынасы, көздеп, көрсететіні бар «қытай» сөзі қолданысқа еніп, ру аты- қытайкерей немесе керейқытай аталуы шарт. Алдындағы қыпшақ- қытай, маңғыт- қытай секілді. Бұларда кіммен кімнің қосылғаны анық тұр. Ал «қарақытай» сөзінің «қара» бөлігі қолданысқа еніпті десек, нақ осы жерде «қара» сөзінде пәлендей мағына жоқ. Өзін- өзі ақтамайды. Кіммен кімнің  қосылғаны ашылмаған. Тамырсыз. Бұл қалай?

2. Т. Жұртбай «Қидан мемлекетін кім қалай атап, сан саққа жүгіртсе де, ол құрамына найман, қоңырат, уақ, жалайыр, керей, арғын, қаңлы, адай, телеуіт, қыпшақ тайпаларын біріктіріп отырған қазақ халқының алғашқы құрамасы» деп өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары- ақ жазған. (Дулыға. Алматы, 1994 жыл. Екінші кітап, 191 бет) Шындығы да осы. Қидандардың бір тобының найманданып, кейін қазақ атанғаны кімге залалын тигізіп, бауырына батыпты? Түркі- қазақтардың көбейгенінен кім запы тартыпты?

3.Осыны да «Тарихи шындық үшін» деп ақтала ма? Қидан мемлекетінің жойылғанына 750 жылдай өтіпті. Одан бері 30 ұрпақ ауысты.  Ендеше қайдағы қарақытай?

Соңғы екі сұрақтың жауабын соны жазушылардың ар- ұятына тапсырайық. Өзіңіз де ойланып көріңіз. Бірінші сауалға бірлесіп жауап беріп көрейік. Ол үшін өзбектегі Самарқанға, Әндіжанға сапар шегеміз. Самарқанның тура түбіндегі Қаранайман ауылына соғамыз, Самарқанның терістігіндегі осы облыстың ерекше өлкесін алып жатқан Қаранайман ұлттық паркіне (қорығына), қатар- қатар отырған қаранайман қышлақтарына түсеміз, Қаракерей Қабанбай батырдың түпкі ата жұрты- Жұпар сайда дамылдаймыз. Ақтайлақ би шежіресінде «Найманның (Өкіреш Шал- авт) Тоқмақ деген жалғыз ұлы өліп...» дейтіні бар. (Ақтайлақ би. Алматы. 1991 ж. 66 бет) Тұп- тура осы аттас Тоқмақ ауылына тоқтап, жөн сұраймыз. Сөйтеміз де таң қаламыз. Самарқан маңында Қаранайманға қоса Балталы, Бағананлы, Қарабағаналы, Наймансарай, Бесбала, Наймантепе, Найманауыл (өзбектер қышлақ дейді емес пе), Өкіреш, Садыр, Сарықұл, Төртуыл, Жанғұлы, Қарақұрсақ, Бешнайман, Бешбала аталатын таза найман руларының атымен аталатын,  Самарқан уаялатының картасында қаз- қатар тізіліп тұрған қышылақтарды аралап шығамыз (Справочная политико- админстративная карта. ГНПП «Картография». Ташкент, 2008 г.). Осы елді мекендердің бәрінде  өзбек наймандары, оның ішінде қаранаймандар тұрады. Сөз реті келгенде атай кетейік бұл маңда сондай- ақ Тарақты, Керей, Қаракесек, Қанжығалы, Балғалы, Қоңырат, Барлас, Қият, Қатаған, Қаңлы, Жағалбайлы, Шанышқылы, Шапырашты, Шөмекей, Үйсін, Жамбай тәрізді қазақ руларының атын алған қышлақтар бар. Кейбірі екі- үш рет қайталанады (аталған картаны қараңыз). Негізі «өзбекпіз» дейді. Ал Қаранайман атауы Самарқанның төрт тарабынан да кездеседі.

Енді Әндіжанның жанындағы қара, пәскі (кішкене), орта наймандарға жол тартып, қатар отырып палау жесе де болады. Бірақ, өзбектегі қаранаймандардың ешқайсысына «керей» қосақталмаған. Олармен ұзақ әңгімелестік. Екі күн қонақ болдым. Қызығы- туғандарындай қарсы алып, бар жұмсағын алдыма тартты. Өзбектік- ұлттық рухты санасына әбден сіңірген, жатты төріне жуыта бермейтін өзбек наймандарының бойындағы екі мың жылдық қандары ойнап шыға келді. Сонау 1330- 1340 жылдары Өзбек ханның атымен аталып, ұлт болуға бет алғандарынан бері аттай 700 жылдай уақыт өтсе де, біз 1460 жылдардан бері «көшпелі өзбектерден» ат құйрығын біржола кесіп кетсек те, туған бауырлардай сырластық. Өзбектің палаудан басқа да неше түрлі ұлттық асы барлығына, сүттен- айран, қатық, құрт, ірімшік және де басқа алуан түрлі тағам жасайтынына көзім жетті. Сыйлы адамдарына көп жыл сақталған бал беретініне таңдандым. Өзбек шежіре, ру білмейді деген бос сөз екен. Үлкендер жағы іркілмейді. Жастары да қай ру екенін толық айтады. Наймандар, оның ішінде қаранаймандар туралы мол дерек алдым. Осы қаранаймандардың айтуымен Әндіжанға тиіп тұрған қырғыздың Ошына соқтым. Жанында «Еркін» агрофирмасы болыпты. Сонда қырғыз қаранаймандары тұратынын біледі екен. Бұларды да таптық, рас бар қаранаймандар, өздерін қырғыз атайды. Және қырғыздағы чантеке, жуан бұт, сар, көкші, тағы да басқа наймандардан өздерін паң ұстайды. Себебін кетер сәтте  сұрап алдық.

Ғаламторда пікір жарыстырушылар қадым замандардан бері қаранайман деген осынша мол, салымды рудың ең ежелгі наймандармен қатар жасап келе жатқанын, олардың кей рудан ілгері болуы да мүмкін екенін білмеген немесе білгісі келмеген. Қазақ жерінде қаранайман кездеспеген соң қол жетімдегі «қарақытай» жұртының «қара» сөзін алып, «керей» сөзін қосып, «қаракерей» руын оп- оңай тудырған. Тарихта ешнәрсе әншейін бола салмайды, халықтың қасіретімен, тар жол- тайғақ кешуімен келеді. Лақап іздеушілер Т. Жұртбай атаған рулардан өзге, Елүй Дашының заманынындағы- ХІІ ғасырдың ортасындағы, меркіт, теле, кете, ұранқай, байжігіт, байыс, тумат, тоқас және де басқа тайпалардың арасынан найманның бес бірдей руын аңдамайды. Себебі- зерттемеген. Күні бүгінге дейін найманда байыс, семіз найман (Семіз бұқаның найманы деп білген жөн- авт), байжігіт, кетік (кете), тұмат (тума), тоқас (тоғас) рулары аман- сау сол замандардан бері келеді.

Сонау Арық Бұқа, Семіз Бұқа тұсындағы- ҮІІ ғасырдағы найман ұлысының ең қабырғалысы Қара наймандар болған. Олар 1204 жылғы, алғашқы Шыңғыс хан- Найман соғысынан бастап,  найманның соңғы ханы Күшіліктен бір елі қалмай Тәжікстандағы Таулы Бадахшанға дейін соғыса шегініп, 1218 жылы Күшіліктің жекпе- жекте өлгенін өз көзімен көрген. Сонша жан алып, жан берісуінің нақты себебі бар. Найман хандары тап осы қаранайман тайпасынан шыққан. Басы  Арық Бұқа мен Семіз Бұқадан тартып, Инанығ Білге Бұқа хан, оның ұрқы Бай бұқа, соңғы найман ханы Күшілікке дейін түгелдей қаранайман руынан. Мұны өзбек пен қырғыздың қаранаймандары әлі күнге ұмытпай, мақтан көріп, көсіліп айтады. Екі ұлт- өзбек пен қырғыз тату тұрмағанын бәріміз білеміз. Бүгін де дүрдараз. Бірақ өзбегі- қырғыздағы, қырғызы- өзбектегі қара наймандарын, екеуі ар жақтары қаракөк екенін ұмытпаған. Сонау ҮІІ ғасырдағы төл атауларын сақтап отыр. «Біздер- Қаранаймандар хан әулетіміз. Мына пәскілер бізге дәрет су дайындап беретіндер» деп кесікті сөйлейді. Пәскілер мойындайды. Біздіңше пәскілер төлеңгіттер сияқты.

«Қара» сөзі жеке талдауды қажет етеді. Мысалы- Қара шаңырақ. Түсіндіруді талап етпейді, әулеттің басты отауы. Қара Ертіс- Ертістің негізі. Қара мал- үлкен мал. Қаранөпір- өте көп. Қарақұрым- аса көп. Қаражол- кең, үлкен жол. Сонда «қаранайман» деген- найманның ең сыйлы, ең үлкен, ең молы, бар найманның ұйытқысы- Найман хандары шыққан ру деген мағанада. Қаракерей- найман ішіндегі сөз басы «қара» деп басталатын жалғыз ру емес.  Қаранайман, қарамолда, қаратұмар, қарабағаналы, қарамойын, төртқара, қаратай, қараауыл рулары және бар. Осылардың негізі қаранаймандардан бөлініп, жеке аталып кеткен тайпа секілді көрінеді. Сондықтан найманға керей сіңіп- қаракерей аталды деген қорытынды өзі сұранып тұр. Оның үстіне, керей найманды сіңірсе ол керей ішінде жүруі керек қой. Бұл жерде бәрі басқаша. Біршама керей қара наймандарға сіңгені анық.

Алуан пікір айтылғаны да жақсы. Түбі ақиқаты шығады. Сондай шындықтың бірі былай секілді: «ҮІІ ғасырға қарай наймандарда ұлыс (мемлекет- авт.) құру ахуалы пісіп- жетіліп, нәтижесінде хан басқарған дербес мемлекет тарих сахнасына келді. Жаңадан құрылған конфедерацияның құрамына сегіз тайпа- найман, татар, қатагин, салжиут, мергит, дурбет, ыбыра, тайжиут енді» (Е. Сәлімбай. Ата- баба тарихы. Алматы, 2007 ж. 34 бет). Ру аттары күні бүгінге дейін аса өзгермепті: найман- найман, татар- татар, қатагин- қатаған, салжиут- саржомарт, мергит- меркіт, дурбет- дүрмен, ыбыра- бура, тайжиут- тайчиут. Саржомарт пен бура- сол заманнан бүгінге дейін найман. Дүмендер де. Ал конфедерация басындағы найман руы осыларды құраған, ұйтқы, негізі, көпшілігі болған және сол кездегі бірнеше тайпаны біріктіріп, ортақ атауды иеленген, бүгінгі  наймандардың тұтастай біріккен сол замандағы түрі- қаранаймандар десек шындықтан аса алыс кетпейтіндейміз. Осы найманның ішінде бүгінгі он бір ата найманның барлығы бар болуы да мүмкін. Кейін конфедерацияның әлсіреуінен қаранаймандар әр түрлі найман руларына бөлініп, негізі қаранайман атауын сақтап қалған. Қаранаймандардың Күшілік хан өлген өлкеден бері тартып, найманның соңғы ханзадасы Өкіреш Шал жерленген жерлерді жағалай отыру себебі де сонда. Ата- мұратқа адалдықтарында. Қаранайманның соңғы ханзадасы Өкірештің маңайына топтасқанында.

Осы жерде даукес, әрине, «Батырым- ау, қаракерей шежіреде Өкіреш шалдан тарайды. Өкіреш ХІҮ- ХҮ ғасырда өмір сүрсе, ҮІІ- ХІІІ ғасырда қайдағы қаранайман- қаркерей» деп орынды сұрақ қояды. Рас, шежіре бойынша қаракерей, матай, садыр, төртуыл  Өкіреш Шалдың бесінші ұрпағы. Бірақ бұл шежіре ғана. Ал шынайы тарихта матай мен садыр (шато) ҮІІ ғасырда саржомарт, бура секілді нақтылы тарихқа енген. Өкіреш ХІҮ ғасырда найманның бір тобының басын құрап, соларға тұтқа болған әулие. Бұл өз алдына жеке тақырып.

Керей қазір негізінен Ашамайлы және Абақ болып, екіге тарамды. Меніңше, керей екіге емес бірнешеге бөлінген тәрізді. Арысы Шыңғысхан, берісі «Ақтабан шұбырынды...» кезінде. Үшінші бөлігі бағзыда қара наймандарға сіңіп кеткен. Бүгін қайсымыз таза найман, қайсымыз керейміз деп сұрау- ақымақтың ісі болады. Отқа салып- өртеп, төске салып- шауып, қаракерейді ортасынан жара алмайсың.

Өзбек пен қырғыздағы найман рулары берген ақпар ойландырады. Біз кез- келген руды қазақтан өзге ұлттардың арасында жүргендермен салыстыра, қатар қоя зерттеуіміз керек екен. Себебі оларда бізге белгісіз жайттар болуы әбден мүмкін. Мысалы, қазақ арасында түсініксіздеу болып келген «Өкіреш» өзбекте- Кіші Бұқа- (ханзада- авт.) деген мағына береді екен. Мұны Өкіреш Шал моласы сақталған Украч найман қышлағының украч наймандары естерінде ұстап отыр.

Кіші Жүздегі «керейттер» мен керейлердің ұқсас айтылуы жай ғана ма? «Т» әрпі көнеден бері көптік жалғауын да береді. Мысалы біз бұғылы десек, қалмақ бұғыты, біз алмалы десек, қалмақ алматы, біз ырғайлы десек, қалмақ ырғайты т. б. дейді. Жоғарыдағы «тумат» руы да бұған бір мысал. Қаракерейдің- тумасы. Керейді егжей- тегжейлі талдасақ арасынан кімдер шығар еді. Бүгінгі керей ішіндегі меркіттер- кеше Шыңғысханның қатыны Бөртені тартып әкеткен жаубасар жеке ру еді ғой. Қазір мыңғұл ғалымдары Жошы ханды нақ осы меркіттің Жилгу батырынан туғанын мойындады деген жазылып жатыр. Меркіт қашан керей атанды? Мынадай жауап бар секілді. Әбден кектесіп, қаны қарайған Шыңғыс меркітті түп- түгел қырып салмаққа бекінгені белгілі. Осы сәтте біршамасы керейден пана тауып, керейміз деп кетуі әбден мүмкін.

Ел арасында сенім тудырмаған «Түп- тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта «Мен, меркіт, шапырашты баласымын. Үйсін- керей екеуінің таласымын» деген жолдар жүр (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Алматы, 1993 ж. 96 бет). Меркіт ҮІІ ғасырда найман конфедерациясының құрамында бар. Шапырашты бертін, Бәйдібек баба тұсынан, ХІҮ- ХҮ ғасырдан айтыла бастайды. Осыны ескерсек, кітапта біреудің қолымен әке мен баланың орны әдейі ауыстырылғанын, әкені қасақаны бала жасағанын тану қиын емес. Мұндай жағдай көшпелілер арсында орын алып тұрған. Қалмақтың да басынан өткен. Ар жағынан қытай қырғыны келгенде біраз қалмақ Аякөздің оң жағалауында тақау отырған найман, шапырашты, шанышқылы секілді рулардан пана тауып, солардың қолтығына кіріп кетті, шабындыдан аман қалды. Ғажап! Не деген кең пейіл халықпыз! Ата жауды ығына қондырған қазақтан басқа жұрт бар ма екен! Қазір  арамызда олардың кім екенін ажырату мүмкін де, қажет те емес. Білетіндердің аузы берік. Әсілінде, рулардың бірде бөлініп, бірде қайта қосылып отыруы тарихта жиі кездеседі. Найман да бұл үрдістен шет қалмаған. Жырақтап кетіп, қайта табысып отырғандары, да бұрынғы орындарында қалып қойып, жаңа атау алғандары да толып жатыр. Мысалы  наймандағы төртқара, төртуыл, ақтаз, кенжебай рулары Кіші Жүзде, арғында, қыпшақта, дулатта жүр. Сіргелі- уақ пен Ұлы Жүзде. Қаракесек- Кіші Жүз бен арғында. Бұл жеке әңгіме.

Қара наймандар бар наймандармен қатар жасасып келе жатыр. ҮІІ ғасырда кездесетін салжиут (саржомарт), ыбыра (бура), дербен (дүрмен) наймандардың басын қосып, ұлыс құрды. Д,Осоннан бастап, И. Я. Шмидт, А. Позднева, В. В. Бартольд, В. П. Васильев қатарлы ғалымдар наймандарды ту баста моңғол тектес халықтар санатына қосты. Тіпті, наймандар мен керейлерді Хань Жу Линь, П. Рачневский, В. Кычанов секілді ғалымдар қырғыз халқының немесе Қырғыз қағанаты  этносының бір бөлігі деп те қарастырды. Ал Рашид- ад- Дин бастаған Х. Ховарс, П. Поуха, А. Боривников, Г. Е. Грумм-Грижимайло, Л. Л. Викторова, Мурояма, Н. А. Аристовтер наймандардың түркі тектес екенін тастай етіп дәлелдеді. Әсіресе, өзі моңғол бола тұра найманды түркі тектес деген Грумм- Грижимайлонікі ерлік еді. Ол бүгінгі мыңғұл ішінде найман руы бар екенін жақсы білді. Бірақ нағыз ғалым адалына жүреді. Мыңғұл ішндегі наймандардың тамыры түрік тектес екенін жасырмады. Ал алдыңғы екі топ қазақтан, найманның өзінен «Сендер кімсіңдер?» деп сұрамағаны былай тұрсын, найманды қиял жетегіне ілестіріп әкеткісі келді. Өз туғандарымыз С. Аманжолов пен Ә. Марғұлан наймандарды түркі тегіне жатқызып, дәлелдеп шықты. Бүгін қырғыз ғалымы Т. Акперов наймандарды ежелгі үйсіндердің бөлініп кеткен ұрпағы дегенді ауызға алып жүр. Үйсін де түркі ғой. Бұл да талай зерттелер. Айтқандайын, осы тақілеттес пікірді Тұрсын Жұртбайдан да кездестіреміз: «Үйсіндер екі Күнбиге бөлінгеннен кейін хан хандығы оларға кейде бейбіт тыныштандыру саясатын, кейде күш көрсету арқылы зорлап көндіру саясатын қолданды, сонда да олар тыныштық бермеді» деп Үйсіндердің біздің дәуірімізге дейін екіге айырылғанын жазады. (Т. Жұртбай. Дулыға. Алматы, 1994 ж. 365 бет. 1 кітап) Сөйтіп біздің дәуірімізден бұрын, Ұлы Күнби Мойыншордың тұсында найман тарихқа енгенін, сол тұста юебань аталғанын көрсетті. Өткен жиырма жылда  кітап үш рет қайта басылды. Екінші пікір айтқан ешкім жоқ. Бұл Тұрсын Жұртбайдың тарихи әфсанасын толық мойындау.

Қара наймандарды хан әулеті деуіме бірнеше себеп бар. Алдыңғысы- қырғыз, өзбек қара наймандарының аңыздары. Өздерін хан тұқымынан таратуы. Ал қазақ ішіндегі рулардан «Найман хандарынан тарадық» дегендерді естімеппін. Қаракерей Қабанбайдың және аталарының хан сайланғаны туралы шежірелік дерек қана кездеседі. Бірақ, көшпелі жұрттың таңбасы көп тарих айтады. Қаракерейлердің таңбасы- мүйіз. Ал, мүйіз десе көз алдыңа бұқа келеді ғой. Найман хандары ілкіден тартып өз аттарына «бұқа» сөзін қосып отырған. Арық Бұқа, Семіз Бұқа, Инанығ Білге Бұқа, Бай бұқа, кейінгі найман елтұтқалары- Кет бұқа, Кел бұқа, Өкіреш (Кішкене бұқа). Г. Потанин Алтай наймандарынан «Көк Бұқа» дастанын тауып, жазып алады да, «Наймандардың бір бөлігі өздерін әлі күнге Бұқадан таратады» деп атап көрсетеді. (Ғ. Байназарова. Қасиетті түркі елі. Алматы, «Өнер» баспасы, 1994 ж. 66 бет) Бұлар сөз жоқ- ежелгі қара наймандардың сынығы, қазіргі қазақ арасындағы қаракерейлер. Жалпы найманның таңбасы- Ү (бақан). Түптеп келсе осы бақан да мүйізден аса ары тұрған жоқ. Екеуі тым ұқсас. Қаранайманнан отау алып шыққан қаракерейлер бақанды сәл өзгертіп, мүйіз етіп алды десек қанша қиыс кетер едік? Қалай болғанда да қаракерейді көне найманнан ажыратып алу мүмкін емес. Осындай зерттеу мен дәлелдерден соң найманның қаракерейлері- нағыз наймандар екеніне көз әбден жетеді. Қаракерейлер Иса пайғамбар тумай тұрғанда тарихқа енген, бүгінгі қазақтың ең көне, ең ірі руының бірі- найманның өз төлі. Ал өзге түрік текті қандастарымыз найманға қосылып, қан араластырып жатса оның не жаттығы бар?  Айтпақшы, жоғарыдағы Семіз Бұқа мен Арық Бұқа наймандар бір елді сол кезде- ақ екіге бөліп басқарған екен. Осы үрдіс әлі сорабын үзбеген. Қаракерей бүгін де екіге бөлінеді. Бірі- сөз басында айтқан Байыс, бүгінгі күнге сол Байыс атауын өзгерпей жетті (қазір сегіз ата). Ғажап қой! Ал екінші- Семіз Бұқа әлі негізін бұзбай, бүгінгі күні Семіз найман (Байсиық) атымен от түтетіп отыр (бес ата). Дәстүр он төрт ғасыр сақталып келеді!

Мына пікірге тоқталмаса болмайды. Өзім аса құрметтейтін бір жазушы ағамыз «қаракерей, садыр, матай, (найман шежірешілері садырды матайдан кейін қояды) төртуылды қытай табы» дей отырып, былай жазады «...кейінгі совет тұсындағы түзетілген шежіреде қытай намы көмескі тартқан, әдетте Төлегетай атымен көрінеді». Осы тұста ғұлама ағамыздың назарына ілікпей қалған екі  жағдай бар. Біріншісі- Төлегетай сөзін талдаумен анықталады. Ағамыз «көмескі тартқан» деп отырған «қытай» сөзінің өзгеріске ұшырап,  «Төлегетайдың» ішінде жасырын тұрғанын аңғармаған. Біз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай дейміз. Ал турасы- Қаракерейдің Қабанбайы, Қанжығалының Бөгенбайы. Тілдік нормаларымызға сәйкес бірінші сөздегі ілік септігінің, екіші сөздегі тура толықтауыштың жалғаулары түсіп қалады. Шежіреге сәйкес Төледен Қытай туады. Қытай жиырма алты, кей шежіреде отыз үш жасында, елге танылмай тұрғанында, саятта жүргенінде, бүркіті өзіне түсіп, көз жұмыпты. Артында шежіреге сай, екі әйелінен Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл атты төрт ұл қалады. Атасы Төленің бауырында өседі барлығы. Былайғы жұрт Қытайды жыға танымай, оның ұлдарының кім   екенін біле бермеген соң, оларды Сыр бойының датқасы, жұрт түгел танитын аталарының атымен «Датқа Төленің Қытайының төрт ұлы»,  «Төле- Қытайдың төрт ұлы» дескен. Кейінірек Төле сөзінің соңғы әрпі «е»-  нің жұмсақ дыбысты болуына сәйкес Қытай сөзіндегі «қ»- әрпі жұмсарып, «г» әрпіне ауысады- Төлегетай сөзі туады (Ботакөздің- Ботагөз, Аманкелдінің- Амангелді деп түрленгені секілді). Бұған совет үкіметі ат салыспаған. Бұл қазақ тілінің нормасы.  Сөйтіп, сол кездерден бері «Төле- Қытайдың төрт ұлы» деген тіркес, «Төлегетайдың төрт ұлы» болып, бізге жетті. Нанбасаңыз Төле- Қытай деген сөзді төрт қайталаңызшы. Өзіңіз де Төлегетай деп жүре бересіз. Бұған қидан- қарақытайдың ешбір қатысы жоқ. Шежіреге сай төрт ұлдың әкесінің аты- Қытай. Өкіреш жалқы, одан Белгібай жалқы, одан Сүгірше (Сүйініш) жалқы, оның ұлы Төле жалқы. Шежіренің айтуынша Сыр бойының Елназары- Сүгірше «қытайдай көбейсін» деп немересінің атын Қытай қойыпты. Қазақта Әзірбайжан, Орыс, Қырғыз, Сарт, Өзбек, Түрікпен деген аттар  да баршылық.

Екінші, найман туралы Шәкәрім қажының, Құрбанғали Халидидің, Мұхаметжан Тынышбаевтің кітапқа түскен шежірелерін көне деп айтуға келеді. Бұлар совет үкіметі келмей тұрып тасқа басылған. Шәкәрім ата 1911 жылы шығарса, Тынышбаев 1911- 1914 жылдары жинақтаған. Ал ауызекі шежіре тіпті арыда. Және бұлардың бір де бірі қаракерейді қытайға да, керейге де соқтықтырмайды. Шежіре әлдекімдердің бұрмалауымен совет үкіметі тұсында түзілмеген, одан көп ілгері. Көнеден жеткен. Совет үкіметінің Шежірелерге еш қатысы жоқ.

Көне демекші, қарақытай сөзі қолданысқа Елүй Дашының атымен байланыса келді. Елүй Дашы 1087 жылы туып, 1143 жылы өлді дегенді ғылыми орта қабылдады. Енді қараңызшы, матай мен садыр (шато) ҮІІ ғасырда тарихқа жазылды. Қарақытай атауы бұдан аттай бес ғасырдан соң, ХІІ ғасырда ауызға алына бастайды. Ендеше, логика қайда? 500 жыл бұрын өмір сүріп келе жатқан найманның қара, матай мен садыры, 500 жыл найман болған рулар аяқ асты қарақытай бола қала ма? Әрине, болмайды. Болса, бүгінгі күнге ҮІІ ғасырдағы қара найман, бура, саржомарт, дүрмен, матай, садыр, төртуыл, байыс, байжігіт, тоғас, тума, кетік (кете), көкжарлы, балталы, бағаналы, терістаңбалы, семіз аттарымен жетпес еді. Осы тізімнің өзінен найманның кей рулары бірде қосылып, бірде жеке кетіп отырғаны көрінеді. Мысалы, сол заманда дербестігі бар тоғас, тума, кетік, байыс, байжігіт, семіз наймандар қазір бір ғана қаракерей руының құрамында. Бұдан олардың заты- наймандығы өзгерген жоқ. Демек, қарақытайдың бір бөлігі Күшілік ханның тұсында, одан бері таман найманға сіңіп кетті деген қай жақтан алсаңыз да дәлелді. Сондай- ақ керейдің де елеулі бөлігі қара найманға кірмеленіп, кейін келе біржола найманданды.

Оның үстіне найман хандығымен шекаралас жатқан қарақытай мемлекетінің құрамына наймандардың бір бөлігі кірген секілді. Бұған 1204 жылы Шыңғысханнан жеңілген найманның соңғы ханы Күшіліктің қарақытай ханы Жилгуге келгенінде оны танып қойғаны, өте жылы қабылдағаны дәлел. Қашып, жеңіліп келген адам демей қарақытай ханы үш- ақ күннің ішінде қызын беріп, күйеу бала жасайды және бар әскерін тапсырады. Неге? Себебі, екі мемлекеттің рулық құрамы ұқсас, тегі, тілі, дәстүрі бір, ежелден аралас- құралас- Көк түріктер. Қазір де шекаралық аудандарымызда өзбек, қырғыз, ұйғырмен араласып отырмыз. Рессей, қытай, өзбек, қырғыздың қазақпен шекарасында қазақ аз ба? Сонау замандарда да осылай болған. Ендеше, найманды қарақытай еді деу, білместік. Найман екі мың жылдан бері- найман.

Қайрат Зікірияновтың мынадай пікірін де айта кеткен орынды секілді. Аңыз Көк Түріктерді Қасиетті Бөріден таратады. Байрағымыз- бөрі басты. Ең түпкі тұмар- тотеміміз де бөрі болған. Қазіргі қазақ руларының ішінде бөрі (қасқыр) таңбалы ру бар. Ол- матайлар. Одан бері Шыңғысханның бабалары өздерін «бөржіген» атайды, өздерін бөрімен байланыстырады. Осы үш жағдай жай ғана ұқсастық па? Көне түркілердің тотемін- тұмарын өзге ру емес, матай неге иеленеді?  Матай- бөржігенмен, бөржіген- матаймен туыс емес пе? Матай- Шыңғысханның арғы аталары Бөржігендермен сонау Көк Түрік заманында бір тамырдан тарағандай көрінеді. Қайрат Зікіриянов өте дәлелді айтып жүр. Менің түсінігімде даладағы  ғұн, түрік, қазақ рулары атам заманнан бері әбден қаны араласып кеткен, бір атаның баласымыз, бір қарыннан шыққан- қарындастармыз.

Аңғарған шығарсыздар  қаракерей де, матай да Көк Түріктің, оның ішінде көнеден тамыр тартатын наймандардың кіндік төлдері. Ендеше, қаракерей мен матайдың қос інісі- садыр мен төртуылдың, бауырлары- балталы, бағаналы, көкжарлы, бура, саожомарт, терістаңбалы, дүрмендердің  найман екеніне қандай шүбә болсын. Бесенеден белгілі осы жағдайды таразыға салу онша қажет емес еді. Алайда, Қазақ халқының, қазақ руларының шынайы тарихын зерттеуге тамшыдай болса да үлес қосылсын. Қателессек дау- шарға да барып қажеті жоқ. Ағат кетіп жатсам ғафу өтінемін. Нақтылы деректермен толықтырсаңыздар нұр үстіне- нұр!

 

Камал Әбдірахман,

Астана.

]]>
Fri, 29 Nov 2013 09:55:39 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)қаракерейнайманматайшежіреқарақытайhttps://yvision.kz/post/387278https://yvision.kz/post/387278
Казахи. ТӨЛЕГЕТАЙ БАБААңыз бен аңғарым

Оқырманға

Қолдарыңызға тиіп отырған кітапша 2003 жылы Астана қаласында басылған еді. Бір мың данамен шыққан еңбегіміз тез таралып кетті. Ең соңғы үш данасын «Раритет» Кітап Үйінен өзім сатып алдым.

Одан бері ұрпақтарының күшімен шежіре дерегіндегі Сүгіршіұлы Төлегетай баба мен қайын атасы Қылышты қожаға зәулім кесене салынды. Жыл сайын бабалар аруағына арналып ас беру әдетке енді. Ұрпағының бұл құрметі Атамызды бір аунатқан шығар.

Осы кітапшадан соң бірнеше мақала жарық көрді. Негізі бір ізді,  бірақ тек аңыз айтқан жерлерімізге ілеседі.  Біршамасы қателесіп, Төлегетай бабаның ар жағын Найман деген адамнан, нақтылы пендеден таратады. Мысалы, Талдықорғандық бір  шежіреші найманның ұзын  бойын,  тұлғалы денесін сөз етіпті. Мұндай дерек тек қана Қ. Халидидің «Тауарих хамса» (Бес елдің тарихы) атты кітабінде кездесетін. Алайда мақалашы оған сілтеме жасамапты.  Бұл тарихи тұрғыдан мүлдем қате. Себебі,  найман тарихы Төлегетайдың ХІҮ- ХҮ ғасырда өмір сүрген  арғы атасы Өкіреш Шалмен шектелмейді (мақалашының айтып отырғаны осы тұлға секілді).  Найманның  жеке- дара хандық құруының өзі одан ең кемі  700 жыл ілгері- « ҮІІ ғасырда құрамына найман, татар, қатаған, дүрбен, меркіт, салжуйт, тайжуйт, ыбырат тайпалары енген найман конфедерациясында ». (Ермек Сәлімбай. Ата- баба тарихынан. Алматы 2007 жыл. 34 бет) Одан ары ұмсынсақ,  «юебань» деп қағазға түсірген қытай деректеріне жүгінсек, біздің дәуірімізге дейінгі 20- ыншы жылдарда. (Тұрсын Жұртбай. Дулыға. 1 кітап, 398 бет) Жаңағы мақаладағы Найман Шалмен екі орта 1000 жылдан асады. Өкініштісі- дерексіз  жазылған мұндай мағынасыз дүниелер жұртты адастырады. Найманды кенжелетіп, кейін туғызу- қазақ тарихын кежелету екенін ұғу қажет.

Сондықтан да он жыл бұрынғы еңбегімізге қайта оралған жөн деп таптық. Алдыңғы кітапшамыздағы кейбір эмоцияға ұрынып қалған тұстарын жеңілдетіп, кемшін жерлерін соңғы деректермен толықтыруға ұмтылдық. Алып- қосарларыңыз болса мың рахмет. Тек дерек көзін, қосарыңызды қайдан, кімнен алғаныңызды көрсеткен абзал. Әйтпесе оның еш құны жоқ.

 

І

Тәуба, Ата Бастауға бет бұрдық. Шаң басқан, тұмшаланып, орыс пен Еуропа тарихының тасасында қалған Тарихымызды ала- құладан арылтып жатырмыз.

Ықылымға көз тіксек қасат қарлы терістігімізден- Хан Тәңірлі түстігімізге, Қара Ертістен- Еділ мен Жайыққа дейінгі маң даланы мекендеген бар қазақ баласының емгені бір ғана Ана екен. Ол- Алаш даласының төсі.

Рас, тағдыр тәлкегімен даламызда тұрып қалған жұрт та аз емес. Жыланға  ақ құйып шығаратын халқымыз «елдесеміз» десе оларды кеудеден қаққан жоқ. Солардың  бейтұрым кезеңдерде тентіреп, телімделіп келіп, кең қолтық қазақтың арқасында өсіп- өніп кеткенін ұмыттырмай, ауық- ауық естеріне салып қою қажет.

Бұрындар мән бермеген екенбіз. Қазақтың қамын қазақтан өзге ешкім, ешқашан ойламапты. Есте жүр, талай келімсек билік қазаққа тиген Егемендіктің алғашқы жылдары бізді тастай қашты ғой. Ол аздай бүгіндері қазақты іштен бөліп, өздерін «ақсүйек» атайтын бірен- саран топ байқалады. Соларға таңым бар. Қазақ «сүйек» деп не өлікті, не итке тасталатын мүжіндіні айтады. Аталарымыз ар жағында Елтұтқалары болса керісінше «қаракөктің» ұрпағымыз деп мақтанған. Жалпы, «қара» сөзіне тоқтала кетсек артықтық етпес. Қазақ ұғымы мынадай: қара шаңырақ- осы әулеттегі ең қадірлі, барлығы сәлем сала кіретін үй; Қара Ертіс- Ертістің негізі; қарақұрым- өте көп; Кешудің Қараөткелі- ат- арба өте алатын үлкен өткел; қараша үй- ханға, игі жақсыларға арнайы тігілетін үй. Сонда «қара халық» деген осы елдің көпшілігі, үлкені, осы елдің иесі, осы елдің түп- тамыры деген мағынада. Демек «Қара халқымыз»- мемлекет ұйыстырушы, титулды ұлт болып шығады. Ал әлгілер қазаққа келіп сіңгенін, түбі шикілігін өздері дабыратып айтып жүр. Кірмелік мақтан ба?

Жуырда көп- көрім жігіттің аузынан «қожамыз- пайғамбардың ұрпағымыз» деген сөз шықты. Шайнап- ақ тастайтын сәт еді, араласып жүрген соң жеңіл айттық. Құран Кәрімнің әр сөзі ақиқат, 33- інші Ахзап сүресінің 40- ыншы аятында «Мұхаммет сендерден ешбір еркектің әкесі емес» деген Алла сөзі бар. Демек, пайғамбардан ұрпақ тарататын еркек қалмаған. Азиялықтар, оның ішінде арабтар жиенді ұрпаққа қоспайды. Әулетін ұрғашыдан, анадан тарататын еврейлер ғана. Ендеше, «пайғамбардың ұрпағымыз» дегендер ар жағынан хабары жоқ, немесе арғы аталарын жасыру үшін кеуделейтін болғаны. Сонда, жаңағы  ініме анадай сөзді үйреткен кім? Әрине, дүмше қожаның бірі. Ол қожа өзі ғана өтірікші болмай ат- тонды азаматты сүйрей кетті.

Шүкір, қазақта тегін білмейтін жан сирек. Ең құрыса жеті ата жатталады. Арабтар пайғамбарымызға дейін өздерінің қандай болғанын жасырмайды. Атақты ислам танушы, ислам дүниесіндегі ең жоғарғы марапат- Фатх сыйлығының иегері Амет Дидаттың былай дегені бар: «Бұл ел (саудидегі арабтар) пайғамбарымызды Алла жібергенше бір ортаға бағынбаған, дай- дұй, ішкендері шарап, жасағандары ылық, мейірімнен жұрдай, бірін- бірі тыңдамаған, өз қыздарын өздері тірідей жерге көмген, қанқұмар, адам бейнесіндегі аюандар еді... Бұларға не фараондар, не парсылар, тіпті, Ескендір де шабуыл жасаған емес. Себебі, олардан алатын, үйренетін ештеңе жоқ еді. Керісінше, ол елге жуып кетсе жамандық қана жұғатын. Сондықтан олармен ешкім араласпады, бұлар мешеу қалды. Тек Пайғамбарымыз ғана осындай елді  аз уақытта  түзу жолға түсірді. Бұл Алланың құдіреті...»

Пайғамбарымыз бүгінгі жыл санаумен 571 жылы туады. Дәл осы кезде біз қандай едік? Бұл жөнінде Геродоттың жазғаны: «Скифтердің алғашқы патшасы Тарғытайдан Дарий олардың жеріне енгенше тұп- тура мың жыл өткен...Вавилонды жаулап алған соң Дарий скифтерге қарсы жорыққа аттанады».(Геродот. «Мельпомена. Алматы 2003 жыл. 4 бет.) Бұл қай заман? Вавилонның жаулануы біздің эрамызға дейінгі 514 жыл. Демек осыдан 2500 жыл бұрын әлем таныған, дүрілдеген мемлекетпіз. Ал Мемлекеттік құрылымдар түзілуі, байлығына қызыққан Дарий шабуылдағанда мың- сан халық болуы үшін тағы да ең кемі 4- 5 ғасыр керек. Сонда, бүгінгі қазақтың тура жасы ең азы 3000 жыл. Ахмет Дидат айтып отырған араб елі мемлекеттілігі, бір орталыққа бағынған әлеуметтік, қоғамдық құрылымдары жағынан бізбен салыстыруға да келмейді. Оның үстіне бір де бір қожа өзінің түп атасы араб екенін дәлелдей алмайды. Саудидегі елшілікте қызмет ететін жігіттер былай дегені бар:

-Қазір ел көзінде жүрген бір азамат Саудиде өзінің  ар жағы араб екенін дәлелдемек болып, әлдеқандай шежіре көрсетті. Араб ғалымдары оның қызметін сыйлап қана, «Кешіріңіз, бізден- Саудидегі арабтардан тараған «қожа» дегендер жоқ»-, деп шығарып салды. Ал келесі кездесуімізде әңгімені әрі жалғады-  Біз «ғожа- ғожам» деп арабтардан өзгелерді айтамыз. Бұл сөз Құран Кәрімде төрт рет кездеседі. Ана кісі сол өзгелерден болар» деді. Ал қожалардың негізі парсылар. Дәлел керек пе? Мысалы, бүкіл түркі әулеті парсылар секілді Имам Ағзам Ханафидің мәзһабында. Ал араб дүниесінің мәзһабы бөлек. Арабтар дін таратқан болса неге біз Ханафилерміз? Екінші, Арабтар ғұламаларын- шейх атайды. Парсылар- бап, пір  дейді, біз осы сөздерді қолданамыз.  Баб- тікелей аударса «есік, қақпа» деген мағына береді. Сонда «баптарымыз» дін есігін, қақпасын ашушылар, бізді исламға кіргізушілер болып шығады. Ал пірдің тікелей парсыдан аудармасы- еге, қамқор. Егер, дін бізге арабтар арқылы келсе онда Ханафи мәзһабы қабылданбауы тиісті, әрі шейх деген сөз тілдік қорымызға әбден сіңісіп кетуі керек- тін. Бірақ шындығы бұлай емес. Тіпті, «құдай» сөзі де парсылардан енген. «Тәңір» дегендері.  Әрине, қожалардың ішінде бірен- саран ілесе келген арабтар болуы әбден мүмкін. Десе де олар үлесті емес. Қазір, әсіресе, салфиттік топтар, келсін келмесін өздерінің тегін арабтарға апарып тіреуге құштар. Олардың барлық мұсылман мемлекеттеріннің басын құрап, араб халифатын құрғысы келетіні осы себептен.

Мынадай ақпар бере кеткен де артықтық етпес: «Сәләф» сөзі қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездеседі: «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағына береді. Қазіргі сәләфилер өздерін сол бұрынғылардың жолындамыз дегенімен, шын мәнінде атына амалдары мен іс- әрекеттері сәйкес келмейді. Бұл ағымның негізін қалаған Мұхаммет ибн әл- Уақаб. ХІХ ғасырдың басында өте күшейген уахабилік қозғалыс бірінші жауыздығын жасап, сахаба Зайд ибн әл- Хаттабтың Жұбайдағы сағанасын құлатып, топырағын шашып тастады. Мекке, Медина қаласындағы барлық қабірстанды, тіпті, Айша (р.а) мен Фатима (р.а) аналарымыздың, көптеген саңлақ сахабаларымыздың да кесенелерін талқандады. 1810 жылы Мұхаммет (с. ғ. с.) пайғамбарымыздың мешітін талан- таражға салып, дүние- мүлкін кім көрінгенге сатып жіберді. Ханафи мәзһабын «кәпірлердің мәзһабы» деп жариялады». («Иман» діни- танымдылық журналы. 2011 жыл, №3, (80) Мына сұмдық неден хабар береді? Егер, исламды қазаққа араб миссионерлері  таратса, арабтар ханафи мәзһабындағы біздерді «кәпірлер мәзһабы» дер ме еді? Әрине, жоқ! Өздері таратқандарын өздері қалай «кәпірлер мәзһабы» десін. Осыдан- ақ арабтардың ханафилерді- Осман империясымен бірдей мәзһаб ұстанған түркілерді ту бастан жау санағаны көрінеді. Бірақ олар солай деген екен деп қазақ көші ошарылмайды.

Қазіргі уақапшылар өлген адамға кесене салғанға басы бүтін қарсы. Бұл не айтады? Олар Айша (р. а ) мен Фатима (р. а. ) аналарымыздың, сахабалардың сағанасын бұзғаны анық. Ендеше, уақапшылар бел алмай тұрғанға дейін:

1. Мұхаммет Мұстафа (с.ғ. с. ) пайғамбарымыздың тұсында мұсылмандар өлген адамның басына кесене, сағана салған. Пайғамбардың келіншегіне, қызына, сахабаларға кесене салынуы бұған нақты айғақ. Демек, мола тұрғызу мұсылмандарда пайғамбарымыздың құдай қосқан қосағы мен қызы өлген жылдардан арыда қалыптасқан дәстүр. Дін алашұбарланбай, уақапшыланбай тұрғанда мұсылмандар, қазақтар биік қоршалған молалар салып отырған.

2. Бұған қарсылар-  уақабтар. Қазіргі кезде уақапшылар мола тұрсын, марқұмды еске алып, құдайы ас берген исламға жат дейді. Алайда, бұл да өтірік.

Пайғамбарымыздың алдында жарты әлемді жаулап алған Еділ патшаны туғызған ел едік. Тәңірім онан соң да қазақтың маңдайына Күлтегін мен Білгені, Төныкөктей абызды берді.

Әр дәуірде, әдетте, сол дәуірдің саяси, қоғамдық, экономикалық құрылымдарын жетілдіріп, мемлекетті асқақтататын, өзгелерден оқ бойы озық тұратын Тұлғалар туады. Замандастарынан өзгешелігі, артықшылығы- ертеңін болжай білетінінде. Ол өз тұсындағы ғаламдық эволюцияның алдына түсіп, дамудың, тарихи оқиғалардың ортасында жүреді. Сөйтіп, ол Тұлғаны тек қана өз Уақытымен бірге зерттейсің. Тұлға мен Уақытты ажыратсаң, ісіңнен мән шықпайды. Тұтас зерделесең көп құпия ашылады.

Өкінішке орай Ұлы Бабалар жайлы аңыз, шежірелер осы бір аса маңызды факторлар тоғысын ескере бермейді. Кім бұрын сөйлесе сонікі жөн болып кете береді. Кейде аңыз әлдекімнің ішкі есебіне де құрылады.

Осы айтылған жағдайлар- аңыздың кемшіндігі, шежіренің жетімсіздігі Сүгіршіұлы (Сүйініш) Төлегетай Бабаға да ортақ. Жарықтықты кіндік төлдері осылай есімдейді. Сыр бойы «Төлек атай» десе, үйсін мен дулат арасында «Төлеқытай» деп көзделеді. Баба туралы әңгімені атамыздың осы үш түрлі есімдерінен бастағанымыз жөн секілді. Қазақ арасында өз аты ұмытылып, лақабы сақталып қалу дәстүге енген, таңданарлық жайт емес. Мысалы: Абылай ханның шын аты- Әбілмансұр, Қаракерей Қабанбай батырдың шын аты- Ерасыл. Ендеше, Төлегетай, Төлек атай, Төлеқытай баба туралы бала жастан құлаққа сіңген, жадыда жатталған, ел арасындағы, ұрпақтары сақтап келген қара халықтың сөзіне ден қояйық.

 

ІІ

Ауылда небір шежіре қарттар өтті.Солардан сіңген мағұлұматтарды бір ізге түсірсек мынадай тәлім қалыпты:

-Өкіреш Шалдан Белгібай туады. «Атадан қалған белгі» деп анамыз Ақсұлу қойған екен. Белгібайдан өрген төлді «Сүйініп жүрейік» деп Сүйініш атапты. Кейінірек, Сыр бойына қотарылып, кемел байып, елін шылқа тойындырған соң атаны жұрт Сүгірші деп кетіпті. Белгібайдың жалқы ұлын бірде Сүйініш, келесіде Сүгірші дейтіні содан. Сүгіршіден Төле туады. Төледен Қытай жалғыз. «Көбейсін, қытайдай мол болсын» деп есімін атасы Белгібай қойыпты. Кейде Қытайды- Кітай дейтіні де бар. Дұрысы- Қытай. Қытайдан төртеу- Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Бұларды «Төлегетайдың төрт ұлы» дейді. Төлегетай атамыз өз тұсында Сыр бойында қазы, һакім болып, Елназары аталыпты. Елназар- елдің басы, көсемі дегені екен. Қытай жиырма алты жасында аңда жүргенде өз бүркіті өзіне түсіп, мерт болады. Содан төрт ұл мен үш келін Төле атаның қолында қалды.

Жалпы Төлегетай Баба туралы барлық шежірелерден ақпар алынады. Дені бірін- бірі қайталайды. Тек Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы Қытайдан Төлегетайды туғызып, әке мен баланы шатыстырып алады. Басқа шежірелерде бөтендей ала-құлалық жоқ. Түгендеп, ата таратсақ шежіре мынадай : Өкіреш Шалдан- Белгібай, одан- Сүйініш (Сүгірші), одан- Төлегетай (Төлек ата, Төлеқытай). Қытайдан бүгінгі он ата найманның төртеуі- Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл.

Төлегетайды Өкіреш Шалдан әрі тарататын шежіреші немесе шежіре кездестіре қойған жоқпын. Шежіреге сәйкес Өкіреш Шал менің жиырма бірінші атам. Жиырма үшінші деген  адамды кездестірдім. Сонда Өкіреш Шал  демографиялық өсімен есптесек, менен мөлшері 500- 525 жыл бұрын дүниеге келген. Бірақ бұл кісіге жалпыға ортақ 25 жас берілмейді, Белгібайдың Өкіреш Шал  93- 94 жасқа келгенде туғанын ұмытпау керек. Мен 1949 жылғымын, осыдан 525- ті алсақ мөлшері  ХҮ ғасырдың басы 1425- 1435 жылдар шығады. Бұдан ата жасы  93-ті алсақ 1325- 1335 жылдар шығады. Сонда Ұлы Бабамыз Өкіреш Шал ыңғайы 1410- 1420 жылдары өмірден өтеді. Осындай есептен соң менің шежіремде Өкіреш Шал ХҮ ғасырдың алғашқы ширегін ала о дүниелік болды деген жөн сияқты. Сіз де өз шежіреңіз бойынша Баба жасын шығарып көріңіз, салыстырыңыз.

Ұзақ жасаған атамыз тоқсан үш жасында өскен ұлдары түгел мерт болып,  кіші келіні, үйсін қызы Ақсұлудың қолына қарап қалыпты. Ақсұлу атасын алақанға салып әлпештеп күтіпті. Осыдан кейде бұл анамызды Әлпеш деп те атайды. Анамыз бірде атасының бір балалық белі бар екенін аңғарып қалады. Төркініне сәлем айтып, сіңілісі Тоқсұлуды Өкіреш Шалға қосыпты.

Оның алдында тарақты- арғындар келген екен. Ақсұлу жесірге құда түспек. Алайда анамыз:

-Атамның көзі тұрғанда отын өшірмеймін-,  деп қайтарыпты.

Арғындар ойлайды. «Шал енді қанша жасайды, тосайық». Осы екі ортада Ата көз жұмады. Үш айдан кейін Тоқсұлу ұл туады. Белгібайымыз осы бала. Ол емшектен шығысымен Ақсұлу Белгібайды өз бағымына алып, жап- жас Тоқсұлудың обалына қалмай, орны жақсы жерге мол жасау, мал- мүлкімен ұзатады. Осыдан Ақсұлуды найман іші- «Найманның әулие келіні» атайды. Әпкесіне ене болған Тоқсұлуды- «Қыз еней»  дейді қастерлеп.

Ақсұлу Өкіреш Шалға келесі жылы ұлан- асыр ас береді. Осы жерде арғын- тарақтылар өткен әңгімеге оралып, анамыздың өздеріне қашан күйеуге шығатынын сұрайды. Сонда ақылы астам анамыз мынадай уәж айтыпты:

-Енді болмайды. Менің нақты әмеңгерім, Атамның қара шаңырақ иесі Белгібай туды.

Сөзге тоқтаған заман ғой, арғындар Ақсұлу анамыздың ақылды сөзіне риза болып аттаныпты. Найманның әулие келіні Өкіреш Шалдың шаңырағын жықпау үшін Белгібайды ауызға алғаны бәріне де түсінікті еді. Уақыт тоқтай ма? Белгібай он алтыға толғанда Ақсұлумен некелеседі. Анамыз мұнан кейін Белгібайға кішілікке екі келіншек әперіпті. Олардан қанша қыз бар екені беймәлім, ұлы- Сүйініш. Сүйініш Сыр бойындағы найманның ортасын толтырып, ұлды болғанда Ақсұлу- найманның Әулие келіні дүние жалғаннан өтеді. Бір қуаныш, бір қайғы қатар келген соң ел ырымдап, «Ақсұлу анамыздың орнын толтырар , қайғысын төлер осы ұл болар» деп атын Төле қойыпты.

Қандай ғажап Ақсұлу Анамыздың ісі, өнегесі! Тоқсан үштегі ата келіншек аламын деп ойлады ма? Жоқ, әрине. Құдай қолдаған Ақсұлу анамыздың өзі түскен шаңыраққа адалдығы, Өкіреш Шалдай әулиенің тамырын үзбеу, ұрпағын жалғастыруға деген қам- қарекеті.

Сізге ұсынып отырған еңбегіміз «Өкіреш Шал» деген есімді талдамай кетсек толық болмайтын сияқты. Сөз арасында бұған да аз- кем тоқтала кетейік. «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегінде тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженхан былай жазады: «Найманның әкімшілік атауы «шал»... «Жамиғат тауарихтың «Шыңғыс хан» шежіресінде Найман Күшіліктің аға- қарындастары мен руы туралы әңгімеде осы сөз бар: «Әлин- Шал», «Тару- Шал», «Баян- Шал» және «Түңге- Шал» төртеуі ағайынды. «Шал»- ханзада деген мағына береді.» (Қазақ Ордасы. Алматы. 2003 жыл, №3. 13 бет)

Өкіреш Шал моласына Самарқанның түбіндегі Өзбек наймандары 1988 жылы белгі қойыпты. Темірден жасалған осы белгіні өзбек Өкірач наймандардың рұхсатымен 2010 жылы қазақ Өкіреш наймандары барып ауыстырдық. Биіктігі 3 метр, ені 1,5 метр еңселі құлпытас қойып, найманның тоғыз таңбасын тасқа бастық. Екі күн ас бердік. Осындағы Қара, Өкірач, Қызыл, Дүрбен наймандар «өкірач» деп кішкене бұқаны атайды екен. Күшілік ханға дейін тұтас Найман қазақ, өзбек, татар, ноғай, қырғыз, түркімен, әзірбайжан, мыңғұл, башқұрт, қарақалпақ, алтайлықтар ішіне тарап, бөлініп кетпей тұрғанында  найман хандарына үнемі «бұқа»сөзі қосылып отырған. Мысалы: Арық Бұқа, Семіз Бұқа, Инанығ Білге Бұқа, Байбұқа, Тайбұқа, Кетбұқа, Келбұқа. Енді түсіндіңіз: Өкіреш дегеніміз ханнан кіші- Ханзада. Ертеректегі «Шал» атауы наймандардың бөлшектенуіне байланысты алғашқы мағнасы ұмытылып, «Өкіреш» атауы қолданыла бастаған. Екі сөздің мағнасы бір. Осылай қосақталып аталу қазақ тілінде жиі кездеседі. Мысалы: Баян- сұлу, Шолақ- Мұқыры, Ақ- шаған, Тоқты- барлық. Осындағы баян, мұқыры, шаған, барлық сөздерінің қазақша аудармасы- сұлу, шолақ, ақ, бір жылдық төл немесе тоқты. Сонда «Өкіреш Шал» дегеніміз- ханзада екеніне дау жоқ. Мұны да біле жүрген жөн.

Енді басты әңгімемізге қайта оралайық. Сырдарияда, найманның берекесі тасыған кезде Төле Сүгіршұлы дүниеге келді. Анықтап көрсетеріміз- мұның барлығы аңыздар, шежірелер арқылы жетті. Тарихи мәліметтерді алдыларыңызға тартпас бұрын даланың ауыздан- ауызға беріп келген мұрасын келтіре кеткенді жөн санадық.

Алдыда айттық, Ата есімі үш түрлі аталады: Төлегетай, Төлек атай, Төлеқытай. Шежіреде Қаракерей, Матай ,Садыр, Төртуыл Қытайдан туса да «Төлегетайдың төрт ұлы» делінетінін жаздық. Себебі мынадай секілді. Біз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай дейміз. Бірақ екі сөзді де қысқартып тастағанымызға мән бермейміз. Дұрысы- «Қаракерейдің Қабанбайы», «Қанжығалының Бөгенбайы» ғой. Бірінші сөздегі ілік септігінің, екінші сөздегі тура толықтауыштың жалғаулары түсіп қалды. Осы тұрғыдан келсек балалар «Төленің Қытайының төрт ұлы» болуы тиіс. Қысқарта, «Қаракерей Қабанбай» дегендей етіп атасақ, «Төле- Қытайдың төрт ұлы». Енді қараңыз, Төлегетай мен Төле Қытай аса жақын естіледі. Оның үстіне қазақ тілінің нормаларына сәйкес ұяң «е» әрпінен кейінгі «қ» әрпі де ұяңданып «ғ», «г»- ге айналады. Сөйтіп, «Төленің Қытайының» деген сөз алдымен қысқарып, «Төлеқытай», онан соң «қ» әрпі «г» деп естіліп, «Төлегетайдың төрт ұлы»  деген тіркес пайда болғаны көрінеді. Бұл менің жорамалым. Дау туғызытын мәселе емес. Сіз дәлелді пікір ұсынсаңыз құба- құп. Адал ниетімізбен қатеге ұрынсақ аруақ кешірсін. Осы тұста кідіріс жасап манадан бергі ақпарларды , оймызды, болжамдарымызды бір қорытындылап алайық:

1.Көне найманның ХІҮ- ХҮ ғасырда өмір сүрген ханзадасы Өкіреш Шалдан- Белгібай. Белгібайдан- Сүйініш (Сүгірші). Сүйініштен- Төле. Төледен- Қытай. Қытайдан- он ата, тоғыз таңбалы найманның төртеуі Қаракерей, Матай Садыр, Төртуыл тарайды. Жалпы ұраны- «Қаптағай», таңбасы «Ү»- бақан.

2.Шежіре мен шежірелердің ауызекі бізге жеткізген бұл бұтақ бойынша тізбесі осындай. Толығырағы, дәлірегі де осы секілді. Тағы айтамыз, бұл нақтылы тарихи факті болмауы әбден мүмкін.

3.Көздеп отырған бабамыздың дұрыс аталуы- Төле, оның ұлы Қытай.

Үш мәселені шешкендей болған соң Төле атамыздың жеке өзіне, ғұмыр кешкен заманына, Атамыз кім болып еді деген түйінді мәселелерге көшсек.

 

ІІІ

 

1917 жылғы қарашада өткен Түркістан мұсылмандарының түселінде (сьезінде)  Түркістан  Автономиясы құрылды. Қазақ халқының неше мың жылдық тарихында тұңғыш рет мемлекеттік құрылымға Премьер- Министр лауазымы енгізіліп, Автономияның Премьер- Министрі болып алғашқы қазақ теміржолшысы, тарихшы, этнограф Мұхаметжан Тынышбаев сайланды. (М. Тынышбаев. Қазақ халқының тарихы. Алматы «Санат 1998» жыл, 9 бет) Мұхаң  патшалы Ресейдің ІІ Думасына депутат кезіндегі өмірбаянында «1879 жылғы 12 мамырда Жетісу облысы, Лесі уезі, Мақаншы- Садыр болысындағы Жыланды тауында тудым» деп жазады.

Ал Төлегетай бабасы жөнінде « Менің әкемнің айтуынша 16- ыншы атам» дейді. (М. Тынышбаев. Материалы к истории киргиз- кайсакского народа. Ташкент, 1925 год, 16 стр.) Сонда, әр атаға 25 жылдан берсек, 16 атамыз тұп- тура 400 жыл. Тынышбаев туған 1879 жылдан 400 жылды алсақ, Төлегетай баба мөлшері 1470 жылдары өмірге келген деп топшыланады. Бұл М. Тынышбаевтың әулеті бойынша.  Мана менің әулеттік шежіремде  Өкіреш Шал  1410- 1420 жылдары өлген дегенбіз. Төле- Шалдың  үшінші ұрпағы, демек 75 жыл кейін туады. Мұны қоссақ Төле мөлшері 1485- 1495 жылдары ана құрсағынан шыққан. М. Тынышбаев пен менің ата таратудағы айырмашылық бар- жоғы 15- 20 жыл. Сондықтан осы кезеңді межеге алған дұрыс сияқты. Тынышбаев аңғарсаңыз шежірені тарихи факт ретінде қарамай «әкемнің айтуынша» дейді. Мұны әмісе назарда ұстау қажет.

Бұл қай кезең? Осы тұста Шайбаниден тарайтын Әбілхайыр ұрпағы тізесін батыра берген соң, Жошы ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек арғын, найман, керей, қыпшақ қатарлы рулардың басын қосып, қазақ хандығын құра бастаған қазақ халқының тарихындағы ең маңызды мезет- ті. Бұл іске атамыз бәлендей араласа алды ма? Белгісіз. Бірақ Төленің сақайған шағы 1511 жылы таққа отырған атақты Қасым ханмен тұспа- тұс. Атамыздың жауға да, дауға да төте түсетін, кесіп билік айтатын, ел көзінде жүретін дер шағы. Тарихи, әлеуметтік, қоғамдық оқиғалардың Қасым хан бастауымен өрге жүзген кезі. Қазақ шығыста Жетісудан әріге, батысында Еділ- Жайыққа аяқ артып, терістігі Арқаға, түстігі Алатаудан Сырға дейінгі кең далада көшіп жүретін халге жетті. Қасым хан қазағына тыным, береке әкелді. Ел тойынды, қазақ ешкімнен ықпайды. 200 мың  әскер атқа қонатын қуатты мемлекет.

Айтулы осындай сәттерде найман қандай еді? Жауапты қазақ тарихшылары бүтін мойындайтын Мұхаметжан Тынышбаевтан аламыз. Ғалым: « 100 жыл, 1500- ден 1600 жылға, тіпті, 1625 жылға дейін...наймандар аса ірі саяси роль атқарды. Олар басқа руларға қарағанда жан санының артықшылығына сүйенді.» деп жазады. (Материалы...17 стр.) Ендеше, қазақ хандығының төрдегі бір орны, шаңырағының бір керегесі- Наймандікі. Найман бар саяси шешімдердің бір тұтқасын ұстаған. Демек, Төленің мемлекеттік істерге араласуының алғы шарттары түгел. Оның үстіне Төле ата жағынан қандай өрлі болса, нағашы жұрты да сондай әлді. Арғы Анасы Ақсұлу да бергі апасы Тоқсұлу да қабырғалы қалың үйсін. Ата жұрты- алға аттаса аяғы, нағашы жұрты сүйенсе- таяғы. Бұған әкесі Сүгіршінің асып- төгіліп жатқан байлығын қос.  Мұндай жұртпен, дәурені жүріп тұрған найманмен ынтымақты, ағайын- ажын болуға әркім мүдделі еді. Осылайша  қалыптасқан тарихи жағдай, наймандардың қазақ қоғамындағы саяси- әлеуметтік орны Төлені сөз жоқ халықтың алдына шығарады. Тыңғылықты білім алған, мұсылманша сауатты бала аса зерек болып өсіп келе жатты.

Сонау замандардан бала Төле туралы аңыз көп жетіпті. Төле жалғыз ұл десек те Сүгірші байдың қыздары баршылық екен. Қолы жомарт, бай нағашы атасының үйіне жиендері топырлап келе беретін көрінеді. Бірде Төле осының себебін сұрапты. Сонда әкесі Сүгірші бай:

-Әй, балам-ай! Жиен серкелерінің санын алып жүреді де!- деп жауап береді.

-Онысы қанша еді?

-Жиендерің серке орнына түйе алса- үлең азаймайды, ат сұраса- үйірің ортаймайды. Мөңіре мен маңырамадан қолдарын қақпа. Сенің сиыр мен қой- ешкің көп пе, әлде Сырдың салпаң құлақ қояны мен жортқан сәйгегі көп пе, біліп болған ешкім жоқ. Жиендер нәсібін қалап ала берсін. Ырзықты бөліп жеңдер.

Сөз түйінін түсінген Төле бала нақ осы кезде артында қалған аталы сөздерінің алғашқысын айтыпты. Арада 4-5 ғасыр өткемен елбастар, жалын атқан жастың сөзі бізге тұтастай жетіпті:

-Ұқтым әке! Қарты ортақтың- қазаны да ортақ екен!

Әңгімеге куә жұрт мынадай тапқырлыққа таңдай қағып, бата берісіпті. Қазаққа ғана тән, алатыны да, қосатыны да жоқ, бас- аяғы бүтін ғажайып нақылдарын атамыз осылай бастапты. Төле ұстаз алдына қаршадайынан барыпты. Шәкірт кезіндегі мына аңызды тыңдаңызшы.

Сүгірші ақсақал- қарасақалдарды жиі жинап, дастарханға шақырады екен. Әңгіме мол. Сондай сәтте үйретуші- қожа:

-Өткенде Төле менің малымнан он марқаны бөліп әкетіпті. Себебін білгеніңіз бар ма?- дейді.

Әке хабарсыз екен. Қанша жерден байдың, бардың баласы десе де Төле қатар- құрбылары секілді қозы бағып жүрген.  Шақыртады.

-Алдым!  Алдым. Әне кезде дарияны жағалай жұтаң ауыл келіп қонды. Талғажулары жоқ, көш үстінде екен. Содан шәкірттер ақылдасып, қожалардың қозысынан таңдап- таңдап, ерулікке онын бердік. Қожаға «Қозыларыңыз қой болып, өсіп жатыр» дегенмін. Бұл – он. Ал рұхсатсыз алған айыбымды әкем өтесе, он үш-, дейді өзіне- өзі билік айтып, келіспей істеген айыбын үш қойға бағалап.

Мұхаммед Салихтың «Шайбани намесі»  мен Әбілғазының «Хандар шежіресін» оқыған адам мынадай деректерге қанығады. 1508 жылы Қобыз Найман Марының және оның маңының датқасы. Бұл сол тұстағы аса ерекше жағдай. Хан, төре емес, қарадан- көптен шығып, халық басқарған аздың бірі осы Қобыз баба екен. Алла сәтін салса бұл жарықтықты да зерттеу қажет.

Қобыз датқа салған жол кейін әбден дәстүрге айналады. Сол Марыны 1530-1550 жылдары Найман Жолым би басқарады. Айырмашылығы “датқа” енді қазақыланып “би” деп аталыпты.

1570-1580 жылдары Түркіменнің ханы Санжарды мырза қамауға Найман Құлмұхаммет би ұстап отыр. Бар билік қолында. Санжар хан елдің әбден зықысын шығарған соң мынадай төтенше шара қолданған.

Осы тұста Балхта да наймандар мәртебелі. Датқалары- Найман Назар би.

Есіл- Ұлытау арасындағы бар билік Балталы- Бағаналы наймандарға тиесілі.

Одан әрі қарасақ Жалмұхамбет бидің желбіреген туын көреміз. Самархан өзбектерінің, қырғыз, ноғайдың біріккен қолын шабуға Бабахан хан жасақ жинап жатыр. Маңдай алғы негізгі қол, әскери билік найман Жалмұхамбетке берілген.

Бұл деректерді мақтанға теріп отырған жоқпыз. Әр нәрсенің айтатыны бар. Кез- келген тарихи Тұлғаны өскен ортасынан, сол заманғы барлық оқиғалардың жиынтығынан, солардан шығатын қорытындылардан бөліп қарауға болмайтынын жоғарыда айтқанбыз. Мысалдардан Белгібайұлы Сүгірші, Сүгіршіұлы Төле ғұмыр кешкен кезеңдерде олардың аталастары- Наймандардың мемлекет ісінде алатын орны, қуатты саяси күші, малды, шелді ру екені анық көрінеді. Саяси биліктегі топ жекеменшік формасы бар қоғамдық құрылымда байлыққа ие болады. Тек кеңес дәуірі бұған қарсы нышандарын байқатқан. Сол нышандар ақыры түбіне жетті де.

Аңыздың азды- көпті қосатыны, уақыт бірлігін сақтамай ерте мен кештің арасын жалғай беретіні бар. Солай десек те Сүгірші әке малды болғаны дау тудырмайды. Сүйініштен- Сүгіршіге, ел- жұртын тойындырып, киіндірушіге айналғаны бір болса, жаңағы әңгіме байлығы асып жатқан адамға тән. Оқиға Сыр бойында өрбігеніне дау жоқ. Наймандардың алды бұл тұсқа XIII ғасырдың басында жеткені белгілі. Осы өңірде өсіп- өрбіген.

Бір аңызда ғана Белгібай 35 жасында өліп, Сүйініш (Сүгірші) ІЗ-інде жетім қалады. Барлық басқа деректерде Белгібай қашан өлгені көзделмейді. Біз, Төле 20- ларға келгенше атасы Белгібай тірі деген ойдамыз. Себебі, Белгібай 16- сында үйленіп, Ақсұлудан Сүйінішті көргенін сөз алдында айтқанбыз. Бұл Белгібайдың ең ары дегенде жиырма бестен аспаған кезі. Белгібайдың ұлы Сүйініш те ерте отау құрғаны анық. Олай десек жиырма бестерінде Сүйініш те Төлеге әке болмақ. Бұл есеп Төле жиырмаларға жеткенде әкесі Сүгірші 40- 45- те, атасы Белгібай 70- терде екенін көрсетеді.

Қалай десек те ел арасындағы аңыз Төле үйлі- баранды болған шағында әкесі тірі екенін жазбай айтады. Бүған жеке тоқталып отырған себебіміз бар. Сыр бойында, Төленің сүйегі жатқан Жаңақорған, Қызылордада екі дерек айтылады. Бірінде, тұттай жетім қалған Төлені қожалар асырайды, өсе келе әлде өгей, әлде жетім қыздарын береді- міс. Екіншісінде, Төле мұнда егделене, жігіт ағасы болғанда Қылышты қожаның атын естіп, алыстан келеді, қойшылықты сұрап алады, кейін Қылышты ата Төленің қасиетті екенін біліп, оң жағынан орын, қыз береді- міс. Ұзын-  ырғасы осы.

Рас дер едік. Егер жоғарыдағы Сүгірші мен Төленің арасындағы аңыз бізге жетпесе, әкенің аса қорлы, беделді адам болғанын уақыт ұмыттырса. Мүмкін дер едік- қазақы, рулық жол- жораны білмесек. Сондықтан да екі аңыз шикі, ішкі есепке қүрылғаны көрінеді. Төленің ұрпақтары Арқаға көшіп кеткен соң баба ғұмырын әлдекімдер бұрмалап, қажетіне ыңғайлаған сыңайлы.

Себебі: Бізге- Төленің тікелей ұрпақтарына аталарымыздан жеткен аңыздар Төленің жастай жетім қалмағанын анық айтады. Үйлі- баранды шағында әкесі Сүгірші тірі. Атасы Белгібай да жетпіс бестердің үстінде. Ол тұста адамдардың ұзақ жасайтынын, денсаулықты болып келетінін назарға алсақ, ата да немересінің қызығына ортақ.

Төле Сырдарияға егде шағында келді немесе жетім бала еді десе сан тарау сұрақ жамырайды:

1.Төле Сыр бойына егде кезінде келсе, қай кезде қырық жыл ел басқарады?

2. Салт басты- сабау қамшылы  жат адамды сол маңдағы рулар  қалай ғана қазы, онан соң датқа, онан соң елназары сияқты аса елеулі қызметтерге қояды? Екі шылбыр, бір тізгінді бөтен, соңында қабырғалы тірек руы жоқ адамға неғып ұстатады?

3.Өз азаматтары жоқ па?

Бұл орынды сұрақтардың жауабы: Төле Сыр бойында туып- өскен. Дария жағалауындағы сол кезде жан саны ең мол найман болған соң бар билікті ұстап отыр. Осындай, ап- анық, өзі сұранып тұрған, қарапайым әрі өте дәлелді себептерді шындық іздеген адамның көрмеуі мүмкін емес. Ал жалған сөз жүгірткісі келгендерге ем жоқ. Ондайларға,  тек , аруақ кешірмеуі мүмкін екенін ескертіп кетпекпіз.

Ауыз әдебиетінің, аңыздың оқиғалар тізбегінен жаңылып отыратыны бар. Онымен де қоймай, оқиғаларды, адамдарды, жер атауларын ауыстырып алатыны жиі кездеседі. Мұның бір мысалы  садыр Асау батырдың басынан өткен. Батыр егделене келе:

-Төлегетай атамның жанына барып өлемін. Әйтпесе, Сыр бойы Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл найманның бір мекені екенін ұрпақ ұмытып барады. Мен жаңғыртайын-, деп егделенген шағында Төлегетай атасының моласына шырақшы болып, елінен кетіп қалыпты.

Қалған өмірін бабасының басында өткізіпті. Моласы- Төлегетай атаның аяқ жағында, сол жақ босағадан сәл ішкері. Өзі- Садыр руынан. Бүгіндері «Садыр- Асау» аталатын үлкен тайпаның түп бастауы. Бұлар Асау аталарының Сыр бойындағы Төлегетай моласына жерленгенін естерінде ұстап отыр. Мұны М. Тышышбаев та жазып қалдырған. Міне, осы Асау батырдың егде шағында атасына шырақшы болып келгенін бәз біреулер Төлегетай бабаның ғұмырнамасына жамай салған. Сыр дарияда туған Төлегетайды егделенгенде келген деп шатыстырып отыр. Өздері лағы кеткенімен қоймай бас пайдалары үшін жұртты да адастырмақ. Олар бір нәрсені: Төлегетай атаның артында іздеушісі- сұраушысы бар екенін, ұрпағының ақ- қараны ашып отыратынын ескермеген.

Қазақ, қазақ болғалы жетімін, жесірін қаңғытып жіберген халық емес. Даламызда бұл берік орныққан қағида. « Аға өлсе- іні мұра»  осыдан шыққан. Бұл біреуге әйел әперейік немесе күйеу тауып берейік дегендікпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Әңгіме ұрпақ мәселесінде. Осы рудың баласы, осы руда қалуы керек. Жатқа жіберу, жалға беруге дала салтымен тиым салынған. Ата дәстүр мұндайды кешірмейді. Мүтілім ру атына сын. Ел ағасының бетіне түскен таңба. Сүйекпен ғана кетер қорлық. Бүгін ғой жетім балар үйі ашылғаны. Жесірмен бірге ұлдың кетіп жатқаны. Ол заманда    тентіреп қалған жесір, телімдеп кеткен жетім болмаған.

Сыр бойында, 1500 жылдары наймандардың іргелі қауым, ықпалы күш, Қазақ хандығының негізгі бір тірегі ретінде көрінгенін айттық. Дәлел асып-төгіледі. Ендеше, Сүгірші сияқты текті атаның ұлы, жетім қалса да кісі есігінде жүрмейді. Елі, жұрты халқын асыраған Сүгіршінің жақсылығын үмытпайды, шаңырағын жықпайды. Бұл да Даланың жазылмаған, бірақ бұлжымайтын Заңы. Алайда асып- төгілген Сүгірші, шүкір, тірі.

Жаңағыдай- Төле жетім немесе сақа жігіт шағында Сырға келді деу қазақтың жаратылысын, ырым- салтын, Далада ғасырлар бойы орныққан, хан да, қара да бұза алмайтын, бүгінгі тілмен айтсақ, Ар Кодексін белінен басу, осылардан хабары жоқ адамның білместігі. «Қасақана айтты» дегенге ауыз бармай отыр. Қалай десең де аққа қара жаққандай тігісі де, жыртығы да бадырайып тұр. Кесауат қана. Осы тұста бір ой келеді. Бұл менің ойым. Ұнаса қабылдарсыз. Төле сақа жігіт шағында келді дегенді екінші сөзбен айтсақ,  қожалар атамызбен сақа жігіт кезінде танысты деген сөз ғой. Ендеше, тереңірек үңілсек, керісінше, қожалар Төленің сақа жігіт шағында Сыр бойына орналасып, Сүгірші байдың еліне, дарияның жағасындағы қазақтарға сіңген. Бұлай деуге дәлел бар. Егер қожалар ол жерде ежелден отырса Қылышты қожа жарықтықтың ата- анасының, арғы аталарының молалары ол жерде неге жоқ? Жазу- сызуы бар қожалар сол маңда Қылышты қожадан арғы сүйектері болса ұмытпаса керек. Олар Орхын- Оныннан бері құлаған, Таулы Бадахшанға дейін аяғын созған, Самарқанның түбіне Төленің үшінші атасы Өкіреш Шал ханзаданы жерлеген, өз даласында еркін көшіп жүрген найман емес. Қазақтан тиген жерінде отырған-  жатақ.

Қазақ «Жігіттің жақсы болмағы- нағашыдан», «Жігіттің үш жұрты бар, жанашыры- нағашы жұрт»  дейді. Өскелең жиенді мақтан көрген. Намысқой Үйсін жиені Төле мен қызын бір үзім нанға не қылса да зар қылғызып, көрінгеннің есігіне телміртіп қоймайды. «Жиен- ел болмас» десе де қызының көз жасын арқалаған қазақ жоқ. Ақыны мен шешені күнде сөз таластырып, қақтығысып жатар қазекем «жиенің қаңғып жүр» дегенді естіген күні-өлгені. Немересінен жиенін алабөтен көрген қай қазақты атай аласыз. Өзіміз де жиенбіз, жиеніміз де бар. Бөлеріміз қане оны немеремізден.

Өзім нағашымның қолында өскенмін. Маған, менің нағашым Сұлтанайдай нағашы ешкімде болмағандай көрінеді. Нағашымды “Папа”, әкемді “аға” деп, екеуін де бақиға жөнелттім.

Оны айтамыз, жиенін өсіріп, отау етіп шығарған, әкесінің атын ұмытқызбаған, ата жұртына шығарып салған мысал аз ба? Талдықорған өңірінің Кербұлақ ауданында Жалайырдың Андастары тұрады. Осы атадан Арғынбай ұрпақтары өрбиді. Солардың бірі Сейіткерей Нұрланбаев ақсақал мынадай әңгіме айтады: «Арғынбай бабамыздың анасы найманның Қаракерейінен екен. Ата-анасы ерте өліп, нағашылары «Осы баланы бізге беріңдер. Қызымыздың көзіндей көріп жүрейік» деп алып кетіпті. Кейінірек әйел әперіп, еншісін бөліп, мал- жанымен Жалайырға жеткізіп, табыстапты. Құрдастарымыз бізді қажағанда «наймандар», «шеттібай» деп қылжақтайды. Біз намыстанбаймыз. «Сондай нағашың бар ма!»  деп жеңістік бермейміз.

Міне қазақы нағашылық деген. Демек, жоғарыдағы Төленің жетім қалып, қожаға сіңуі тіпті қисынсыз, түбірімен жалған. Қазаққа келіп сіңген қожалар ғой.

Мұндай келеңсіздіктің белең алуы Төле ұрпақтарының Сырдан көшіп кетуі, қоныс ауыстыруына байланысты. Ата тарихқа абай қарайтын, шындықпен жалғанның ара жігін ажыратып отыратын шежіре иелері Сыр бойында қалмаған соң, «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа болмаған соң әлдекімдер сыңар езулеп, әу бастағы оқтай түзу шежірені еркінше шимайлаған.

Жанға бататыны, Найман тарихы- қазақ халқы тарихының бір керегесі екенін білмеуде. Қазіргі кез- келген қазақ руларының өткенін бұра тарту барлық қазақ халқының тарихын өзгертуге талпыну болып табылады. Себебі, қазақ тарихы- Қазақ хандығы Туының астына біріккен ру- тайпалардың тарихы. Солардың ерлік істерімен, қаһармандығымен ғана бүгінгі дәуренге жеткеніміз анық. Ал, жекелей найманға келсек, Н. А. Аристов ХІІІ ғасырдың басында  Жошы әскерінің  бір бөлігінің Шайбандардың қолбасшылығымен  бүгінгі Сырды бойлай, одан әрі Хорезм, Бұхараға жазыла қоныстанғаны тұрғысында былай дейді « Шейбандармен келіп қоныстанған негізгі рулар- ұяс, дүрмен, қият, қоңырыт, уйсін, найман» (Н. А. Аристов. Усуни и киргизы или кара- кигизы. Бишкек, 2001 г. 370 стр.) Ары қарай бүкіл әлем мойындайтын ғалым осы рулардың ішінде ең жан саны көбі де, өте ықпалдысы да наймандар екеніне баса назар аударады. Ендеше , Төле жігіт болғанда қожалар ел ішінде ауыса жүріп, аса жомарт Сүгірші байға қоңсы қонды деген орынды.

IV

Әдетте, халықтың рухани қазыналарын білмеу, түркі тегінің жаратылысы мен тыныс- тіршілігін түсінбеу осындай қиыспайтын, әлдекімнің сойылын соғатын еш негізі жоқ аңызға әкеліп соқтырады. Аннан бір, мыннан бір жұлып алған, ұлттың мінез- құлқынан, характерінен тыс жатқан, жүйелі зерттелмеген  мұндай қияли аңыз ешкімге аброй әпермейді.

Басын ашып алдық- ау деймін. Төле ат жалын тартып мінгенде әкесі әлі тірі. Атасы да қаусаған қарт емес. Ендеше жетім Төле жайлы кесауат бейпіл ауыздан, белгілі мақсат қуып шыққан. Түйсікті жанға ол не мақсат екенін тауып алу түкке тұрмайды. Бұра тартушы өзін зорайту үшін қиыс тартқан.

Сыр бойындағы Төле баба жайлы басталуы дұрыс болса да, аяғына жетпей кегежесі кейін тартып тұрған аңыздар өздерімен- өздері іштей шатақтасып жатады. Мәселен, бір жылы Төле қыстың ауыр болатынын біліп, малдың өрісін іздеп, қойды айдап, ту алысқа кетеді. Жырақтығы сонша, ешкім Төленің қайда жүргенін білмейді. Содан көктемнің аяғында малын төлдетіп, бірақ келеді.

Осы әңгімені тыңдаушылардың ішінде көне сөздердің, аңыздардың білгірі, ғылым докторы Тұрсын Жұртпай бар- тын. Бірден маған бұрылып:

-«Тоқтарқожаның амалы»-,  деп салды.

Біз түсініп тұрғанбыз. Бұл оқиға Төле бабаның оныншы ұрпағы Қаракерей Қабанбай Батырдың төртінші атасы Тоқтарқожа аңызының нақпа- нақ көшірмесі. Бір- ақ айырмашылық бар. Төле Сыр бойында- қой, Тоқтарқожа Арқада- жылқы айдап кетеді.

Мүндай аңыз Төлеге байланыстырылып тек Сыр бойында сақталған. Ал бабаның төрт немересінен тарайтын қалың жұрт мұны естімеген. Білетіндері Тоқтарқожаға байланыстысы. Байыс бидің жылқысын, жұт боларын алдын- ала болжап, Омбының етегінен Қорғалжын көлінің қалың құрағына құлатыпты. Екі орта алты жүз шақырымдай. Ол барлық шежірелерде, барлық шежірешілерде бар. Ара- тұра шежіренің де, шежірешілердің де дай- дүй, қиюласпайтыны болады. Бірақ Тоқтарқожа туралы ондай әлі кездескен емес.

Бұған да амалдап сенуге болар еді. Алайда, төрт түліктің қыр- сырына жетік қазақты қайтіп алдайсың? Ауылда өскен кез- келген қазақ Төле сонша алысқа қой айдап кетті дегенге құлағын кессең де сенбейді. Жыраққа жылқы айдалады. Жүрсе жер өндіреді, төзімі тастемір, тебіндей береді. Ал қой- ешкі ешкім білмес өңірге айдалмайды. Қорасыз, түнемелсіз жолай өзі- ақ қырылып қалады. Ендеше, мал жайына жетік Төле қойды жапан түзге қумайды. Бұл аңыз да негізсіз. Бірақ осы оқиға керекті адамына керемет қызмет қылады. Екі бірдей әжетке жарайды:

1.Төле баба өмір бойы қожалардың қойшысы ғана  екенін  дәлелдеуге;

2. Осындай қойшы өгей қызды алды деп шатастыруға;

Біз, бұл аңыз кейінірек, Тоқтарқожаның Байыс жылқысын аман алып қалғанын естіген біреудің өзінше түзбесі деген ойдамыз. Бірақ «Өтірік- өрге баспайды». Бұған көздеріңіз жетті.

Тарих деген қызық! Кейде көздегеніңе жете алмай діңкелей бастағанда қарапайым арифметика жағдайды алдыңа жайып салады. Келесіде қой өрісіндегі шиыр әлгіндей қатені «міне» деп көрсетіп береді.

Дария бойынан Төленің су тапшы кезде аса таяғын жерге ұрып, сол сәтте бұлақ пайда болғанын құлаққа құйып қайттық. Бұл да өте таныс. Аңыз шіркін бір елден екіншіге көшіп жүре береді. Айырмашылығы- сәл өзгертіліп, жергілікті жерге, оқиғаға байланысты ыңғайластырылады. Мысалы, Албан Райымбек, Садыр Жомарт батырлар, Қақал әулие де бірі найза, екіншісі аса таяғымен, тұп-тура осылайша су шығарады. Бұлар ауыз әдебиетінде сақталған. Белгілі жайттар. Десек те, солардың барлығының шындығы да бар. Ұлы Батырларымыз,Төледей білімді, тоқығаны, дана әке Сүгіршіден көргені бар аталарымыз жер жадысына аса жетік, айта берсең көріпкелдігі болған. Өскен өлкенің суы мен нуын жіті айырған. Сөйтіп, бастау шығар, мал жұтамас өңірлерді дәл көздетіп отырған.

-Мына жерді қазыңдар-, деп нұсқаған.

Бабасын дәріптеуге жалықпайтын қазекем найзамен, аса таяқпен су шығарудың негізінде осындай болжамшылдық жатқанын қиялға бұрып жіберген. Аңыз- жырлар әсерлеуге, динамикаға, мифологиялық сарынға қарай ауыса береді. Бұл артық туған бабаларды биіктете түсу үшін қолданылатын ауыз әдебиетіндегі тиімді тәсіл.

Жұртымыз оларды «әулие»  атайды. Шынына келсек мұндай қасиет әулиеге ғана тән. Тегінде, «әулие» сөзінің арабшадан аудармасы- Алланың досы. Жаратқан иеміз жолын түсіріп, Мекке, Мединеде Раббыма құлшылық еткен кездерімізде шариғатқа, ислам ілімдеріне азды- көпті сусындадық. Сонда білгеніміз, қазақы түсініктегі әулие мағынасы тарылып кеткен. Біз әулие деп дін жолына әсіре берілген, сәуегейлігімен танылған бабаларымызды қастерлейміз. Әрине, олар әулие. Ал шейхтардың айтуынша, мысалы, бір елге егін себуді үйреткен адам- әулие. Халқына қорған болып, жауына дес бермеген, ел- жерін қорғауға бас болған Хан, Батыр- ол да әулие. Себебі, олар мұсылман үмбеті үшін қан төккендер. Және де жадыға түйгеніміз- әулиелік Алла Тағаланың рахымымен ғана қонады. Алла Тағала өз құлдарының қамын жесін деп әулиелерді, көп ішінен таңдап алады екен.

Сыр бойында аңғарғанымыз кез- келген нәрсеге діни астар берілетіні. Барлық оқиға, әсіресе, ата тарату басын діни өзектен алады да, қожаларға соқпай кетпейді. Мәселен, Төле бабаның шығу тегі қожалар түзген шежіре бойынша мынадай: Бөкей қожа (?), одан Өкіреш (яғни Найман шал), одан Құрманай (?), одан Төлек атай туылады. Төлек атадан- Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матай.

Бұл төрт атадан бері қарай ештеңе түсініп болмастай әбден былығып, шатыстырылған. Қанша талпынсақ та ретке түсіре алмадық. Сөйтіп, Өкіреш ата қожадан- Бөкей қожадан өскіндейді дейді. Осы маңдағы қожалардың арғы аталары мұнда XI- ғасырда келіпті. Бұл солардың айтуы. Бірақ шежіре ізімен ата түгендесең 300- 400 жыл жетпей жатады. Бұл қалай? Сонда Наймандар одан бергі уақыттарда пайда болғаны ма? Егер қазақ халқының, кешегі түркі жұртының белдісі- Наймандардың арғы тарихын білмесек сенер ме едік. Алдыда айтқанбыз найман біздің дәуірімізге дейін бар. Демек, найманды Бөкей қожадан таратудың табанында бүр жоқ, өтірік. Төленің ата- бабасы арабтардан әлде қайда ежелгі ел. Ал «қожа» дегенді, мысалы түріктер, ирандықтар, тәжіктер әлі күнге дейін «үйретуші» деген мағынада ғана түсінеді. Мысалы, Түрік елінен келіп, қазір діни білім беріп жатқандар өздерін «қожамыз» дейді де, оны «үйретушіміз»  деп аударады. Бар, жоғы осы ғана. Тіпті, «ұстаз» да емес. Ешқандай ұлтқа да, руға да, ақсүйек, қарасүйек, кастаға қатысы жоқ.

Көне түркі батырлары туралы екі томдық «Дулыға» тарихи- эфсаналардың авторы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай Тоныкөк (кітапта осылай жазылған, Тоныұқық, Тонықұқ, Тоныкюк деп те әртүрлі аталады) Найман руынан екені жөнінде алғашқы пікір айтып еді. Тарихшы Н. Мыңжанұлы мұны қытай деректерінен тауыпты: «Тарихшы Ма- Шаңшудың айтуынша, осы Тоныкөк Алтайдағы Қара Ертісті мекен еткен қарлақ елінің Сабек тайпасынан шыққан адам». Ал Қара Ертіс қай заманда да, тіпті, бүгін де найманның қалың ортасы. Нақ қазіргі күнге дейін Түркі әулетінің маңдайына Тоныкөктей дана жазылмағаны рас. Салыстырар, қатар қояр Бұхар жырау бабамыз шығар.

Осы Тоныкөк бабамыз 646 жылы туған екен. Бұл Алла Елшісі Мұхаммед Мүстафа (с.ғ. с.) бақиға жөнелгеніне екі жыл толған мерзім.Пайғамбарымыздың 571 жылы 20 сәуірде туғаны анық. Ендеше сол кезде Мұхаммед Мұстафа (с.ғ. с) пайғамбарымыздың болашақ үмбеті қазақ халқының бір бұтағы- наймандар Қара Ертістен Орхын, Онынға дейін көсіліп жатқан еді. Бұл да найманның Бөкей қожадан тумағанын көрсетеді.

Қадірлі оқырман «Мұны өзіміз де білеміз. Несіне сағыздай созып отыр»  деуі мүмкін. Өте орынды. Дауымыз жоқ. Тек кеудесінде зәредей күмәні бар жан болса әбден арылсын дегеніміз де.

Қазақтың бар тарихын қазақтың өзі ғана жасағанын еш уақытта ұмытпау керек. Ешкімге телінбеу, телігенге көнбеу- парыз. Себебі, Алла Тағала бізді әр түрлі, әр тілді, әр тарихты етіп жаратқан. Сондықтан да бәрімізді бір қалыпқа салып, ойдан шығарылған мистикалық ортаға апару, ең алдымен, Алланың раһымымен бөлініп берілген ата текті қорлау болып табылады. Ал Алланың бөлісін түзеу адам баласының қолынан әсте келмейді. Алланың шаруасына араласу абырой әпермейді. Себебі, ол  Алланың қалауы емес. Осыдан қорқу керек.

Төле ата жөніндегі мөселелердің келесі түйіні сол тұста дін және дін үйретушілер  қандай жағдайда еді  деген сауалға тіреледі. Енді осы жайлы ой бөлісейік.

1314-1342 жылдары Алтын Орданы билеген Өзбек ханнан бастап Шыңғысхан ұрпақтары исламға біржола бет бұра бастады. Өзбек өзіне- Гиасаддин Мұмаммет деген есім алды.  Бірақ Тәңіршілдікке шек қойған жоқ. Содан шығар ислам өзге отырықшы халықтардай емес Тәңіршілдікпен қатар жүре берді, мың жылдық құлшылық бойдан оңайлықпен арылмайды.

Ақсақ Темір отыз бес жыл құрсанған қалың жауларымен талмай күресіп қана қойған жоқ, қобыз ұстаған көне діннің көздерімен де толассыз күрес жүргізді. Дұшпандарын табанына салды- ақ. Бірақ Тәңіршілдікті жеңе алмай кетті. Сөйтіп, Тоқтамысты шауып, орыстың маталған қол- аяғын шешіп,  Баязитті талқандап, Европа христиандарын мұсылмандықтан сақтап қалған Әмір Темір де дәрменсіздікпен о дүниеге аттанды.

Бұрынғы- соңғы қазақ даласындағы хандардың қаңғып өлгені сирек. Бірақ бар. Ол- Тәңіршілдікке аш бөрідей шапқан, елге де қадірсіз атанған- Бұрындық. Ақыры осы қылығына халық қарсы шығып, Самарқанда елеусіз, ескерусіз өлді ғой. Сол ханға бақсы- құшнаштар бір пәле жасауы да, бағын тайдырып, байлап тастауы да мүмкін- ау. Тәңір дініндегілердің  кеуде кере дем алғаны рас. Бұл тұста қазіргі қазақ рулары бір тудың астына ұйыспаған- ды. Төле баба туған кезең Керей мен Жәнібек хаңдар құрған Қазақ Ордасы атты халық пен Мемлекеттің дүниеге келуінен сәл кейін. Ал бұл екі хан ата дініне де, жаңа өркендеп жатқан исламға да бөле жара қараған жоқ. Мұнан кейінірек Төле баба Өзкентке датқа болған жылдарында Қасқа жол салған Қасым хан жас Мемлекеттің Байрағын көкке көтерді. Ол, бақсы- балгерлерге дұрыс қарап, еркіндік берді.

Сол, сол- ақ екен Тәңіршілдік хандықты қайта жайлап жөнелді. Адам баласының бірнеше ғасырлық ата тегі (гені) қашан да бір көрінбей қоймайды. Ол тұсты айтасыз, дәл бүгін де қазақ батыр Алланы, Қүдайды, Тәңірді араластырып жалбарына бермей ме! Біздің- қазақтың түсінігінде үшеуі бір ұғым, бір Абсалют- Ең Жоғарғы Иеміз. Жаратушымыз.

Қасымхан тұсында ислам таратушылар діни кризисті- дағдарысты бастан кешірді. Қазақ Тәңірге бет бұрып кетпесіне кім кепіл? Шоқан Уалихановтың «Мұсылмандық біздің тәніміз бен қанымызға әлі сіңген жоқ»  дегені бар. Бұл күні кеше- 19 ғасырда жазылған. Ендеше одан 300 жыл бұрын қандай болдық?

Десек те, ақиқатын айтуды, ең алдымен, ислам жүктейді. Осы тұрғыдан алсақ, Төле баба заманында қайта етек алып, «дүр» ете қалған Тәңіршілдік үйретушілерге (қожалар) екі жақты қауіп төндірді, қос бүйірден қыса бастады.

Біріншісі, үйретуші- қожалардан ел ішіндегі көнеден келген бақсы- балгер, құшынаштар, диуаналар сан жағынан әлдеқайда мол. Дін алашұбарланып, бұрмаланды. Әсіресе, бақсылар жағдайға өте тез бейімделді.  “Аллалап”, құран сөзімен бастап, аяғында жынын шақырып, зікір салар олар сырт қарағанда ислам жолында жүргендей көрінеді. Халық оларды жатсынбады. Себебі, олар қазақтың ішкі дүниесі, сөнбей жатқан қозы еді. Оның үстіне бақсылар, тәңіршілердің барлығы да қазақтар- Дулат, Үйсін, Қаңлы,  Арғын, Найман, Жетіру, Байұлы, Керей т.б. еді. «Өз- өлтірмейді, жат- жарылқамайды» деген қазақ бұларға «туысым, бауырым» деп қарады, қорықты да. Үйретушілердің «қожамыз» деуі, олардың қазақтан бөлінуі, жатсындырды. Ат төбеліндей топты қазақ қорашсынды. «Бар бәле тілден» деген осы да. Өр кеуде, жауынгер қазақ ол кезеңдерде ат үстінде еді. Найза сілтеп, жебе тартып елін, жерін қорғап жатқан. Жұрт дін үйретушіге емес, топ бастаған батырға, тілден, көзден, оқтан сақта деп қобыз шалған бақсыларға үйірсек. Кімге де болса жан тәтті.

Осындай әлеуметтік ахуал негізінде тәңіршілдік фанатизм ислам дінін үйретушілердің- қожалардың жеке бастарына залал түсіруі әбден мүмкін- тін. От басы, ошақ қасы, жиған мал, қатын- бала және бар. Алайда кең қолтық қазақ дүрбелең туғызбады. Дін үйретушілердің қазаны бүтін түрды. Ал, Көшімхан елден кетісімен Ібір- Сібір хандығындағы үйретушілер, ишан- молдалар жаппай қырғынға түскені баршаға аян. Ислам таратушылардан тігерге- тұяқ, із қалмады, қан судай ақты. Хахас, жақұттар шамандығына күрт бұрылып, ислам таратушыларды қанға бояды. Осы хабар қазақ даласына да жетуі тиіс. Шекараласпыз ғой. Айта берсең, орыс жылнамаларында Ібір- Сібір ханы Көшім бүгінгі Ақмоланың оңтүстік- батысындағы Қорғалжын көлі маңында өлді деген хатқа түскен дерек бар. Сол маңда «Хан бейіт» деген аты үлкен, затын ешкім білмейтін мола тұрғанын естиміз. Көшімдікі емес пе екен? Сексеннен асқан Көшім хан қысылғанда құдаларынан жәрдем алу үшін ноғайлыға ат басын тіресе керек. Бір деректер Көшім кісі қолынан кеткен дейді. Себебі, күш алған орыс Көшімнің көзін құртпай тынбасы анық. Ал ноғай орыстан елші шақырып, елші жіберіп, араласа бастаған. Ендеше, Көшімнің келуі, екі ел арасындағы қарым-қатынас үшін аса тиімсіз еді. Бұл, саясат деген бәлекет әкесін де өлтіргізген ғой. Көшімнің арманда кетуі де мүмкін. Не десек те осы Көшімнің тегі қаракөк, шыққан ортасы қазақ. Олай дейтініміз, орыс жылнамаларында “Салтан Кучум из казахской орды” деген жолдар бар.

Құдай оның бетін ары қылсын. Төле баба тұсында Тәңіршілдік пен Ислам теке- тіреске түскенімен қан төгілген жоқ. Мал ұрлауға, барымтаға барып өзге жерде өлген адамына құн даулайтын қазақ үйретушілерге доң көрсетпеді. Дегенмен қауіп жоқ емес- ті.

Екінші, Төле датқа болған Өзкент көне Сауран мен Түркістанға тиіп тұр. Сауран кешегі Алтын орданың астанасы болса, Түркістан қазақтың кіндігі. Ақсақ Темір Қожа Ахмет Иассауидің кссенесін түрғызған. Демек, екі астананың нақ жанында ислам сәл әлсіресе, ол маңайға әп- сәтте жайылады. Ары қарай жаңғырық екі- үш еселеніп кетеді. Сондықтан, қожа- үйретушілер  одақтастарға, беделді, белді жандарға жақындасуға мүдделі. Арқа сүйер күш керек.

Міне, нақ осындай сәтте Сүгіршінің, Сыр бойынан аты асқан бедел иесі, аса бай ру ағасының жалғыз ұлы Төле ер жетті. Енді ұлды үйлендіру міндет.

Сол тұста қалыптасқан саяси- әлеуметтік жағдайларға тез бейімделген қожалар да жан саны аса мол (Алла тіл, көзден сақтасын!) найман ішіндегі Сүгіршінің ұлы Төлені күнде көріп жүр. Әкесімен аралас- құралас. Төле дін жолын оқығанмен, беталысы, сөз саптауы ел басқаратын адамға қарай ауып барады. Сүгірші де жалғыз ұлын бетінен қақпайды. Тізгіннің бір үшін беріп те қойған. «Бөстегі жинамалмас, төрі бүтін»  құда болатын- ақ орын. Сүгірші баба да Күнімқызды (анамызды аталарымыз осылай атайтын) бала жасынан біледі. Қожалардың алақанға салып аялап, мәпелеп отырған нәрестесі. Төледен екі жас кішілігі бар. Ибалы, инабатты. Мұны көргенде жүзін жасырып, қымсынады. Әке көңіл алдасын ба, Төле де Күнімқызға бөле- жара қарай ма, қалай өзі? Алла сәтін салған күні әке баланы оңаша шақырды. Ұзақ кеңесті. Түпкі ниеттері егіз тамшыдай екен. Күнімқызға құда түсу шешілді.

Ортаға дәнекер болатын, ұстасөзді ағайын аталды, бұрын- соңғы дәстүрде бар құдалық жайы түп- түгел екшелді. Қожалар да шалқасынан түспеді. Кергитін ниет танытпады. «Ұзынқұлақ» Сүгіршінің шаңырағындағы пәтуаны жеткізгелі қашан. Созыла түскен сайын, мазасызданып жүр еді. Рас екен. Әне, бір балақтары етіктерінің қонышынан шығып кеткен екі- үш адам аттан түсіп жатыр...Бұл қыз айттырудың алдындағы елшілікке келудің белгісі.

Өстіп, Сүгірші тәлімді, өнегелі шаңырақтың қызын ұлына әперді. Қожаларға білекке білек қосылды. Көкейдегі бір шаруаны Алла оңынан келтірді. Қазақ —жер иесі. Кірме, сіңбе, құл- құтан емес. Енді құлашыңды жазып, адымыңды ашудың реті келді.

Жоғарыда Ш.Уалихановтың пікірін келтіргенбіз. 1917 жылы Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханов былай депті: «Өзбектердің қазіргі әлеуметтік жағдайы бізден көп бөлек. Оларда ишан, молдалар, дін басылары мемлекетке ықпал етеді. Бұл қазаққа келмейді». Сөз, Сүгірші той жабдығына кіріскен уақыттан табаны жалпақ 500 жыл кейін айтылып отыр. Бұдан ұғарымыз, қазақ арасында дін- рухани азығымыз дәрежесінде ғана. Хандық, жалпы халықтық істерге дін, дін басылары араласа алмаған.

Мемлекет әр түрлі халықтардан, ұлыстардан, түрлі діни ұстанымдардан құрыла береді. Бірақ ол негізі бір этностың, мемлекет құрушы халықтың ізгі ниетімен, күшімен, сол халық мекен еткен территорияда дүниеге келеді. Кейбір ұлттар мен ұлыстардың бұған ынта танытпауы, тіпті, қарсылық көрсетуі де тарихта кездеседі. Себебі, негізгі этностың мүддесімен өзгелердің көкейіндегілер қарама- қайшы шығып та жатады. Мысалы, Қазақстанды алайық. Негізгі ұлт- қазақ. Біз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін, елімізде бір ғана азаматтық болуын, басшыларымыздың қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауын, ұлттық өнер мен әдебиеттің басымды дамуын, қазақ мектептерінің деңгейін көтеріп, жоғарылай түсуін қалаймыз. Бірақ қос тілді тықпалайтындар, қос азаматтықты итермелейтіндер, шекараның ашықтығын қалайтындар аз ба?

Бұлардан шығатын қорытынды: жалпы халықтық мүдде мен ұлттық мүдделер әр дайым сай келе бермейді. Халық- жалпы ұғым, ұлт- жалқы үғым.

Кез- келген ұлт өзгелермен қосанжарласқан одақта «ілдаллалап» күн кешкенді қалай бермейді. Ондай жағдайда бірің аға (СССР- дағы орыстар), бірің іні (СССР- дағы қазақ, өзбек, қырғыз). Бұл бізге таныс. 1731 жылдан- орыс жерімізге ептеп кірген кезеңнен, 1991 жылға дейін 260 жыл бойы кешкен күйіміз. Мәскеудің аузына қарамадық па? Осы кезде ғой «Мәскеуде жаңбыр жауса- Алматы қол шатыр ұстайды»  деген мазақтың шыққаны. Осы кезде ғой «Алматы- орыстың баспанасы, ұйғырдың- асханасы, қазақтың- астанасы» деген түрпі сөздің жүрек тырнағаны, қаныңды қайнатқаны.

1986 жылғы желтоқсан ше?

Ендеше, Керей мен Жәнібек хандар, Төле баба тұсындағы Қасым хан қазақ руларының шекарасын белгілеуге, қазақ жерін қазақ үшін меншіктеуге міндетті еді. Олар солай істеуге ұмтылды, солай істеді. Қалай десек те, Мемлекетіміз 1465- 66 жылдары тарихқа енді, шекара белгіленді. Күш қазақта, жер қазақтікі, жердегі-  төр қазақтікі. Алла Тағала көп көрмегей!

Дін- мемлекеттік шекараға тәуелді емес. Дінде ұлт, шекара болмайды. Сондықтан  дін Адамзат баласының ортақ рухани қазынасы, ой- сана, жүрек нәр алатын ортақ Тайқазан. Игіліктің, Пәктіктің, Адалдықтың, жақсылық атаулының қайнар көзі.

Дін неғұрлым халық көбірек шоғырланған жерге орнығуға құштар. Себебі түсінікті. Қожалардың Өзкентте, күре жолдың бойында, байлығы шалқыған қаладағы Сүгірші баймен құда болуға ынтасы да-  баба арқылы қолын ұзартудың қамы еді.

Қылышты қожаның Күнімқызы осындай тартыс көп, ислам мен тәңіршілдік тайталасып, арбасып тұрған шақта Сүгірші бабаның келіні болып, табалдырық аттады.

Сол тұстарда қалыптасқан жағдайлар, саяси, әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық ахуалды сараптау, қазақ руларының ара салмағын зерделеу, әр қайсысының өз орнын табу, кімнің неге зәру, кіріптарлығы бар екенін жан- жақты талдау арқылы Төле баба замандастарының лайықты орнын, кім кім болғанын анықтай аламыз. Өрістегі малдың, ата- тектің, туыс- туғанның өрге ұмтылған ұланға жасар септігі де аз емес. Барлығы да қозғаушы күш.Нақ осы айтылғандардың басы қосылғанда ғана тарихи тұлға бүтінделмек. Онсыз әңгіме жасау, бір қортындыға келемін деу бекершілік.

Сонымен тағы да бірдеше  байламның реті келген сияқты. Олар:

1.Төле бабамыз үйлі- баранды болғанда бала- шағасын, ата- мекенін тастап, қожаларға келмеген. Себебі, Төленің барлық ғұмырында софылықтың нышаны да жоқ. Сейіттерден дін үйреніп, қалың найманға қожалар келіп, сіңді десе- сенімдісі  осы. Қылышты Қожаның атын естіп, оны іздеп келсе, ілімін “үйрет” дер еді. Әрі оған білім берер қожалар да көрінбейді. Баққызбағы қой ғана. Сөйте тұра оң жақта отырған қыздарын береді. Бұған сене қою ақылсыздық па, аңғалдық па оны өзіңіз біліңіз.

Нақ осы қожалардың Самарқаның билеушісі, атағы жер жарған, исі мұсылманға пана болған, самсаған әскері, саны белгісіз малы мен қазынасы бар Жалаңтөс баһадүрге қыз бермей қойғаны жайлы аңыз жиі айтылады. Барлығы М. Тынышбаевқа иек қағады. Тарихшының «айтуларға қарағанда» дегеніне мән бермейді. Алайда, М. Тынышбаевтың әулеттік шежіресінде  Төле, мөлшері 1475 жылдары туады. Бұл бұлтартпас факт.

Енді қараңыз: Жалаңтөс баһадүр 1576 жылы туып, 1656 жылы дүниеден озады. Екі бабамыздың туу мерзімінде аттай 100 жыл алшақтық бар. Төленің тірі кезінде  Алшын ішіндегі Төртқара руының Жалаңтөс баһадүрі туған да жоқ. Ендеше, Сүгіршіұлы Төленің қожадан қыз алғаныны ести сала Жалаңтөс баһадүр қожаларға құдалық аттандырды, айбатынан жарты әлем бас бұғып отырған Жалаңтөс баһадүрге қожалар қыз бермеді деу шылғи өтірік. Баһадүр ол шақта  қожа тұрмақ одан зорғысы болса да берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алар еді. Ол заманда бұл қолбасшының қылышынан қорықпаған адам да, ел де жоқ еді. Баһадүр ым тастаса қожаң да, өзге де зыр қағып, өзі- ақ апарып тапсырарына талас қайсы.

Қарапайым есеп қожалардың Жалаңтөс баһадүрге қыз бермей қоюы жөніндегі аңызы түбірімен жалған екенін көрсетеді. Ту баста осы қиялға біз де сенген едік. Салыстыра келе қателескенімізді ұқтық. Төленің қожа қызын алғанын ести сала төртқара Жалаңтөс Баһадүрдің қожаларға құда жібергені тарихи тұрғыдан жалған. Аңыз ойдан шығарылып, қожаларды дәріптеу мақсатына құрылған.

Алшын жігіттері кешірер, бір сәйкестікті айту керек. Найман ішіндегі матайларда төртқара руы бар. Бұлар «Алшындағы төртқаралар бізден бөлініп қалған» дейді. Расында да, наймандар Баһадүрдің тікелей ұрпағы Әйтеке биге бүгін кесене салынған Нұратада тұрғанын, Алшын Жалаңтөс баһадүр жерленген Самарқанның түбінде найманның Ұлы атасы Өкіреш Шалдың жерленгенін алдыда жазғанбыз. Оны оқыдыңыздар. Әлде найман төртқаралар бөлініп кеткен бе? Түбі осы екі ру бір ата болуы әбден мүмкін.

2. Қазақ тұрмысы, тыныс- тіршілігі, даланың жазылмаған заңдары, көшпелілердің бар қарекеті намыстан қаланады, намысқа құрылады. «Ерді-намыс өлтіреді», «Жаным үшін- малым садақа, арым үшін- жаным садақа» деген аталы сөз осыдан қалған. Қазақтың бір Туы- Намыс. Бұлай десек, кеудесін көтеріп хандық құрған ну қазақтың бір бұтағы найман Сүгірші байдың жетім қызға құда түсуі, тіпті жалған. Қазақ жеті атасын білмеген жерден қыз алмаған. Бұл таза шындық. «Атасын көріп-  ұлын ал, анасын көріп- қызын ал» дегенді бүтін ұстанған. Тең деп санағанымен ғана құда болған. Сүгірші бай көптің бірі емес. Бірегейі. Ендеше өгей ме, жетім бе, әйтеуір, есікте жүрген кызды жалғыз ұлына алатындай басына не күн туыпты? Бұл Сүгірші емес, бүкіл руға түсер таңба. Осыны да ұғыну қиын ба? Қазақтың ішін білетін адам бұған күліп қана қояр еді. «Өтірігіңе береке берсін» деп. Біз өйте алмадық. Ақты- қарадан, дұрысты- бұрыстан айыруды көздедік.

Сүгірші кімге құда түссе де маңдайын шертіп жүріп айттырары анық. Оған дәулеті де, сәулеті де, атақ- абройы да жетеді. Демек, ол алса, таңдаған қызын ғана келін етеді. Жетімекті теңі көрмейді, алмайды. Расы осы.

З. Төлені алдымен «жетім»  деу, іле- шала «қатын- баласын тастап келген адам еді» деу не білместік, не күндестіктен туған. Білмесе- түзедік. Ал мемлекетіміздің негізі- қазақпен күндес таласу- бос далбаса. «Асын ішкен аяғыңа түкірме» дейді халық. Жомарт қазақ, қитұрқысы, қатпары аз қазақ өзгемен тең сөйлессе, өзгенің кірмелігін көрсетпей, іш тартқаны. Ал аса бастасаң, мойныңды бұрап, тезге де сала алады. Сөйтіп, күндестіктің дауасын оп- оңай табады.

Азды- көпті өрекпіп, эмоциямызды шығарып жатқанымызға жамағайын ренжімес. Қазақты төмендету арқылы өзгені көтеремін дегенге көне кетер қазақ жоқ қазір. Осыны еске салайық дегеніміз. Арынан жанын аямаған қазақ, ұлт туралы әңгіме көтергенде барын да аямайды.

Өз басым Сүгірші бай мен Қылышты қожалар тірі тұрған кездерінде мұндай келеңсіздіктер, бірін мақтау, екіншісін даттау болмағанына, құдалардың арасында жорға жүргеніне зәредей күмән кілтірмеймін. Ірі бабаларымыздың арасын ілгерінді, кейінгі етпектер  ұсақтар, майда-  шүйделер.

Жұрт аузында екі атамыздың өмірінен көптеген аңыздар сақталған. Мысалы, бір жиенін еркелетіп отырған Қылышты ата «Кел жиен асық атысайық» дейді. Сонда жанында отырған күйеу бала Төле жұлып алғандай:

-Ұстаз, онан да менімен ақыл атыссаңызшы! Үйретеріңіз түгесілмесе түпкіріңізді ақтарсаңызшы!-  депті.

Осы сәт Қылышты Қожа:

-Е, төңіректегіні де, түптегіні де түгендеп, теріп алғансың. Енді соның нәсібін түгел жемей, бөлісе жүр,- деп Төлені сөзден жығып кетіпті.

Қандай жарасым! «Ұстаз» дейді! «Ата» деп ағайын қылғаннан гөрі «Ұстаз» деп төбесіне көтереді күйеу бала. Ата айтады «Білгенімді үйреттім. Алла берген олжаң болса аумағыңды ұмытпа» деп.

Мөлшерлеп, Қылышты атамыздың да жасын шығаруға болатын сияқты. Кім екені де шамалап ажыратылады. Кейде «Төле баба Қылышты атадан діни білім алды» дегенге ойланып қалам. Ұстазға қылыш ұстау жараса бермейді. Сол жарықтық қолбасшы, батыр емес пе екен? Төлеге ел басқарудың жолын үйретпеді ме? Төленің ұстазы Қылышты ата ұстаған медресенің молдасы шығар? Адассам Алла кешірер. Осы сұрақтар жиі мазалайды.

Қызылордалық, қазақ еліне танымал азамат, мұсылман тарихынан жинаған нақтылы деректері бар ағамыз қарт Каспийдің арғы жағындағы әзірбайжандардың бұлғағын басып, Алла жолын орнықтырып қайтқан бір қожаның  Сыр бойында, Өзкент маңайында ғұмыр кешкенін жуырда айтып кетті. Осы жарықтық пен Қылышты атамыздың арасында ұқсастық бар сияқты. Зерттеуші ағамыз, бұйыртса, жазып та қалар. Сонда білерміз талай жайтты. Қылышты бабамыз Төледен көп үлкен болуы тиіс. Төле оның қызымен құралпас. Онда Қылышты қожа баба мөлшері 1450 жылға дейін туған. Одан тым әрі немесе тым бері тууы неғайбылдау. Қылышты ата Қазақ хандығы құрылуының көз көрген куәгері. Еңбек те сіңірген шығар. Әдетте, белсенді өмір сүрген ондай адамдар халықтық қозғалыстан тыс қалмайды, бел ортасында жүреді.

Бұл бабамыз да ұзақ жасаған сияқты. Ұрпақтары аталарының өмірден озар кездегі өсиетін ұмытпаған. Жарықтық «Менің басыма келмес бұрын, Төлеге барып сәлемдесіңдер. Сонан соң ғана маған келіп, құран оқыңдар»  депті.

Төле бабаның сексеннен асқанына сенсек, немерелері Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылдың алды отыз бес, арты жиырмаларда. Жеке шаңырақ иелері. Ата дәулеті түгесілмесе керек. Ұрпақ сабақтастығын, Төле бабаның туған жыл мөлшерін назарға алсақ, атамыз XVI ғасырдың елу- жетпісінші жылдары бақиға аттанған.

Төле бабаның төрт немересінен өрген тұяқтар Арқаға қарай ойысқан соң талай- талай дерек ұмытылып, тіпті, мана айтқанымыздай өрескел бұрмаланып кеткен. Төрт немеренің қотарыла көшуінің себебі де белгісіз.

Төле бабадан көш жөнінде жалғыз дерек қалыпты. Көз жұмарында төрт немересін жинап алып, «Төрт көзің түгел болсын. Көштерің қатар түзілсін. Түтіндерің қосылып, бір- біріңнен от сұрай жүріңдер» деген екен. Мұны немерелерінің Сырдан көшуіне берілген рұхсаты деп те, ажырамауды тапсырған өсиеті деп те қабылдауға болады. Аражігі ажырамайды.

Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл, Алла тілден сақтасын, тез өскен аталар. Олар Сыр бойында ел болып, ұйысқанымен, тәрізі, атаның асын берген соң ұзамай терістікке қозғалғандай. Бұлай десек Төле баба тағы бір көрегендік жасаған. Сыр бойында ел сығылыса отыр. Төрт немересін сол кезде- ақ етек- жеңді кеңге салатын Арқаға аттандырған екен. Ғажап! Бәрін өлшеп, бәрін пішіп отыр. Ғұмыр аяғына тақаған қарияның ұрпақтарын жаңа қоныс іздеуге аттандыруы, өзі туып- өскен жерінде қалуы қазақта кездесіп отыратын жайт. Сонау 1204 жылы 136 жасқа келген Құбатегін жырау далый- бақсы етіп орнына жап- жас Кетбұқаны көтеріп, өзі көне найманның мекені күн шығыста қалды емес пе. Бұл оқиға Төле атаның құлағында жүрді ме екен?

Барлық шежірелерде Төленің төрт немересінің түстерін аталарына жорытқандары айтылады. Ара- тұра аздаған өзгешеліктері кездескенімен негізінен бәрі  бір ойды мегзейді. Мысалы, Н. Оспанның шежіресінде ол жағдай өлеңмен былайша беріледі (Тұрсынхан Зәкенұлы. Сыр бойындағы Төлек ата, Қылышты ата кесенесі. Астана 2003 ж. 15- 16 беттер):

Айтады Қаракерей көрген түсін:

-Жүк артып қара нарға түнде көштім,

Алдымнан қалың тоғай кездесті де,

Жол тауып жүре алмадым, соған түстім.

Төлегетай:

-Тоғайға жол таба алмай қонып қалсаң,

Шырағым, көп болады мал мен басың.

Ұрпағың талша қаулап өседі екен,

Ұйтқысы төрт баламның сен боларсың.

 

Матай айтты: «Ту ұстап, тұлпар міндім,

Түсімде қалың көшті бастап жүрдім.

Мінеки, ата, менің көрген түсім,

Өреңге қалың жайлап, ел қондырдым.»

Төлегетай:

-Шырағым, мен кәрімін, сен баласың          .

Сен дағы толып жатқан ел боларсың.

Табанынан ел тайған заман болса,

Қонысты барлығына сен табарсың.

 

Садыр айтты: «Түсімде боз ат мініп,

Бес қару, жарағымды қолыма іліп,

Мінеки, ата, менің көрген түсім,

Жеңілдеп жүр екенмін топтан шығып».

Төлегетай:

-Түсіңде балам жүрсең боз ат мініп,

Бес қару, жарағыңды қарыңа іліп,

Бірталай өсіп- өніп, ел боларсың,

Басыңнан кетпейді екен жаугершілік.

 

Төртуыл «Бақтым,- дейді- бір қысырақ,

Жануар кете берді тым бытырап.

Атеке, осы менің көрген түсім,

Қайрып ала алмадым, басын құрап.»

Төлегетай:

-Түсіңде бақсаң балам қысырақты,

Мекенің болмайды екен бір тұрақты.

Өсімің өзгелерден кем болады,

Арт жағың болады екен бытыраңқы.

 

Түс көру, оны жорыту қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. Мысалы, Абылай ханның түс көруі, оны Бұхар жыраудың жоруы. Сондай-ақ, Шыңғыс ханның төрт ұлының түс көруі.

Төрт немереге Төле бабаның көзі тірісінде айтқан өсиеті күні бүгінге дейін бәз- баяғы қалпында орындалып келеді. Қаракерей, Матай, Садыр Төртуыл әлі қатар қонады. Жұбы жазылған жоқ.

Төленің немерелері Сырдан қай өңірге бет алғанына көнені көп зерттеген, Қаракерей Қабанбай батырдың ғұмырына жетік, тарих ғылымдарының докторы Мұхтарбек Кәрімов мынадай дерек келтіреді: «Қабанбай батырдың елі- Қаракерейлерде ата- бабаларының Есіл- Нұрадан, Арқадан келгенін әлі күнге білетіндер баршылық. Аягөзде тұрған, шежіреші, сүйегі мұрын Зейнолла Сығаевтың айтуынша Қабанбайдың ұлы бабасы Байыстың қыстауы  Ордың Қараағашының алдындағы Қазаншұңқыр деген жерде болған (Омбы маңы деп түсіндірді). Одан шығысқа тік жүргенде бір күндік Жалтыркөл деген жерде күзеуі болған. Сол сияқты Байыстың ұлы Сарымырзадан туатын Жолымбеттің зираты да Есіл- Нұрада» деп жазған еді.

Ден қоятын мағлұмат. Төледен Байысқа дейін төрт ата- Қытай- Қаракерей-Айрам- Ерторы бар екенін ескерсек, Төле көз жұмған соң алды 100, арты 75 жыл мөлшерінде қаракерейлер Арқадан көрінеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының территорияларында Қарағаш, Қазаншұңқыр, Жалтыр көл ауылдары әлі бар. Жолымбет Астанадан жетпіс шақырымдай. Жергілікті жұрт та «сүйегі найман» дейді.

Кейбірі, тіпті, Омбыдан да асып кетіпті. Тюмень мен Омбының арасындағы наймандардың дастарханынан дәм татқанбыз. Жақында Ноғай- Сібірден (Новосибирск) «Қабанбайдың ұрпақтарымыз. Найман- Байжігітпіз» деген екі азамат келіп кетті. Байжігіттен бері түсе алмады. Таңданарлығы, олар Қаракерей Қабанбайдың зираты Есіл- Нұра арасында екенін аталарынан, үлкендерден бала кездерінен біледі екен. Орда ауданынан. Өзге емес, аудан аты- Орда. Екеуі де қазақша еркін сөйлейді. Ноғайсібірге қашан, қалай орналасқандарын білетін адамдар болса, анықтап, қайта оралмақ болып аттанды. Мүмкін солар дерек әкелер.

Аталастарымыздың бүгінгі қоныстары айран- асыр етеді. Хорезмде жүрміз, Алтай тауда тұрамыз, Хиуада сан ауыл, Самарқанда тұтас жұрт. Тюменьдегілер тегін ұмытпаған. Найман өмір бойы көшіп жүргендей әсер аласың. Осының шындығы- ХІІІ ғасырда жеткен орындарына орныққандары да, жайлы жер іздеп көшкендері де бар.

 

V

Осыншалықты өрісті болатынымызды Төле баба көзі тірісінде болжапты. Немерелерінің қандай болатынын айтып кетіпті. Кімге қандай нәсіп, олжа берерін Алла ғана біледі ғой. Жаратушы иеміз атамыздың аузына салды ма екен, баба сынының шындығы мол. Шау тартқан мезетінде төрт немересін жинапты:

-Не біліп, не сұрағыларың келеді?

Олар ойланып, ертесіне жиналыпты.

-Қазылығың қиын болды ма, датқалығың ба? Ұлдың жаманы қандай, қыздың жаманы қандай?

Баба былай жауап қатыпты:

-Қазының алдына дау қуған екеу жүгінеді. Ары кетсе екі топ. Бірі, көзі айтып түрады, «Тәуекел» деп отырады. Ол- арамза. Екіншісі, «Алла»  деп келеді. Ол- ақ. Екеуінің арасын ажыратсаң жетіп жатыр. Өзің де адалсың. Қазылық түк емес, жүрегің тазада.

Қиыны- датқалық. Қазы елдің арқасында күн көреді. Ел датқаның пысықтығымен көжесі қатықты болады. Қазыны ел асыраса, датқа елді асырайды. Қазы айтқан билігіне, төрелігіне ғана жауапкер. Датқа елінің тоқтығына, жерінің бүтіндігіне жауапкер. Қиыны да осы.

Бірақ бұл сауалдарыңа қарағанда екіншілерің салмақты. Ең қиыны- төліңе төрелік айтқан. Дегенмен де, қыз жаманы қиын- ау. Ұл жаманы үй- ішінде, ары асса ауыл арасында. Бүлдірсе өз қотанында бүлдірер. Дабыра барар жер шамалы. Тезге салып түзерсің. Төске салып шыңдарсың. Шіріген жұмыртқа сұңқардан да шығады.  Қыз жаманы екі елді бірдей бүлдіреді. Жақсы атаны жат елде жаман атқа қалдырады. Жұртыңды өсекке, өзіңді есекке мінгізеді. Құда жұртпен іргең айырылады. Өрісің тарылады.

Қарақтарым, ұлды ұяға, қызыңды қияға қондырарда жеті рет өлшеп, бір рет піш. Үлкеннен ақыл, данадан кеңес сұраңдар-, депті- Ақсұлу аналарыңдай кеңесті, Тоқсұлу аналарыңдай келісті келін шаңырақтың бағы ғой.

Төле бабадан қалған нақыл көп.

Барлығын жиып- тере бергенді мақсат тұтпадық. Ойымыз ұрпағына, шама- шарқымызша таныстыру- тын. Үдеден шықсаң- олжалымыз. Қосарыңыз болса қуанамыз.

Сөз басында ескерткенбіз, Төле бабаның өз тұсына, алды- артына талдау жасау арқылы ғана бабаның кім болғанын зерделедік. Көне көз кариялардан естігенімізді, құлаққа жеткендерді қылдай қиянат жасамай жазуға ұмтылдық. Барды- бар, жақты- жоқ қалпында көрсетуді ниет еттік. Ендігісі өзіңізге, дүниетанымыңызға, халқының тарихына, қазақтың Ұлыларына деген ниетіңізге байланысты. Отаншыл болсаң орта жерімізді толтырарсыз. Даукеске- шара қайсы?

 

VI

Сонымен бар сөзіміздің ұзын- ырғасын жинастырайық.

1. Шежіре бойынша Найманның бір атасы- Өкіреш. Өкірештен- Белгібай, одан- Сүйініш (Сүгірші). Сүгіршіден (Сүйініш)- Төле туады. Төледен- Қытай жалғыз. Қытайдан төртеу- Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Төле де, оның аталары да Сыр бойында туып- өскен. Төле шаңырақ құрған шағында әкесі, атақты Сүгірші бай тірі. Атасы Белгібай немере қызығын көріп, шөбере сүюі мүмкін. Төленің екі жасында жетім қалғаны жөніндегі аңыз түбірімен жалған. Атамыз жетім қалмаған. Текті ата, Сыр бойында үлкен күшке айналған наймандар жетім қызды келіндікке алды деу біреулерді көтермелеу үшін ойдан шығарылған.

2.      1480 жылдан 1511 жьілға дейін қазақ тағында отырған Бұрындықтың тұсында Тәңіршілдік қуғын- сүргінге ұшырады да, ақыры осы қылығынан Бұрындық елден қуылды. Тәңіршілдік қайта өрледі.

  1. Саяси- діни ахуал Бұрындықтан соңғы 1511- 1518 жылдарғы тақ иесі Қасым хан тұсында бірқалыпты. Тәңіршілдікке шек қойылмады. Сөйтіп, исламға қосымша қолдау қажет- тін. Оны тек қазақ руларымен бірлесу арқылы жүргізуге болады. Осындай сәтте Сүгірші бай Қылышты Қожа әулетіне құда түсті.
  2. Сайдтар  мен қожалар  Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ұрпақтары емес.
  3. Қазақ тілінде, түркі тілдерінде «қара» сөзі көп мағыналы. Кейде түсті білдіреді. Ал адамға, халыққа қаратылып, «қара» сөзі қолданылса ол көп, көпшілік, негізі, қалың, мол деген ұғымда. Демек, «қара халық» деген сөз көпшілік, негізі дегені. Расында да, қазақ даласының көпшілігі, негізі иесі қазақтар.
  4. Осының жалғасы. Қазаққа «ақсүйек» сөзі кейінде  келген. Ойлаймын, орыстардан жұққан. Қазақ игі- жақсыларын «қаракөк» деген. Мысалы, Абылай арғы атасы Шыңғыстан бері тартып, желісі үзілмеген қаракөктің ұрқы. Ал , «сүйек» сөзі қазақта өлікке немесе итке тасталатын мүжіндіге қарата айтылады.
  5. Сондықтан да, Қазақстандағы негізгі халық, қара халық- қазақ, өздерін бөлек атаушылар- сіңбелер, тегі белгісіздер.

8.Ислам қазақ даласында Төледен кейін, Салхам Жәңгірдің тұсында (1628- 1652 ж.ж.) біршама өрлеген сыңайлы. Бұған Салхам Жәңгірдің өзбектермен, әсіресе, Самарқан билеушісі Алшын- Төртқара Жалаңтөс баһадұрмен тығыз ынтымақ орнатып, алыс- берістің жиілеуі әсер еткендей.

9. Ара- тұра, қазақты әсіре діншіл емес, исламға бетбұрысы бәсең дегендей кінәға жығуға талпыныс бар. Осы айыпты көтерушілер Ливия, Ливан, Сирия, Мысыр арабтарының 10 пайызына дейіні өзге дінде екенінен хабарсыз-ау. Буддаға табынатыны, еврейлердің синагогасында жүретіндер де аз емес. Нанбасаңыз, діни әдебиеттерді оқыңыз. Тіпті, Саудтықтардың ішінде де өзге діндер біржола өшпеген. Бұларға қарағанда, тәубә, қазағым көш ілгері. 10 пайыз не істесең де шықпайды. Байсалды қазаққа ондай жала жаппас бұрын өзгеге үңіліп, салыстыр.

Төле атаның алды, арты жайлы ғалымдар, шежірешілер, жазушылар әлі талай қалам тартарына сенімдіміз. Біз мол мұраның шетін ғана аштық. Шамамыз келгенше құлақта, қағазда жүргендерді, «осыны алдымен ұсынайық»  дегендерді жеткізуге талпындық. Ойымыз Төле бабаны кейінгі ұрпағына таныстыру еді. Үдеден шыға алсақ- олжалымыз. Сөз басында ескерткеніміздей- сол заманындағы барлық оқиғалар топтамасын саралай отырып, пікір түйдік. Сізге де ой салдық.

Дау- шарға емес, берекеге арнап жаздық.

Алла аманшылығын бергей!

 

Соны деректер

І

2003 жылы кітап баспаханада теріліп, дайын болып қалғанда Төле баба туралы таң- тамаша бір деректі Астрахан қаласының тұрғыны Найманбаев Алдияр қария алып келді. Жасы сексен екідегі зейнеткер. Тарих пәнінің маманы екен. Немересі Қарағандыдан қыз алып, құдалықта отырғанда Қаракерей Кабанбай батырдың кесенесін естіп, арнайы соғыпты.

-Жөн! Ал, енді Төле, Қытай бабаларың тұрғысында не білесіңдер? - деді.

Қарт ширақ. Сақал- мұрты аздап қана бозаңқы тартқан. Тіп- тік. Көзәйнек те кимейді. Манадан бергі, дастархан басындағы бір сағаттан астам әңгіме үстінде коңыр үнімен жайлап қана сөз тастайды. Малдасын жазбады. Біз «Төле», «Қытай» деген сөздерді бөліп айтқанына елең еттік:

-Төлегетай бабаны айтасыз ба?

-Дұрысы, әкесі - Төле, баласы - Қытай дейтін атам. Сөзіңді сабақтай бер

Білгенімізді ширатып айтып шықтық. Қағазға түсіріп, тасқа басқызбақ ойымыз барлығын  жеткіздік.

Ақсақал әлденені есіне түргісі келді ме, яки көмейге келіп қалғанын айтар, айтпасын білмеді ме, сәл бөгелді. Сонан соң барып, былай деді:

-Онда бір нәрсені қосып жаз. Өзің өлшеп- пішерсің. Менікі атамнан естігенімді түйе жүрсең дегендік. Байқадың ғой, Өкірештен Белгібай жалқы, одан Сүгірші жалқы, Сүгіршіден Төле жалқы. Содан екен Белгібай бабамыз «Шөбере көріп өлемін. Біз, нәрестенің иісі таңсық әулет болдық- ау! Төледен төл өрсе, бір иіскеп көз жұмсам арманым жоқ» деп, Төлеге он бес жасында қатын әперіпті. Дәулет асып жатыр, бедел тасып жатыр. Керегі ұрпақ қана.

Амал қанша, келіні бес жыл бала көтермепті. Сонда Белгібай мал шалып, қүдайға атап, жалбарыныпты.

-О, Тәңірім! Кешіре гөр! Қартайғанда қай сайтан айналдырды екен мені? Беретін де, алатын да өзіңсің. Бермесіңді сенен кім тартып алады? Менікі қате болыпты. Шөбере бересің бе, бермейсің бе, о, Құдай, ол сенің рақымыңнан. Шөберемді көретін ғүмыр бересің бе, бермейсің бе, ол да сенің қолыңда! Құлыңды аяи көр! Кешір, Алла, кеше гөр!

Сөйтіп, жазғы шілдеде отыз күн ораза ұстапты. Сонан соң келініне кісі салып, Төлеге тоқал әперуге пейілденгенін хабарлапты. Міне, осы кішілікке алынған- қожаның қызы екен. Етегіне төл біткен осы анамыз. Қытай- қожаның жиені дейтіні содан.

Біз аң- таңбыз. Алдияр ата мұны да қалт кібермеді.

- Менің түп отаным- Аягөз деген жер екенін атам жиі еске алатын. Бұйыртса екі- үш күнде солай жүремін- ау. Атам Найманбай патша тұсында Омбыға, одан  Орынборға оқу іздеп кетіпті. Әкем сонда туады. Мен де Орынборда тудым. Кейінірек қуғын басталғанда Астрахан астық. Содан сонда тұрып жатырмыз.

Атам марқұм керемет шежіре еді. Жиып- тергендерін апам марқұм жоғалтып алыпты. Төле, Қытай аталарым  ес біле- ақ құлағымақұйылған. Ол заманда мал- жаны мол, ауқатты әулеттен шыққан азаматтардың үш- төрт қатын алмағаны сирек. Сирек деймін, әй, жоқ- ау. Айта берсек, Төле атамыздың жиырмасында тоқал алуы заңды да. Әуелгі кезекке ұрпақты қоятын казақтың қай- қайсы да шамасы келсе солай етер еді ғой. Оның үстіне бұл үлкендердің қалауы. Ол Төле бабалар тұсында екі етілмейтін. Әкем марқұм өздерің сілтеген Жаңақорған жағындағы Төле ата бейітіне барсам деп жүруші еді. Онысына жете алмады. Бұйыртса, мен көрермін осы жолы. Сен былай етсең қайтеді, балам. Қайда, қалай баратынымызды, кіммен жолығарымызды жазып бер. Үш адамбыз. Мейманханадан орын табылар. Ешкімге салмақ салмаймыз.

Алдияр ата Қаракерей Қабанбай кесенесін қиып кете алмай қиналғанын аңғардық. Үш қайтара құран оқыды. Батасын берді бізге. «Ата, елге қайтпайсыздар ма ?» дегенді айтуға батпадық. Қарттың онсыз да жүрегі сыздап барады.

Осы әңгіме жайлы не айтуға болады? Сенеріміз қайсы, сенбесіміз қайсы? Алдияр ата, сонау, Астраханнан өтірік айту үшін келмегені анық. Өзі де, сөзі де аса байыпты екен. Төленің екі қатын алуы сол замандардағы қалыпты жағдай.

Төле бабамыздың қожа қызын кішілікке- тоқалдыққа алғаны жөніндегі дерек аса маңызды. Солай болуы әбден мүмкін. Төле атаның кейінгі, оныншы ұрпағы Қожақұл баласы Ерасыл- Қаракерей Қабанбай атамызды екі әйелі болды деп келгенімізді, бірақ көптеген шежіре қарттардың Хан Батыр үш әйел алғанын бүгіндері бірауыздан айтатынын естеріңізге сала кетпекпін. Алдияр ата дерегінде шындық жатыр.

 

ІІ

 

Арада бес- алты жыл өте шықты. Баба кесенесі ашылғанда Өзбекстанда тұратын, Төлегетайдан тараймыз дейтін біраз садыр, матай, балталы , бағаналы  найман келді. Олар да шежірелерін ұмыта қоймапты. Ұрпақтан- ұрпаққа өткізіп келе жатыр екен. Солар  Алдияр атаның дерегін айна- қатесіз қайталап, Күнімбике анамыз кіші шешеміз екенін айтып отырды. Бабамыз бәйбішесінен бала сүймепті. Сонан соң қожаның қызына құда түскен екен. Бұл наймандардан естіген шежірелік аңыздар тіпті айран- асыр етті.

 

ІІІ

 

Өзбекстандағы қазақ наймандарда мынадай аңыз сақталыпты. Жалғыз ұл Қытайдың ерте дүние салуы Төле атаға өте ауыр соғыпты. Бірақ, бабамыз езіліп, ұнжырғасын түсірмепті. Қытай сол жиырма алты (отыз үш) жасына дейін екі келіншек алса керек. Әкесі Төле кіші анамызды өз қайын жұрты қожалардан әперіпті. Қытайдың бәйбішесі ұл бала көтермепті. Бірақ кіші келіншектің төрт ұлы сол кісіге үйірсек екен. Қытайдың жылдығын берісімен Ата келінін шақырып алып:

-Құдайдың амалына шара қайсы? Балам, басың жас. Обалыңа қалмайын.  Осы елден- найман ішінен таңдаған адамыңа  тұрмысқа шық. Көз алдымда жүр.- депті.

Жұрт арасында жасы қырыққа таяса да үйленбеген, серілеу, Садақ деген жігіт бар- тын. Тәрізі, балталы, бағаналыдан. Құрдастары жасы мен атын қалжыңға қосып Қырықсадақ атап кетіпті. Келін сол азаматты қалапты. Төле ата жасауы мен малын мол беріп, келінді ұзатып, ауылда қалдырыпты. Бірақ бәйбішеге бауыр басып кеткен төрт ұл шешелеріне ермесе керек. Ата да соны қалапты.

Арада қанша өткенін шежірешілер есіне сақтамаған екен. Әйтеуір, сәтін салған жылы Қырықсадақтың шаңырағында шекесі торсықтай ұл туыпты. Атын Жүсіп қойыпты. Бала сонша сабырлы, салмақты болып өсіпті. Артық сөзге жөқ, шаруасына керемет пысық, тұйық екен. Осынысына қарап жеңгелері:

-Майдан қыл шықса да, мұның аузынан сөз шықпас,- деп Жүсіпті әзілге сүйеп Қылауыз атап кетіпті.

Қырықсадақ одан өзге ұл көрмепті. Өзі де бір атадан жалғыз екен. Содан егделене келе:

-Мен де жалғыз, сен де жалғыз болмайық. Екеуіміз екі ата болайық. Ел ағайынды Қырық садақ, Қылауыз атап жүрсін,- деп баласын жеке ата санап кетіпті.

Уақыт өте Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл Сырдан қоныс аударуға ниеттеніпті. Қырықсадақ бұл шақта бақилық екен.  Төрт ұл  көш қамдағанда шешелері:

-Әбден қоныс тепкен соң келіп, көшіріп әкетерсіңдер. Әзір төркін жұртымда қала тұрайын,- деп Сыр дарияның жағасындағы қожалармен қоныстас қала беріпті.

Кейін ұлдары іздеп келгенде жасы ұлғайғанын, құдай қосқан қосағының осы топырақта жатқанын, бөтен жерге енді үйренісе алмайтынын сылтау етіп, көшпей төркінінде қала беріпті. Содан нағашыларында қалған Қырықсадақ пен Қылауыз жүре келе қожаға сіңіп, қожаның ішіндегі екі ата болып кетіпті.

Кейін сұрастырсам, Сыр бойындағы қожалардың ішінде Қырықсадақ және Қылауыз деген аталар бар екен. Төлегетай бабаның кейінгі астарына барғанымда бір- жарымен әңгімелестім. Рас, қожаларға қосып отыр өздерін.

 

ІҮ

Өзбекстандағы наймандардың шежіресіне ұқсас жағдайға тағы да кездеспесем осы әңгімені қозғамас едім. Шежіренің бір дерегіне сүйеніп, «Шыны осы» дегенге өз басым қарсымын. Бірақ, мынаны қараңыз: «Төлек атайға нәзірге берген қырғыздың қызын қосады. Онан туған балалар Қырғыз, Қырсадақ, Қылауыз. Қырғыздан бала жоқ. Қырсадақтың жарымы найман, жарымы қожа болып жүр» ( Найман, Алматы, 2008 жыл, үшінші кітап, 322 бет). Бұған не деуге болады? Талдап көрейік. Егер осы шежірелік дерек өзбек наймандарының айтқанын дөп басса жан- жақты қарастырудың қажеті жоқ еді.  Қазақ шежіресінің нормасы- оқиғаны құбылтып отыруы. Ауызша таратылатын себепті де кей тұстар ұмытылып, қайсібір оқиғалар қосылып отырады. Мына жағдай нақ осылай. Төле атай келінін Қырсадаққа қосқанын, одан Қылауыз туғанын өзгертіп жеткізеді. Бұлай деуге себеп бар. Төле атаның бар ұрпағы ұстанып отырған шежіреде Төледен жалғыз ұл- Қытай туады. Әдетте әр қиырға тарта беретін шежіредей емес   Төлегетай шежіресінің қайсысын алсаңыз да бірауызды. Төленің жалғыз ұлы- Қытай. Шәкәрім қажы ғана әке мен баланың орнын ауыстырып, Қытайды әке дейді. Соның өзінде де Қырғыз, Қырсадақ, Қылауыз аталмайды. Төлегетай шежіресінде мұндай адамдар еш жерде кезікпейді. Ойландыратыны осы. Алайда балталы, бағаналы найман ішінде бұл аталар бар. Есіңізде шығар, өзбек наймандарының шежіресінде Төленің келінін балталы, бағаналының Қырықсадақ деген жігітіне ұзатқаны. Міне, оқиға біртіндеп айқындала бастады. Қырықсадақтың ұрпақтары түгелдей қожаға сіңіп кетпеген. Бір бөлігі аталастарына барып қосылған. Өз жұртында өсіп- өніп жатыр. Мұнда Қылауыздың аталмауы дәстүрлі жағдай. Найман Қырықсадақты жеке, Қылауызды жеке ата деп қабылдамаған. Қылауыз- Қырықсадақтың баласы қалпында жүр. Дұрысы да осы секілді. Ал жан саны жағынан найманның кез- келген тармағынан әлдеқайда аз қожалар ата санын көбейтуге мүдделі. Сол себепті де Қылауызды дербес бұтақ ретінде атап жүрген сияқты. Мұндай жағдай  шежірелерде көп кездеседі. Және өзін- өзі ақтап, кейігі ұрпақтар кіндік атасын мойындамай кететіні де бар. Бірақ ата таратудан тиянақты хабары бар азаматтар барлығын біледі, ішіне сақтайды. Тап басып дәлелдеп бермесең келіспейді. Осынысы шежіремен алғаш айналыса бастаған жылдарымда ашуымды шақыратын. Кейін келе парығына бардым. Осылай деп тапсырып кеткен атадан қалған аманатқа адалдық екен. Табан тірер себебі де бар шығар. Бір қазақ болған соң, қазақ екеніне мақтанған соң мұндай жағдайлар аса шағымды- принцпті де емес тәрізді.

Соңғы деректер қайсібір туыстарымызға ұнамай жатса ғафу өтінемін. Кез- келген дерек екі- үш қайталанған соң, ол міндетті түрде көпшілікке жеткізілуі тиіс. Әркім аталасын танып, ағайынымен араласып жүргеніне не жетсін!

 

***

Енді, Құрметті оқырман, Сізге өтінішіміз бар. Төле, Төлегетай, Төлеқытай, Төлекатай жөнінде көне жазбалар көзіңізге түссе, кез- келген дерек құлағыңызға тисе жинай жүріңіз. Бізбен хабарлассаңыз нұр үстіне, нұр!

Камал қажы Әбдірахман

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы

]]>
Fri, 29 Nov 2013 09:46:20 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)төлегетайнайманшежіреқабанбайhttps://yvision.kz/post/387276https://yvision.kz/post/387276
Адамды да, Алланы да алдай алмайсыз Қабдеш аға!(Жазушыға жауап )

Қабдеш Жұмаділовке қайтарған жауабымызға ол кісі тағы да әдеттегі сүрлеуінен жаңылмай, байбаламдап,
менің жеке басыма тиісіп, үлкен адамға жат, әдепсіз мақала жазыпты. Амал жоқ «Жас Алашқа» тағы мақала жолдап едім, газеттегі жігіттер біріз сүйреп, ақыры баса
алмайтынын қынжылыспен білдірді. Қабдеш ағаның осы уақытқа дейінгі көптеген жазушылармен толассыз айтыс- тартыстары жүректерін шайлықтырса  керек. Бұл газетті әкем оқыған еді, біз де тәрбиесін көргенбіз. Сондықтан болар «Жас Алаштың» шындыққа жетуден бас тартқаны қынжылтты. Әріптестерім екі тараптың біріне үш қайтара сөз ұстатқаны, нақтылы тарихи ындыққа енжар қарағаны көңілге дік қалдырды. Газет жетекшісі Әмірхан Меңдеке пікір алысқа Семейлік Қабанбай танушы ғалымдардан да хат келіп түскенін
телефон арқылы айтып еді. Ол ғылыми мақала да жарияланбады. Осы себептен де газетке арнаған мақаламды блогыма салып отырмын.

Шоқан Уәлиханов пен Мұхаметжан Тынышбаев қазақ руларының Аягөздің сол жағына топтала өтуі 1810 жылдары екенін тайға таңба басқандай етіп жазып қалдырған еді. Мұның себебін осы екі Ұлы Ғұламаның еңбегіне жүгінсеңіз табасыз. Мен айтсам Қабдеш аға ол кісілерге тиісе алмайды да мені сөз жоқ «халық жауы» атайды. Бұған атасы басқа Аристов пен Халиди осы жылдарды дөп керсеткен деректерін қосады. Күні бүгінге дейін қазақстандық бір де бір байыпты, кәсіби тарихшы бұларды жоққа шығарған емес. Қабдеш аға да соңғы
мақаласында әлем таныған осы ғалымдарға қарсы бір де бір белгілі ғалымнан, немесе бір де бір тарихи құжаттан жалғыз жол дәлел келтіре алмапты. Себебі, ондай тарихи құжат жоқ. Ал сылдыр сөз тарих емес. Қаракерей Қабанбай батыр  қайтыс болғанда  Тарбағатай өңіріне Қаракерей- Байжігіттер әлі
қоныстанбаған.

Қазақтар мекендеген Аягөздің сол жағалауын  қалмақ басып алғаны белгілі. Қалмақты біржола отарға айналдырған қытай ол аймақтың негізін  уақытша иеленді. Бұл тарихи факт. Қабдеш аға келіспеген екен деп ешкім тарихты бұрмалай алмайды және ол  кісінің «көзқарасы» тарихи маңызды емес.
Жазушының қиялы тарихи оқиғаларды түзе алмайды.

Қаракерей Қабанбай батыр дүниеден өтер кезде Арқада,
Есіл- Нұра маңында отырғанын тарих ғылымдарының докторлары Бекмаханова, Апполовалар Қабдеш ағам дау тудырмай тұрып хатқа түсіріп, қазақ тарихының
бетіне  таңбалап кеткен. Олардан соң Н. Дауылбаев, Б. Дәрішев, Б. Абылқасымов,М. Кәрімов  сынды ғылым докторлары Қаракерей Қабанбай батырдың моласы Нұра өзенінің жағасында екені туралы кесікті сөздерін қалдырған.  Бұларды да бір де бір қазақ кәсіби  тарихшысы жоққа шығарған емес. Жазушы бұларға қарсы да бір тарихи құжатталған дерек көрсете алмапты. Еш дәйегі жоқ
және ешкімді иландыра алмайтын жалаң пікірін жаза беріпті. Бірақ, көзіқарақты бүгінгі күні, жел сөзге ағамыздың өзінен басқа ешкім сенбейді .

Әдетте, бабасы туралы ұрпағы нақтылы айтады. Ғылым
докторы, өмір  бойы атасын зерттеп  өткен батырдың кіндік төлі  Болатжан Әбілқасымов 1979 жылы- ақ Қаракерей
Қабанбай Арқада жерленгенін жазған. Оның алдында батырдың тағы да бір тікелей ұрпағы, «Қисса Қабанбай» дастанының авторы Қыдырмолда жырау Дарабоздың Нұра бойында жерленгенін 1931 жыл- ақ  деректеп,
басында Садырбайдың ұрпағы Досан шырақшы екенін айтып кеткен  еді. Барлық дастандарда  батыр өзін Арқаға жерлеуді аманаттайды. Қабдеш аға айтатын Тарбағатай, Барлық атымен жоқ. Бірақ, ағамыз аталған  сегіз ғалымды, 18 дастанды, батыр ұрпақтарын мойындамайды. Бұл- ол кісімен пікір алысу  нақтылы тарихқа жеткізбейтінін, ендігәрі ағамыздың бос далбаса мақалаларына мән бермеу керектігін көрсетеді.

Бірақ, жазушы ағамыз елді одан әрі адастымауы үшін
соңғы мақаласындағы қателіктеріне тоқталмақпын. Әдетте Қабдеш аға өз басының мінін көрмей өзгелердің жеке басына соқтыға береді. Менің жеке басыма ұрынуы да ол кісінің нақтылы тарихи оқиғалардан дәрменсіздігінің айғағы. Өстіп,  жұртшылықтың назарын басқа арнаға  түсірудің, қарсыласын жеккөрінішті етудің амалы. Мұндай тәсіл ықылымнан белгілі, бірақ ешкімге абырой,  бедел әперген емес. Жалпы кез- келген пікір таласта адамның жеке басына тиісу мәдениетсіздіктің, тоңмойындылықтың, ғылыми әлсіздіктің, шарасыздықтың белгісі.

Қабдеш аға мені 2000 жылы апталап, айлап жұмыссыз
қалып, Ақмолаға жұмыс іздеп алғаш рет барды деп жалған сөйлепті. Ол жылы Талдықорғанда мәдениет басқармасының бастығы болатынмын. Онымен қоймай Қабанбай батыр кесенесін мен осы, 2000 жылы аяқ асты естіп, қуанып кетіпті деп жазады. Жалған.  Одан тоғыз жыл бұрын, 1991 жылы
Қаракерей Қабанбай батырдың моласына Талдықорғандық үлкен делегация келіп, одан «Алатау»  теледидар бағдарламасының журналистері хабар жүргізген. Мұнан соң да арнайы келіп, басына түнеп жүрдім. Маңайдан тірнектеп дерек жинадым. Олардың аудио, видео жазбалары менің қорымда,
Қазақ теледидарында түгел сақтаулы.

Жазушы ағамыз соңғы мақаласында алдыңғы   мақаласындағыдан да сорақы қателер жіберіпті. Мұны айту міндет. «1757 жылғы «Мамырсу» бітіміне» қытайлар бірден келе қойған жоқ» депті. Бұл талдауды қажет ететін, өте принцпті, дилетанттар қана жіберетін қате. Себебі, бұл жылдар ұлт тағдырының болашағын шешуге үлкен әсер етті. Шындығында бұл қытаймен емес, Әмірсана мен Абылай
арасында Аягөздің төмен жағында, Батпақ суда болған келісім. Осы жөнінде тарих ғылымдарының докторы  Ғани Қарасаев  С. Липовцовтың деректеріне сүйеніп, «Әмірсана тағы
да қол жинап, қазақтармен өзіне көмек көрсету жөнінде келісім жасады»  деп атап көрсетеді. Ал қытайға 1757 жылдың
қыркүйегінде Ханжігер мен Өміртай бастаған елшілік барады. Келісім орны- Пекин. Ағамыз мұны білмейді.

Қытайға барған елшілер  Алтай, Тарбағатай, ежелден қазақ жері екенін, ол жақты жоңғар басып алғанын, сол маңдарды босатып беруді сұрайды. Оған қытай жоңғарды тыныштандырған өздері екенін айтып, мынадай жауап
береді «Мынаны ұғып алғандарыңыз жөн: «Жоңғар жайлаған жерлердің барлығы да біздің иелігіміз. Сіз өз еліңіздің жеріне ие болыңыз. Біздің иелігімізге ат- жөнсіз соқтықпаңыз». Әңгіме ашық-  Алтай, Тарбағатай көнеден қазақ жері екенін қытай мойындап отыр. Бірақ бергісі жоқ. Қабдеш аға « 1748 жылы Қабанбай батыр шығысқа жетіп, үй тікті» деп «Дарабоз»
романында жалған жазған- ды. Мына мақаласында одан әрі қатеге ұрынады. Бұл да  өтірік екенін Тарбағатайды кім басып отырғанынан көрдіңіздер. Ағамыз кітабіндегі өз қиялы жетегінде жүр. 1757 жылды айтасыз, 1773 жылы да Абылай
қытайға Тарбағатайды қайтып беруді өтініп және хат жазады. Оған мынадай жауап келіпті « Сіз  Тарбағатай көне қонысымыз
еді деп сұраған екенсіз. Оны қайтып беруді мемлекет заңы көтермейді». Бұл Қаракерей Қабанбайдың қайтыс болғанына екі- үш жыл өткен кез. Тарбағатай қазақ қолына өтпеген ол кезде.

1757 жылдың жазында генерал Фу Денің жалпы басшылығымен  зеңбірек сүйретіп, мылтық асынған 22 мың қытай шерігі (Қабдеш ағаның 40000 дегені тағы жалған)  Әмірсананы ұстауды сылтауратып, қазақ  даласына екі  бағытта бет алады. Қабдеш аға бұл генералды да білмесе керек, оның қарамағындағы Хадака мен Дардананы атапты. Ағамыз В. Кузнецовтың, В. Басиннің, тарих ғылымдарының докторы  Ғ. Қарасаевтардың  нақтылы тарихи зерттеу еңбектерімен таныс болса сол тұстардағы оқиғалардан шатыспас еді. Қазақ жағы Фудеге оңтүстікте- Қорғас- Іле бағытына Абылай  басқарған, солтүстікте- Тарбағатай- Аягөз
бағытына Қабанбай батыр басқарған екі қолды қарсы қояды. Қытай қуып келе жатқан Әмірсана Қаракерей Қабанбай батырдың қолында болады. Бұл хан кеңесінің шешімі.
Демек, қытай іздеген Әмірсана болса, соғыстың негізгі бағытында Қаракерей Қабанбай батыр қолы тұр. Шешуші айқас әдеттегідей Қабанбайға  тапсырылған. Қытай  Әмірсананың қайда екенін анықтасымен Абылай қолымен соғыспай екі жасағын  Қабанбайға батырға қарсы салады. Сөз жоқ, жағдайдың тап осылай қалыптасатынын соғыс жоспарын
құрушылар алдын- ала білген. Қабанбай батырдан өзге ешкімге бұл бағытты тапсыра алмаған.

Қазақ қолы дала соғысының тәсілімен Семей бекінісіне
қарай шегініп, үш жерде тұтқиылдан майдан салады. Жауды ту- талақай қылады. Тамызға қарай қытай Қабанбай батырды кең далада жеңу мүмкін еместігін түсінеді. Фуде қазақтарға
жаушы аттандырып, Пекинге елші жіберуді ұсынады. Осындай уақытша ымыраның нәтижесінде Ханжігер мен Өміртай жолға шығады. Осыдан кейін қытайдың арыны азайып, келесі жылы келісімге отырды. Бұл 1758 жыл. Келісімде қытай мен орыс ақпараттары бойынша «Қазақ ханы Абылай, хан баласы Әбілпейіз, қазақтың бас батыры Қабанбай  сөз ұстады». Келісімге келудің және бір себебі Әмірсананың өлуі. Сөйтіп бір дау өзінен- өзі шешілді. Бұл жөнінде Кияхта (Қияқты) бекінісінің лекары Захаров «1757 жылғы 21 қыркүйекте, 35 жасында, қара шешектен жоңғар нояны Амурсана өлді» деп жазады. Қабдеш ағамыздың қазақ халқының тарихындағы аса елеулі орны бар осындай екі келісімді шатыстырып алуы сол тұстағы оқиғаларды зерттемегенін, ат үсті, сөз ара білетіндігіннің айғағы.

Жазушының келесі үлкен кемшілігі- Қабанбай елінің Арқаны қай кездері мекен еткенін білмеуі. Қабанбайдың арғы атасы Тоқтарқожа келгенде Байыс би Омбы мен Ордың етегіндегі Қарағаш, Жалтыркөл, Қазаншұңқыр деген жерлерді мекен еткенін Бес Байыс ұрпағы түгел  біледі. Ата шежіремен бұл мөлшері 1625- 1640 жылдар. Осы кезде Хорезм, Үргеніш, Бұқараны мекендеп қалған Бура мен Көкжарлы (Бақы мен Тақы), Болатшы мен Байғана, ағайынды Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыағалар  Арқадағы өз наймандарына
келіп қосылады. Сөйтіп, сол уақытқа дейін сегіз ата болып отырған қазақ наймандары Бура мен Көкжарлы қосылған соң он руға жетті. Қазақ наймандарының Ата тарату процесі осымен тұйықталды. Бұл өз алдына үлкен тақырып. Ал, Бес
Байысқа  Болатшы, Байғана, кейінірек Байжігіт қосылып, сегізге жетті. Бірақ сегіз болса да, бүгінгі күні алғаш
қалыптасқан санымен- «Бес Байыс» аталады. Қабдеш ағамыздың қазақ наймандарының тарихындағы аса елеулі осындай кезеңде Қабанбай батырдың бабалары қайда
отырғанынан жаңылуы орынсыз- ақ.

Қабдеш ағаның Қабанбай батыр дүниеден өтер шағында
Тарбағатай маңында отырды деуі ешқандай тарихи құжатпен дәлелденбеген, қиял ғана. Ағамыз өзінің кітабінде, барлық мақалаларында Қабанбай батырдың Тарбағатай өңірінде отырғанына нақтылы тарихи құжат етіп, қытайдың бір ғана дерегін көрсетіп келеді. Осы жолы да «...Үрімжіде ашылған базарға Қабанбай батыр 1758 жылдың 19 қыркүйегінде өз атынан 300 жылқы өткізгені қытай шежіресінде таңбаланған. Қабанбай сол жылқыны қай жерден айдап барды екен?» депті. Бұл дерек жазушының тапқаны емес. 1988 жылы Үрімжіде Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садыхан қол қойған «Қаракерей Қабанбай» атты кітап шығып, осы дерек алғаш рет жарияланған еді. Қабдеш ағамыз, сөз жоқ, содан «жайлап қана» алған. Бұған дәлел- кітап авторы Зейнолла Сәніктің осы
факт туралы бізге кейінгі жылдары мынадай құжат беруі: «Мәнчин хандығы кезіндегі батыс- солтүстік ұлттармен сауда тарихы» атты кітаптің «Үрімжі- қазақ саудасы» деген бөлімінде сол кездегі Үрімжінің бас амбаны Нусан қытай императорына мынадай ақпарды хабарлайды: « 9 айдың 17 күні Бас батыр
Қабанбайдың баласы Едіге мен інісі Туматай бастаған алғашқы қазақ тоғанағы  Үрімжіге келді. 57 адам. Олар 380 жылқы
әкелді.» Ары қарай Нусан келіссөздің үш күнге созылғанын, келіссөзді тек қана Едігемен жүргізгенін, Едігенің « Үрімжіге суыт жүре отырып, 30 күнде жеттік» деген сөздерін жазып қалдырады. Жазушы, күлкі болғанда, осындай қатені білмей,
ұятты болып оыр.

Нақ осы деректі  тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханның  «Қабанбай батырға қатысты жаңадан табылған 8
Мәнжу құжаты» атты  таяуда ғана жарық көрген кітабінен оқимыз: «Былтыр біздің Қабанбайымыз өзінің ұлы Едіге мен інісі Төметайға 50- ден астам адам қосып беріп, Үрімжідегі сауданың жағдайын бақылап келгізген. Сол Едігелер «Біздің қазақ жерінен Үрімжіге бару үшін 1 ай уақыт кетті дейді.» Сөйтіп, Қабдеш ағаның жалғыз қытай «тарихи дерегі»- Қабанбай батырдың Үрімжіге ат саудасымен баруы, 
түбірімен жалған, «жымқырма» болып шықты. Өзі мақаласында айтқандай «Ұрының арты- қуыс» екен. «Итің жаман дегенде- өлгенім- ай!» деуші еді қазақ. Үлкен кісіге ұят- ақ!

Жазушы мақаласында суыт салт атты күніне 100 шақырым
жүретінін алдыға тартқан. Барлық пен Үрімжінің арасы 500 шақырымдай, Ақмола мен Үрімжі арасы 1700 шақырымдай. Жазушының есебі дәл болса Едіге Барлықтан Үрімжіге 5- 6 күнде жетуі керек. Тіпті, жолда бірер күн еру жасады десе де 7- 8 күн. Ендеше, Қабдеш ағаның есебіне жүгінсек, Едіге 30 күн жүрсе-  1700 шақырымдағы Ақмоладан шыққаны анық қой. Оның үстіне Нусанның хабарында «Қазақтар бұрын да екі рет шығып, жол таба алмай адасып, кейін қайтып кетіпті» деген сөз жүр. Егер Қабанбай елі қытайдың төбесін күнде көріп отырған Барлықты сол тұста мекендесе, қалай адасады? Қытай
елшілерді өздері жетекке алмай ма? Осы адасу, Қабанбай елі Қаракерей- Байжігіттерге бұл маңның әлі таныс емес екенін тағы дәлелдейді. Бақыт Еженхан Қабанбай батырдың мөрінің суретін де жариялапты. Арнайы іздеп барып, әңгімелестім. Қабдеш ағам көріп шықса болар еді.

Ағамыз  мақаласында Шапырашты Науырызбай батырдың
жекпе- жекке шығып, қалмақ батырын жеңгенін жазыпты. Бұған дау жоқ. Тарих мойындаған оқиға. Бірақ, біраз бұрынғы бір сүхбатында «Науырызбай батыр болмаған. Кітап шығару үшін ойдан қосып жібердім» деп кітапты басқызу үшін
өтірік айтқанын жеткізіп еді Қабдекең. Әдеттегідей екі сөйледі. Қай сөзіне сенейік? Осындай принцпсіздік, жағдайға қарай құбыла беру, өзгенің дерегінің өтірік- шынын ажыратпай пайдалану Қабдеш ағаның Қабанбай батыр туралы
жазғандарына  қаншалықты сенуге болатынын ашып көрсетіп тұрса керек. Ол кісінің тұрақты позиция ұстанбай ауытқи беретіні бізге таң емес. Ана жылы «Қабанбай батыр ескерткішіне еріккен біреу- міреу болмаса ешкім келмейді» деп жазған- ды. Бұл жолы кісінің көптігінен, мен, ағыл- тегіл байып жатыр  дегендей әңгіме көтеріп, әмияныма көз тігіпті. Тәубе! Кесене басына 2000 жылы «Джип»  мініп келгенмін. Қазір де келіншегімнің жап- жақсы бизнесі, менің өз шаруаларым бар. Құдайдың арқасында майлыққа  да, шайлыққа да тарыққан жоқпыз. Қалтама көз тігіп ағамызға не болған? Бұл, сұқ көз кімнің әдеті?

Жазушы коммунистік кезеңді, коммунистерді сонша жек
көреді екен. Дұрыс делік. Бірақ, нақ сол коммунистердің қолынан алған Мемлекеттік сыйлықтарынан, басындағы үйінен неге бас тартпайды? «Қазақстанның халық жазушысы»
деп қол қойыпты. Осы атақ та кешегі коммунистердің Жарлығымен, солардың қолымен берілді ғой. Коммунистер сый- сияпатын 70 жыл бойы коммунистердің сөздерін
сөйлеп, айтқанына көніп, айдауына жүргендерге, өздеріне ұнағандарына ғана беріп келген. Бөгде сөзділерге дым бұйырмаған. Қабдеш аға да компартияға жаққан соң
алған да. Ендеше маған кешегі коммунист деп ұрына беретіні несі? Жетпіске келгенде мерейтойын өткізіп бергендер, машина мінгізіп, әтуірлегендер де кешегі коммунистер емес пе. Сонда «Жоқ сендер кешегі коммуниссіңдер! Мерейтойымды өткізбеңдер! Алмаймын!» деп, неге қыйқиып,  жатып
алмаған? Коммунистер қолымен сый- сияпат берілсе рахметін айтып, ала береді де, өтірігін шығарса мөңки жөнеледі. Осындай қос мінезділікке не деуге болады?

Өткен мақаласында бір інісі «Дарабоз» романындағы
Қарқара мен Әлінің тойын ұрлап алып кітабіне кіргізіпті деп ағамыз қатты ашуланған. Күлкілісі- Қабдеш аға осы тойды «Дарабоз» романында шылғи өтірік жазған. Ол кісі Қарқара мен Мүнейдің қайсы бұрын келін болып түскенін білмей, бәйбіше мен кіші келінді әбден шатыстырыпты. Қарқара бәйбіше ғой. Бірақ Қабдекең бәйбішені тоқал Мүнейдің үстіне түсіріп, былықтырып тастапты. Ендеше інісіне несіне
ренжиді? Бұл Қабанбай батыр ғұмырын білемін деген адамға өте үлкен мін.

Бексұлтан Нұржекеев, Айтақын Бұлғақов, Әбеш
Ақылбаевтар Қабанбай атты адамның екі моласын Белжайлаудан , біреуін Қоғалыдан көрсеткен еді. Салхам Жәңгірдің асында осы зираттарға Қазақстанның бүкіл айтыс
ақындарын Айтақын бастап апарып, құран оқыдық. Сондай- ақ Ақмолада екі мола бар. Ақселеу Сейдімбеков Жезқазған өңірінен және бірін тауып, оны Кіші Жүз Қабанбайдың моласы атады. Осылардың Жезқазғандағысынан өзгелерінде болып,
жұртпен жүздестік, зерттедік, анықтадық, мұрағаттарды көтердік. Бұл жерлерді Қабдеш ағаның білмейтініне бәс тігемін. Мыңғұлға, Қытайға, Омбыға, Қырғызға әлденеше барып дерек жинадық. Қабдеш аға осы жерлерге Қабанбай батыр мәселесімен бармағаны анық. Сөйте тұра Қабанбай батыр моласы туралы қалай пікір айтады екен? Анық ұққаным бір нәрсе- ағамыз кітабінде кеткен барлық қателерін қайтсе
де шындыққа айландырмақшы, өтірігімен өзгелерді алдамақшы.

Алдыңғы мақаламызда «Ақмола жайлы аздап айтармыз»
деп едік. Бұл жолдар газетке шығып кетіпті де, ал деректерімізге орын жетпей, жазылмай қалыпты. Соның екеуін келтірейік. 1846 жылғы 31 мамырда жер аударылып
елімізге келген Адольф Янушкевич «Күнделіктерінде...» «Даланың болашақ астанасы   Ақмола» деп жазып кетіпті. Ғажап қой! Ары қарай «Ақмола- Ақтау деп аударылады»
дейді. Осында бір сәйкестік бар. Қабанбай батыр моласының жанына күрек салсаң, әппақ топырақ  шығады. Ой тастар дерек.

Ал, 1851 жылы Омбының коллегиялық хатшысы Уфимцев
Ақмолада біраз уақыт тоқтап: «Ақмола қаласы негізі қаланған 1832 жылы қаладан 28 шақырымдағы, қырдың үстіндегі қазақтың моласынан  атын алады. «Ақмола» тікелей «Белая могила» деп аударылады (улькун)» деген дерек қалдырады. Осы  көңіл қоярлық. Себебі, арада 19 жыл ғана өткен. «Ақмола» атауын қойғандардың көзі тірі. Қате кетуі қиын. Бұларды да біле жүрген жөн.

Қабдеш ағамды сонша тулатқан алдыңғы мақаламызға
Болат Нәсенов ағамыз да пікір білдіргісі келіп, «Біздің бәрімізге де шындық ауадай қажет» деген мақала жариялапты. Шынымды айтсам неге жазылғанын түсіне алмадым. «Арқа арғын- қыпшақ жері. Арқа найманның жері емес» деген ойға орала беріпті. Өте дұрыс. Арқа- Қыпшақ даласы. Найман мен арғынның түп Отаны Мыңғұл жері. Найманның соңғы патшасы Күшілік Тәжікстанның Таулы Бадахшанындағы Сарықолда
(Сарыкөл) өлді. Найманның соңғы ханзадасы Өкіреш Шал Самарқаннан 30 шақырым жерде, Үргіт тауының етегіндегі бүгінгі «Украч найман» кышлағында  жерленген. Моласы белгілі, өзбек наймандары басына 1988 жылы ескерткіш белгі қойыпты. Ауылда таза өзбек Украч  наймандар тұрады. Төлегетай Сыр бойында Жаңақорғанда жерленген. Баласы Қытай, бір айтуларда Ұлытау маңында делінеді.Расында да сол маңда Қытай және Қылышты деген ауылдар бар. Қытайдың әкесінің- туған нағашысы Қылышты ғой. Оның үстіне осы маңда найман – матайдың  Теректі әулиесінің моласы да бар. Әлде жай ұқсастық па? Ал Қабанбай батырдың ар жағы Байыс би Омбының етегінде өмір сүрген. Осы тұстан Қабанбай батырдың ұрпақтары шығысқа бет түзегенше төрт Төлегетайдың  дені Арқаны мекендеді. Ешкім Есіл- Нұра бойы найманның Ата мекені деп отырған жоқ. Қызғанатын не бар? Алайда екі ғасырдай тұрғаны шындық.

Қаракерей Қабанбай батырдың түп атасы Байжігіт үйленер жылы Қаракерей Байыстардың мекені туралы Кәрібай ақын былай жырлайды:

...Жайлауы Дәулеткерей, Есіл, Нұра,

Құдалық бұрынғыдан қалған мұра...

Дастан Астанадағы «Отырар» кітапханасында сақтаулы. Демек
Байжігіттен басталған барлық рудың түпкі ата мекені Арқа. Қабдеш аға мен  Болат Нәсенов ағалар қаламаса да шындық осы.

Арқа арғынның да жері емес екенін Бөкең шынымен де білмей ме? Бұл доктор деп қол қойған адамға ыңғайсыз- ақ. Арғын, тұп- тура найман, керей, уақ, меркіт секілді Шыңғыс
империясының қыпшақ даласына құлауымен бірге мыңғұл жерінен және Алтайдан ауып келген. Бөкең арғынның ар жағы кім екенін шындап білгісі келсе, Шәкәрім қажының еңбектерін бір қарап шықса, қажекең жазған мына сөздерден Найманнан ала- бөтені жоқ екенін түсінер еді: «Орыс ғалымдары арғындар Шыңғысханға соғыссыз берілді деп түсіндіреді. Ал менің ойымша арғындар ол кезде найманға бағынатын.» Міне,
Шәкәрім қажы арғынның наймандардың құрамынан шыққанын басы бүтін мойындап отыр. Найманнан арғынды бөлген Бөкеңе рушылдық тіпті де жараспайды екен.

Бөкеңмен ана жылдары біраз уақыт бірге жүрдік- ау. Сонда менің Қабанбай батыр туралы әңгімелеріме неге пікірін айтпағанына таңмын. Әлде ол кезде тарихшы емес пе еді? Он бес жылда не өзгере қалды білмес шаруасына неге килікті екен?

Десе де Бөкең төрт мәселеге назар аударыпты.

1. 1831 жылдары Арқадан наймандарды «таба алмапты». Кілең
арғын руларын санамалайды. Бірақ Бөкең 1830 жылғы күзде Ақмола бекінісінің алғашқы коменданты подполковник Шубин Омбыға жолдаған мына хатты Омбыдан тауып алып оқыса олай демес еді. Мұнда 1830 жылғы тек қана Ақмола маңының тұрғындары жайлы мынадай дерек бар: «Ведомость о казаках Среднего Жуза...по донесениям отрядных начальников:

1. Подпись Шубина Ф. И:                     число кибиток

Алтай-Карпыковских волостей:                 7085

Сверх того султаны: Ғубайдулла Валиханов,Конур- Кулджа
Кудаймендин и Саржан Касымов со всей фамилией.

2. Подпись Костюрина,                          число кибиток:

Найман- кара- киреевских волостей-         8151

7146

Оных же волостей разных родов               1910

Найман- матаевской волостей                   300

Сверх того султаны Сарт Ючин, Салтабай
Бопин и многие другие...»

Осы тізімнен бөлек төртуылдар мен түркімендердің 3700 шаңырағы бар. Оның 3478- і төртуыл. Бөкең өзі сілтеме жасай
беретін Омбының мұрағатын  өтірікші дей қоймас. Бұл ақпарат 1830 жылдары найман- қаракерейлердің 17207 шаңырағы
Ақмолада отырғанының нақтылы дерегі. Әр үйде орта есеппен 5 жан бар десек бұл 86000- дай адам.  М. Тынышбаев 1917 жылы 860 мың найман барын жазады. Сонда найман саны 1830 жылдары ең ары дегенде 500 мыңның маңайы. Найман онда да,  бүгін де он ата. Демек, қаракерей 1830 жылдары қанша өсті десек те 100 мыңнан аспайды. Ендеше, осы кездері Қабанабай батыр елінің 85- 90 пайызы, нақ Ақмола өңірінде отыр. Бұл орыс дерегі. Олар несіне өтірік жазсын? Аңғардыңыз ба, Ақмоладағы халықтың төрттен бірі ғана найманмен
туыс арғындар. Найман-   21000, арғын- 7085 шаңырақ.

2. Болат аға Даулетбайдың келіншегі Қаракерей Қабанбайға қарата айтатын: «Есіл менен Нұраның арасына сыймаған» деген дастан жолдарын «таба алмаған» көрінеді. Бөкең іздемеген. Әйтпесе ҒА Қол жазбалар бөліміндегі 1933 жылы
Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданының тұрғыны Мәулит Сағымбаевтан жазылып алынған «Қаракерей Қабанбай батыр» дастанынан осы сөздерді оп- оңай тауып алар еді. Бұл дастанның кириллицаға түскен нұсқасын бізге марқұм Болатжан Абылқасымов беріп еді. Бөкең 1933 жылғы  деректі, әрине, білмейді. Бірақ білмеген нәрсесін жоққа шығарғаны қалай екен? Кәсіби тарихшы бұлай етпейді.

3.Наймандардың 1824 жылы Ақмола маңында жиын өткізгені шындыққа жатпайды деген пікір білдіріпті Бөкең. Омбыдағы архивтен көрмепті. Бірақ нақ сол Омбының архивінде 1824 жылғы найман түселінің шешімі бойынша Омбыға қыркүйекте
жеткізілген «Письмо пяти сибанов ( хатты Омбыға жеткізген сыбан азаматтары болса керек)» атты  хат жатыр. Енді барса
жылын, айын көрсеттік, осы атпен тауып алар. Сонда орыстар дуан құратын болса наймандар мынадай 7  талап қойыпты : «1. Жердің асты- үсті наймандардың меншігі; 2.Салық салынбасын, солдатқа адам алынбасын немесе жеңілдік берілсін; 3.Төбелес, кісі өлімі болмауы үшін ішімдік
үйлері ашылмасын; 4.Әскер келмесін, нан аз, оларды асырамаймыз; 5. Кісі өлімінен басқа мұсылман жолымен шешіледі. Ісімізге ешкім араласпасын. Біз генерал- губернаторға ғана бағынамыз; 6. Басқа болыстарға кісілерімізді
жібермейміз; 7. Бізге 3- 5 жыл сайын патшаға өз адамдарымызды жіберу қақысы берілсін;» Міне, Бөкең сенбей отырған түселдің шындығы. 1824 жылғы найман түселі Қаракерей Қабанбай батыр бейітінің етегіндегі қаракерей- ақымбеттердің ауылында өткені орыс құжаттарымен дәлелденеді. 1830 жылы, басқа тоғыз атаны былай қойғанда, қаракерейден ғана 90000- дай адам отырса Ақмолада  найман түселі өтуі заңды нәрсе- найманның топ ортасы осы жер.

Жалпы Бөкең деректерді екшеп, өзіне ғана керектілерін, арғындардың орнынын ғана іздеген тәрізді көрінеді. Әйтпесе 1830 жылы Ақмолада Алшын, Жағалбайлылардың үлкен тобы отырғанын, 1832 жылы Алшын- Жағалбайлы болысы құрылғанын, болыстыққа Қабанбай Байғұлов деген азаматтың сайланғанын жазса керек еді. Сол сияқты Жалайырлардың да біршама екенін айтпай кетіпті.

4. Бөкең Қаракерей "Қабанбай батыр 1764 жылы өлген" деп шолақ қайырыпты. Неге сүйенгенін, не түсінігі барын білмедік. Бұл, 1769- 1770 жылдарғы қазақ- қырғыз қақтығыстарын  Бөкеңнің атымен білмейтінін,  адасып  жазғанын  көрсетеді. Бұқар жырау:

«...Әтеке «соғыс күтем» деп,

Садыр бала «бітем» деп...»

жырлайтын қазақ- қырғыз майданы 1770 жылы өткенін тарихшылар дәлелдеп шыққан. Қырғыз тарихы да солай дейді. Дарабоз туралы дастандарда Әтеке мен Садыр қырғыздың бас кейіпкерлері ретінде алынады. Қабанбай батыр  дастанда
осы Әтекемен жекпе- жекке шығады, Әтеке өледі. Бұл аңыздың айтуы. Шын мәнінде соғыста Әтеке емес, Әтекенің қайын атасы Жайыл өлгенін өткен ғасырдың жетпісінші жылдары кандидаттық диссертациясында Болатжан Абылқасымов атап
жазған. Сол даладағы мекен қазір Жайыл айылы болып аталады. Оған да барғанбыз.

Соғыстан қайтқан Хан Батыр Сарыбелді қыстап шығады, келесі жылы кек қуған қырғыздар қол бастап келеді. Осы тұс  Қабанбай батыр 1770 жылы өлді дегенге күмән келтіреді. «Жайыл қырғыны» (қырғыздар осылайша атайды екен) 1770 жылы өтсе, Батыр қыстан шығып, 1771 жылы өлуі тиіс. Едіге Уәлиханов та 1771 жылы Дарабоздың тірі әрі найманның бас биі екенін Қазақстан Орталық мұрағатындағы деректерге
сүйеніп « Найманы проводили торговый обмен русскими купцами...эти документы датируются 1771 годом. В документах прямо указывается, что волости казахов были подчинены Кабанбай батыру. 1771 году Кабанбай батыр был в добром здравии...а значит и дату его смерти можно отнести по крайней мере на конец 1771 года или позже» деп  жазады. Ал біз Қабдеш Жұмаділов ағамыз бастап бәріміз Қабанбай батыр 1770 жылы дүниеден өтті деп жүрміз. Мақалада осы күмәнді мегзеп, Дарбоздың нақтылы өлген жылын әлі де зерттеу қажет екенін айтып едім. Бөкең мұндай тарихи деректерден хабары
жоқтығынан Атамызды 1764 жылы өлгенге санапты. Бөкеңе сенсек, Қаракерей Қабанбай батырдың Жайыл қырғынындағы бар еңбегі, 78 жасындағы соңғы жекпе- жегі жоққа шығарылар еді. Бүйтсек Қаракерей Қабанбай батырға қиянат жасап аламыз. Бірақ 1764 жылы Батырдың өлмегеніне көздеріңіз жетті- ау дейміз. Бұл міндетті түрде талдануы қажет. Сол себептен де кеңінен тоқталдық.

Болат Нәсенов Қаракерей Қабанбайдың дүниеден өткен мезгілін өзгерткісі келуімен не айтқысы келді екен?  Алпыс екі жыл аттан түспей,  қырық алты жыл қазақ жасағын басқарып,  Алаш баласының азаттығы үшін қан кешіп, мұз жастанған Қаракерей Қабанбайдың әулиенің бір де бір еңбегіне күдік туғызуға еш уақытта, ешқандай жағдайда, сенің кім екеніңе қарамастан қазақ халқы көнбейтінін тоқып алған абзал. Бөкең әдебиет, тарих саласына қашан, қай қапталдан келіп қосылғанын білмеймін. Кенже келген секілді. Әйтпесе бұлай өрескел қатеге ұрынбас еді. Біреуге еріп, сөзін сөйлемес бұрын абайлап алған жөн. Ең қызығы- Қабдеш аға Батыр 1770 жылы көз жұмған деп нық айтатын. Ендеше, бір сөзіне күмән келсе
«шар» етіп, жағаласа қалатын ағамыз Нәсенов жалған сөйлегенде неге «тырс» етпеді? Ғажап! Қандай келісім бар?

Болат Нәсенов ағаның күдік келтірген деректерінің нақтылы тарихи шындығы осындай, ол кісі білмей бұлғаққа түскен. Жөнін айттық. Астанаға жолы түссе келіп кетсе болар еді. Мен Бөкең мен Қабдеш ағаға таныс емес әлі талай- талай тарихи деректер, естеліктер көрсетемін. Біразына аздаған күмәндарым болып, жариялай алмай отырмын. Өз уағы келер.

Камал Әбдірахман,

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы.

Астана.

                ]]>
Thu, 06 Jun 2013 22:30:57 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)қабанбайбатырларақмолақабдеш жұмаділовтарбағатайтарихшежіреhttps://yvision.kz/post/356386https://yvision.kz/post/356386
Қабанбай батыр Ақмолода жерленгенҚАРАКЕРЕЙ ҚАБАНБАЙ БАТЫР АҚМОЛАДА ЖЕРЛЕНГЕН

( Қабдеш Жұмаділовке жауап)

«Ақмола қаласы өзі негізі қаланған 1832 жылы қаладан 28 шақырым жердегі,
Нұра өзенінің бойындағы қыраттағы киргиздың (қазақтың) моласының үстіне
қойылған ескерткіштен атауын  алған.
Ақмола- тікелей «Белая могила» деп аударылады...»

Уфимцев, Омбы губерниясының коллегиялық хатшысы, 1851 жыл. (Ақмола бекінісіне жасаған
инспекциялық тексеру жазбасынан)

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ағамыз Қабдеш  Жұмаділов біршама сүбхаттарында, мақалаларында  Қаракерей  Қабанбай батырдың зираты қай жерде деген сұраққа
оралып отырады. Бір- жар жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіне осы мәселе жайлы мынадай жауап беріп еді: «Шығыс... Оның әулеті де, ұрпағы да осында, туған жері де осында, мына Барлық пен Барқытбелдің бауыры, Алакөлдің бойы. Ал, қайтыс болған жері де осы жақ. Қазір, иә, әркім әр саққа жүгіртіп жүр, ал менің көзқарасым басқа. Өйткені, біреулер аноу бір Астананың маңайындағы ескі бейітті Қабанбайдың бейіті деп жұртқа жаңсақ түсіндіріп, сол жерге кесене орнатты, маған айтқан да жоқ, ақылдасқан да жоқ, мәселен, айтпауға тырысты, ұрлап жасауға тырысты».

Қабдеш ағамыз мұнымен де тоқтамапты. «Жас Алаштың» үстіміздегі жылғы 28 ақпандағы санында «Қаракерей Қабанбай батыр өз өсиеті бойынша Тоқта тауының шығыс қапталындағы  Сарыбелге
қойылған» депті. Бірақ, бірде- бір нақтылы дәлел келтірмей, жалаң сөйлепті. Тарихқа беделін жүргізгісі келіпті. Алайда, ол кісінің «көзқарасы» нақтылы тарихи дәлелдер келтіргенде ғана ғылыми негізделген дәйек бола алады. Онсыз кез- келген «көзқарас»- жай сөз. Ағамыз үнемі дау- шар туғызып келе жатқан осы мәселеге «Жас Алаштың» орын бергені өте дұрыс болыпты. Қабанбайдың Ақмоласы-қайда? Қабдекеңнің амалын тауып, айналып соғып отырытын осы түйіткіліне жауап берейік.

Әңгіме «Ақмола» атауына байланысты болғандықтан Ақмола қаласының тарихына да аздап тоқталғанымыз артықтық етпес. Білгенімізді ортаға салайық.

Сонымен Қаракерей Қабанбай батыр қайда жерленген?

Бұл сұраққа жауап беру үшін мынадай мәселелер қамтылуы тиіс.

Аңыз, дастандар не дейді?

  1. Шежірелер мәліметі қандай? Ол ғылыми деректерге сай ма?
  2. Тарихи құжаттар бар ма?
  3. Топономика.
  4. Ғалымдар, ата ұрпақтарының пікірі.

Сонымен сөзді дастандардан өргізейік. Жырлардың негізінде, (Қазақстанның Ғылым Академиясында 18 дастан, Омбыдағы Потанин құжаттарында бір дастан, Қазандағы Университеттің сирек қолжазбалар бөлімінде бір дастан бар екенін Филология ғылымдарының докторы Болатжан Абылқасымов 1979 жылы жазып кеткен) дүние жалғанның өтерін түсінген Қаракерей Қабанбай батыр Қубас атымен арыздасып:

Мен келдім жетпіс сегізге,

Сен
келдің отыз сегізге. –деп қанша жасағанын айтады. Іле- шала:

Дүйсенбі, қарашаның, Он үшінде өтпекпін. – деп жан тапсырар күнін де атайды. Сонан соң:

Жиылып тегіс, ас беріп, Ту биені сойыңдар.

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар, – деп тапсырады.

Демек, бабамыз «от орны – туған жері» – Арқа екенін қадап тұрып, нақтылап көрсетеді.
Өзін Арқаға жерлеуді аманаттайды. Қабдеш аға елді иландырмақшы Тоқта, Барлық,
Сарыбел туралы жарым ауыз сөз жоқ. Батыр өсиеті көңіл сұрай келген дала аталығы
Бұхар жыраудың, Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай бастаған Үш Жүздің игі- жақсыларының,
найманның сөз ұстар азаматтарының, Гауһар- Майсарыдай батыр қосағының, «сен тұр, мен атайын» жеті ұлының, Назымдай батыр қызының алдында айтылады. Бұған дәлел Бұқар дананың:

Кеше түсте естідім,

Қабанбай ауру дегенді, –

деп, сол күні кешке қарай келуі, Үйсіннің Сарышуаш жырауының:

–Албанға келді бір хабар, Үйсінге түсті бір шабар,

Дулаттың жиын жақсысын, Арыздасып қалсын деп,

Өзіңе тарттық бір сапар, – деуі.

Сол заманның адамдары көңіл сұрауларын осылай бастайды. Хан Батырды науқас меңдегені, әл үстінде жатқаны жөнінде төрт тарапқа ат шаптырылған. Ғалымдар осы жылдары Бұхар жырау Асақарлыда (бүгінгі Осакаровка) отырғанын айтып жүр. Екі орта 65- 70 шақырым. Ендеше, қыс көзі қырауда Бұхар жырау келген жерге көрші қонысты Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр неге келмесін? Ол жылдары Абылай мен Дарабоздың қатар көшіп жүргені бесенеден белгілі. Енді ойланайық. Осындай алқалы топтың ортасында айтылған аманат орындала ма, жоқ па? «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ, намысшыл жұрт қайтсе де Хан Батырдың соңғы тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Орындамаса, сол күні қалың найманның, ну қаракерейдің тірідей өлгені. Бұл – даланың жазылмаған заңы.

Дастандардың біршамасында Хан Батырдың келіні, Дәулетбайдың келіншегі бүй дейді:

Есіл мен Нұраның

Арасына сыймаған,

Қайран менің қайнағам!

Әне, Хан батырдың көз жұмар тұстағы мекені қай жер екенін тап басып айтады. Мойын бұрғызбайды. Қабдеш ағаның Қаракерей Қабанбай батыр «...Жоңғар қақпасын күзетіп жатамын» деуі  шындыққа жанаспайды. Батырдың бұлай деуі мүмкін емес. Себебін алдыда айтамыз. «Жоңғар қақпасы» туралы бір
ауыз сөз- ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Қарақорымға сапар шеккен Вильгельм Рубрук пен Плано Карпинилер қақпаны екі түрлі атайды. Бірі «Тышқан қақпа», екіншісі «Тау қақпа» деп жазады. Ал Алакөл жырда бар:

«Айнала жел соғады Алакөлге,

Алакөл сусын болған талай елге.

Әркімнің өз тілеуі өзіне деп,

Қабекең көшіп кетті Сарыбелге.

Алайда, Қабдеш ағамыз Арқадағы Алакөл мен Жетісу, Семейге ортақ Алакөлдің үлкен йырмашылықтары барын білмейтін сыңайлы.

1. Семей, Талдықорғанның Алакөлінде ешуақытта айнала жел соқпайды. Не оңтүстік
шығыстан ебі, не батыстан сайқан (қыбыла) соғады.

2. Алакөлді – Итішпес дейді кейде. Себебі, суы ащы. Сусын болмайды.

Ендеше, бұл Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінің шығысындағы, 60 шақырымдағы әмісе айнала жел соғатын Арқаның  Алакөлі. Малға жайлы, ірілі- ұсақты хайуанның бәрі су ішеді. Бұл жақта үш Алакөл бар.

Енді Сарбелге келейік. Иманжүсіп «Абылай аспас Арқаның Сарыбелі» Нұраны басып, Ерейментаумен аяқталатынын ту заманда жырлап кеткен. Арқаның тең ортасы. Дәулетбайдың келіншегі айтатын Есіл мен Нұра, қатар ағып жатыр. Қайталап айтамыз, он сегіз дастанның бірде- бірінде Қабдеш Жұмаділов
ағамыз аузынан тастамайтын  Барлық, Барқытбел, Алакөл, Қоңырала саз айтылмайды. Бұл- жаңылысу.

Қазір кесене тұрғызылған жерді маңайдағы жұрт «Найман қорым» және «Қаракерей Қабанбайдың ақ моласы», «Қабанбай тауы» дейді. Кесене маңы қалың мола. Қабдеш аға айтатындай «айдалада, шырақшысыз жалғыз» қалмаған.
Молаға 1931 жылы Қабанбай атамыздың тікелей ұрпағы Қыдырмолда жырау үш түнеп, шырақшы болып отырған Досан ағадан көп әңгіме естиді. Байжігіттер шығысқа, Жетісуға көш түзегенде батырдың немересі Садырбай бір баласын шырақшылыққа тастап кетіпті. Қабанбай ұрпақтарының соңы Арқадан 1857 жылы қозғалыпты. Досан аға сол ұрпақтан. Осы адамды танитын сан адаммен өзім кездестім.

Тасқа басылған дерек бар ма дегенге келейік. Бар болғанда қандай! Тарих ғылымдарының докторы Н. Апполова «Қазақстанның ХVІІ- ХҮІІІ ғасырдағы Россиямен экономикалық және саяси байланыстары» атты еңбегінде: «ХVІІІ ғасырдың  қырықыншы- алпысыншы жылдары Арқада қауымдық жерлерді иелену аяқталды. Мысалы, Қабанбай батыр Есіл мен Нұрада көшіп жүрді» дегенді алдыға тартады.  Бұл орыс әйелінің Қабдеш ағамыз бен біздің арамыздағы неше жылдан бергі пікірталасқа еш қатысы жоқ. Орыс архивінен алғанын жазаған. 1760 жылдардың аяғындағы нақ осындай деректі мәскеулік туысымыз, тарих ғылымының докторы Н. Бекмаханова Кенесары туралы «Легенда о невидимке» деген кітабында атап жазады. Ар жағындағы бірер жылда Қаракерей Қабанбай батыр «от орнында»- Арқадағы Нұра өзенінің
жағасында дүниеден өтті.

Бері таман түссек, тарих ғылымдарының докторы семейлік Мұхтарбек Кәрімов мынаны айтады: «Мен профессор, тарих ғылымдарының докторы Нәби Дауылбаевтан дәріс алдым. Ол кісі ақмолалық. «Қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі Ақмоладан отыз шақырым жердегі «Октябрь совхозының территориясында жатыр» деп үйрететін.

Тура осындай деректі Қазақ Мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы
Байтұрсын Дәрішев те үнемі шәкірттеріне сіңіріп отырады екен. Үш жыл бұрын тарих ғылымының докторы Едіге Уәлиханов  соны бір дерек келтірді. Онда да Қаракерей Қабанбай батыр 1770 жылы  Арқада- мола тұрғызылған жерде  отыр және найманның сөзұстары.   Біз тарихи деректеріне сүйеніп отырған жеті ғалым архивте жылдап отырған, бұра тарту дегенді кәперге алмаған азаматтар.

Көздеріңіз жеткен шығар- дастандардағы деректер мен нақтылы ғылыми негізделген мұрағаттық жазба деректер бірдей шықты. Әдетте шежіре- ауыз әдебиетінің деректері мен тарихи дәлелдер сәйкесе бермей,
әр қиырға тартып тұратын. Қаракерей Қабанбайдың моласы тұрған жер жайлы бірауызды. Бұл – бір және ең бастысы.

Күні кеше кеңес үкіметі құлағанша Семей, Өскемен, Талдықорған өңірінде Қаракерей Қабанбай, оның аталастары, ата- бабалары, ұрпағы, замандастарына байланыстырыла қойылған топономикалық атау бар ма еді?  Ал Арқада ше? Ақмола облысының картасында ғана Байжігіт, Жанжігіт, Қожақұл, Шүңет, Шахаман, Әлі, Мырзакелді, Садырбай, Жангөбек, Байгөбек, Кешу, Жолымбет, Еспенбет, Есенгелді, Ағанас, Қалытон, Ақымбет, Шағалақ, Жапақ атаулары кезігеді. Бұл орыс әбден басып кеткеннен кейін
қалғаны ғой. Егер орыс алғаш келген 1830 жылғы картаны таба алсақ, тіпті кенелер едік. Қабдеш аға осындай атауларды білмейтін секілді.

Десек те, сөзімізге қайта оралайық. Егер Қаракерей Қабанбай батыр 1760 жылдары, Қабдеш ағамыз айтатындай, Алакөлге жете қонса, неліктен ол маңда бірде- бір топономикалық атау Қабекеңе байланыстырылмайды. Қабекең тұрсын, ол кісінің аталары да бұл жақта тумаған.  Батырдың аталарының
да- Байжігіт, Мәмбет, Қожақұлдардың туған, өлген жері Арқа, Нұра бойы. Бұған жоғарыдағы деректер дәлел. Бұл – екі.
Әңгіме арасында айта кетейік. Қытайдағы қазақ ғалымдарының ағасы, қазақ тарихының аса білгірі Нығмет ата Мыңжан қазақ хандығы шаңырақ көтергенде наймандар негізінен, Сыр бойында, Ұлытаудан тартып, солтүстікке қарай Есіл- Нұрада, одан әрі мекендегенін жиырма жыл бұрын «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітабында жазып қалдырған. Қытайда өсіп, білім алған Қабдеш ағаның орыс, қазақ ғалымдарын оқымаса да, Нығмет атаны білетін жөні бар еді. Амал қайсы?!

Қытайда танылған және бір дара тұлға Кәрібай Таңатарұлының «Мұрын және Байжігіт» атты дастаны бар. Оқиғаны  Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, төбе би Сүлейменнің айтуымен 1916 жылы жыр
жолдарына түсіріпті. Дастан «Отырар» кітапханасында сақтаулы. Осы дастанда Байжігітке қалыңдық іздеген Мақта қыз Матай ішіндегі Қаптағайлардың Бақберген деген азаматының  үйіне жолай түседі,
Бүрлен деген қызын ұнатқаны айтылады. Содан:

Жайлауы Дәулеткерей, Есіл, Нұра,

Құдалық бұрынғыдан қалған мұра.

Аттанды ел жайланып, отырған соң,

Жолымбет көп жолдаспен бас боп құда.

Міне, Қабанбайдың арғы түп атасы Байжігіт Есіл, Нұра бойында отыр. Сол жердегі матайға ағайын болмақ. Қабдеш ағаның «Қабанбайдың ата- бабаларының мекені шығыс» деуі жалған айтылған.

Үшінші.
Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған 1770 жылы (Бұл да жорамал. Қазір екі дерек табылды. Атамыз бұл мерзімнен сәл кеш өтуі де мүмкін сияқты. Сол деректі зерттеудеміз) Алакөлде кім отырды? 1785 жылғы 13 шілдеде Шанышқылы Бердіқожа батыр Семей бекінісінің комендантына мынадай жағдайды жеткізіпті: «Аягөз өзенінің сол жағалауына өткізбейді. Қарақолға қарай өтіп едік, қуып тастады».
Нақ осы кезде Аягөздің оң жағалауында  Жаңаби бастаған 700 үй байсуандар, Долы, Дәулет бастаған 400 шаңырақ албан- қоңырбөрік,  Әжібай, Алтай бастаған 300 шаңырақ қызылбөрік (ол да албан), Қойсоймас, Қараша бастаған 1500 шаңырақ шапырашты, Атанбай бастаған 700 шаңырақ найман- қызай, 600 шаңырақ ақбарақ, ақболат Итемген, Жошан билердің басшылығында, Садық бастаған 120 үй қаңлы, Игілік бастаған 500 шаңырақ қашқарау, Жолдыбай, Шымырбайлар бастаған 600 шаңырақ жалайыр, Байғабыл, Өтеп
бастаған 100 шаңырақ жаныс (дулат), Тайлақ батыр бастаған қайнардың 600 шаңырағы отыр. Олар 1758- 1762 жылғы Қандыжап- Мамырсу келісімдеріне сәйкес Аягөзді кешіп ары өте алмаған.

Осыдан сәл ертерек, 1772 жылы (Атамыздың өмірден өткеніне екі жыл толған) Алакөл, Тарбағатай, Барлық, Барқытбелді, Ақсу, Сарқанды кім мекендегенінен Қабдеш ағамыздың хабары аз. Ол кісі тарихи құжаттармен жұмыс істемеген, архивтерде отырмаған. Әйтпесе, 1772 жылы Н.Г.Андреев Сарқан, Ақсу бойында хойттар; Алакөл, Үржар, Барлық, Тарбағатай Шәуешекте шаталақ, аладой, бугунут, тунгут, орат,
ардахинь, жахауин, кумирен тайпаларының қалмақтары көшіп жүргенін, олар қытайға бағынышты екенін тайға таңба басқандай етіп жазып қалдырған. Нақ осындай деректі Н.Аристов да ұстанады. Сөз түгел болсын, айта кетейік. Сол мезетте цаган, харацин, нарцин рулары күнгей Алатаудан, Шелектен, Ұлыңғыр көлінен, Бош- Шагансудан (?), Көксу, Қаратал өзендерінің бойынан, Қопалыдан көрінеді. Осыдан қытайлар 40- тай әскери топ құрыпты.

Бұл деректерге күні бүгінге дейін бірде- бір сауатты қазақ тарихшысы талас тудырған жоқ. Ал

А.Г.Андреев кейіннен қазақпен қоян- қолтық араласып, тілімізді жетік меңгереді. Орыс пен екі ортадағы туындаған шаруаны қазақ жағы осы адам арқылы шешіп отырыпты. Қазақтар Андреевке үлкен сеніммен, сыйласыммен қарапты: «Семейтау» – қазіргі Семейдің жанындағы жер атауы екенін сол тұста жазып кетті. Бұған да рахмет.
Кейбіреулер «Семей» – «Семипалатинск»  деп жаңылдырып келді ғой.

Қазақ пен қалмақтың шекарасын 1810 жылға дейін Аягөз бөліп тұр.

Ш. Уәлиханов, М. Тынышбаев, Х. Қалиди, Н. А. Аристов, А. Г. Андреев, Қ. Жанұзақов әлем таныған
тарихшылар. Бұлардың тарихи деректерін жоққа шығарған әзірше бірде- бір ғалым кезікпейді.
Сол ғұламалардың барлығы бірауыздан «Наймандардың Аягөзден өтіп, сол жағалауға қоныстануы 1810 жылдан басталады» деп жазып кеткен. Ол тұста Қаракерей Қабанбай батырдың дүниеден өткеніне – аттай қырық жыл. Дарабоз елінің Тарбағатай маңынан алғаш көрінуі, Байжігіттердің орыс құжаттарына түсуі – 1817 жыл. Онда атамыз жерленгені 57 жыл толған. Ал Алакөлге жете қонуы тіпті бері. Мөлшері 1850- 1860 жылдарға дейін Итішпесті қызайлар мекендеген. Мұны тарих ғылымының докторы, сол өлкенің
түлегі М. Кәрімов нақтылы дәлелдеген. Осы мөлшерде Тазабек би бастаған қызайлар ағайын арасындағы өкпемен жер ауыстырады. Босаған өлкеге қаракерейлер орналасады. Бұл, міне, Қабдеш ағамыз айтатын жер. Мұнда  Дарабоз елі- Байжігіттер Хан Батыр көз жұмған соң, 80- 90 жылдан соң жетті. Ендеше, атамыз мұнда қалай жерленбек?

Енді, Арқаға айнала соғайық. Жоғарыда топономикаға тоқталдық. Самсаған Қаракерей, оның ішінде Сыбан мен Мұрындар. Оған қоса М.Тынышбаев: «Матайдың ұраны- Бөрібай.
Бөрібай батыр ұлдарымен бірге 1740- 1745 жылдары Сарысу бойында, Атбасар өңірінде жерленген» дегенді жазып кеткен. Осы маңнан терістікке жүрсек, Омбы мен Қызылжардың ортасына төтелей түсесің. М. Кәрімов: «Тоқтарқожа Байыс бидің жылқысын баққанда би ата Қазаншұқыр, Қараағаш,  Жалтыркөл деген жерді мекендепті. Бұл Мұрын шежіресінде айтылады. Ол тұста Байжігіттер Мұрынның құрамында болып, Мұрын –Байжігіт аталыпты. Кейін тез өскен соң, Байжігіт өз алдына шығады», – дейді.
Осы Қазаншұқыр, Қараағаш, Жалтыркөл атаулары сол күйі әлі тұр. Ұмытылмапты.

«Сонау жақта қалай жүр?» деп Қабдеш аға таңданбасын. Найман ХІІІ ғасырдың басында бүгінгі мыңғұл жерінен құлаған. Басы тәжіктегі таулы Бадахшан, өзбек, қырғыздағы Самарқан, Ошқа өтіп кеткен. Самарқаннан 40 шақырым жердегі Өкіреш Шалдың қабірстанын 2009 жылғы ақпанда таптық. Өкіреш Найман, Қара найман, Қызыл найман, Дүрмен найман ауылдары бар екен. Басына «Укірач қобирстаны» деп, 1988 жылы үлкен қызыл жұлдыз темірден белгі қойыпты. Оны 2010 жылы қазақтар ауыстырып, биіктігі үш метр граниттен құлпытас қойдық. Одан бері Төлегетай баба
(Төлек атай) Сыр бойында – Жаңақорғанда тынымдаған. Қытай Жезқазған маңында секілді.

Арқадағы жоғарыда келтірген найман атауы кездейсоқ па? Жоқ бұл – наймандардың от орны.
3. Сәнік ағамыз- Дарабоздың тікелей ұрпағы: «1824 жылы Нұра өзенінің бойындағы Ақымбет ауылында барлық наймандарың түселі өтті» дегенді Бейсенғали Садықанның жазба деректеріне сүйеніп жазады. Нақ осы деректі Омбының мұрағатынан таптық.
Онда «В году 1824, по реке Нура, прошел съезд всех найманов» делінеді. Осы түселде наймандар ақ патшаға жеті талап қойған хат жолдапты. Соның біріншісі:
«1. Бұл жаққа келсеңдер, жер наймандікі екенін мойындайсыңдар». Бұл не деген сөз? Демек, сол тұста Ақмола наймандар мекені ғой. Сондай- ақ, ең соңында:

«7.Біз тек патшаға бағынамыз. Бізді 3 жыл сайын патша өзі қабылдасын». Мұндай сөзді кім айтады? Патшаға кім доңайбат көрсетеді? Өзіне, жан басының молдығына сенген ру ғана сөй дейді. Қабдеш аға түсел өткізу үшін қалың найман Тоқты, Барлық, Өскемен, Жетісудан сойыс малын айдап, үйлерін көтеріп, ит арқасы қиянға сабылып келмейтінін түсінетін шығар. Найман түселі найманның қақ ортасында
өткен. Ал екінші найман түселі бір айтуларда 1897 жылы, екіншілерде 1905 жылы өткен деген мағлұмат бар. Жазушы ағам қытайда шыққан осы деректерді қалай ғана білмейді?

Келесі бір дерек- 1830 жылы подполковник Шубин бастаған экспедиция маусымда Ақмолаға келіп
тоқтады. Осы жердегі халықтың жан санын алады. Сонда Ақмола маңында жиырма бір мың шаңырақ найман отыр. Арғын алты мыңның үстінде. Жиырма бір мыңның он жеті мыңы қаракерейлер. Бұл мөлшері 75- 80 мың жан. Үш мың шаңырақтай матай, бір мың шаңырақтай төртуыл түседі есепке. Ал Ақмола маңынан ары отырған наймандардың тізімі алынбаған. Бүгін Астанадан батысқа қарай, Есіл қаласына дейін наймандар мол отыр. Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожа, осы өлкеде туып- өскен тарихшы, профессор Баянғали Құсайынов және бірнеше адам  ол жақты екі күн аралап көрдік.

М.Тынышбаев 1917 жылы 830 мың найман барын патша санағына сүйене мәлімдейді. Ал, 1830 жылы
ше? Ары дегенде 400- 450 мың. Қазақ наймандары ол кезде де, бүгін де – Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Сарыжомарт, Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл, Терістаңбалы болып, он атаға өрбиді. Не себебі барын түсінбейміз Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Ақмола маңайындағы Дүрмен наймандар шежіреге кірмепті. Ендеше, 1830 жылы қаракерей қанша өсті десеңіз де, 100- мыңнан аспайды. Олай болса,
1830 жылы барлық қаракерейдің 75- 80 пайызы әлі Арқада, Қабанбай батырдың Ақмоласы маңында отыр. Ендеше, Батыр осында, өз жұртыңың ортасына жерленбесе, енді қайда жерленеді?

Сөз реті келген соң айта кетейік. Ақмола өңірінің өткеніне аса жетік адам Клара Әмірқызы еді. Ақмолада 21 мың шаңырақ найман отырғанын, оның 17- мыңы қаракерей екенін «Егемен Қазақстан» газетіне 1991 жылы Омбыдан алған деректерін көрсетіп, алғаш жазған осы апайымыз:

– Бұл жақта екі Ақмола болған. Бірі – Қаракерей Қабанбай батырдікі. Оны үлкен Ақмола дейтін. Екіншісі – Қыпшақ Нияз бидікі. Оны кіші Ақмола дейтін. Расында да Нияз атанікі Қабанбай атанікінен әлдеқайда кіші еді. Ертерек құлапты. Үйіндісі бар.
Ал Қаракерей Қабанбай батырдың моласы 1950 жылдардың аяғына дейін тұрды, –дейтін.

Кереметі – бұл сөздің де тарихи құжатын таптық. 1851 жылы Омбының коллегиялық секретары
Уфимцев Ақмолаға жасаған инспекциялық сапарынан соң, былай деп жазыпты: «Город Акмолинск
при основании своем в 1932 году назван по белому памятнику, находящиемуся над киргизской (қазақ дегені) могилой, от города в 28 верстах, на сопке лежащей вдоль берега реки Нуры. Слова «Акмола» на языке туземцев выражает буквально «белую могилу». Между туземцами есть предание о могиле большого размера (улькун) сложенных из квадратного кирпича...» Аңдадыңыз ғой, әңгіме үлкен Ақмола жайында. «Ақмола» атауы қайдан шыққаны жөніндегі жалғыз нақтылы тарихи құжат әзірше осы ғана. Қабдеш ағамыз бұл деректі қайдан білсін. Ал қалған айтуларға сенім жоқ. Дерексіз. Қалай десе де «Ақмола» атауы Клара апамыз айтқан екі моланың бірінен шыққан. Бүгін «мынадан» деп, дөп басу қиын. Тағы бір дау
шығару қажет емес.

Айта кетер бір жағдай- 1832 жылы Ақмола бекінісіне қарасты Алшын- Жағалбайлы болысы өз алдына жеке құрылады. Болысы- Қабанбай Байғұлов. Ал, сол кезде қолданылған Сперанскийдің Ережесі бойынша бір ауылда 10 шақты үй, бір болыста 50 шақты ауыл болуы тиіс. Демек, алшындар мен жағалбайлылардың үлкен тобы Арқада ежелден отыр. Сол сияқты жалайырлар да біршама.

Мына бір пайымға назар аударайық. Ақмола бекінісінің негізі 1832 қаланды. Демек, 1851жылға дейін бар- жоғы 19 жыл өткен. Ендеше, Ақмола бекінісінің тұсау кесер тойында болып, 7 зеңбіректен оқ атылғанын, Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының дуан басы болғанын, Ақмоланың салт атты қазақ атқа мініп тұрған Гербісі қабылданғанын,  Ақмола атауының қайдан шыққанын нақтылы білетін адамдардың көзі тірі. Уфимцев деректері осы себептен күдік туғызбайды. Ол нақ сол қазақтардан, патша шенеуіктерінен алғанын жазып қалдырған.

Осынша тарихи құжаттар нені дәлелдейді? Қабдеш ағамыздың пікірі түбірімен қате, жазушының фантазиясына құрылған, ешқандай тарихи құжатқа сүйенбеген, ғылыми негізі жоқ екенін көрсетеді. Жалпы, Қабдеш ағамыз әр жерде, әр кезде, әртүрлі пікір айтады. Тұрақты позиция ұстамайды, құбылып, ауытқып отырады, өз сөзінен өзі айный береді. Ту баста Ақмоладағы ескерткіш кімдікі болса да, Қаракерей Қабанбайдікі емес деген сыңай танытты. Сөй дейтін себебі бар. «Дарабоз» атты кітабында бабаны Алакөлден шығысқа қарай жерлеп қойды ғой.

Одан соң «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қотыраш Қабанбаев деген болыпты. Соныкі болуы бек мүмкін» деді. Подполковник Шубин бұл кісіні 1830 жылы маусымда Санжар Қасымұлын (Кенесарының ағасы) және Кенесарыны шақыруға жұмсағанын Омбыға түсірген ақпаратында жазады. Қабдеш ағам бұдан, әрине, бейхабар.  Хатқа алғаш түсуі – осы сәт. Отыздан жаңа асқан жігіт. Еттірі азамат. Әкесінің аты – Қабанбай. Әке мен баланың арасы 25- 30 жыл десек, Қабанбай әке мөлшері 1770- жылдарғы. Бұл Дарабоздың көз жұмған шағы. Ырымдап ат қойылған сияқты. Бірақ, бұл Қабанбайдан Қотыраш тууы үшін ол үйленуі, балалы болуы қажет. Сонда, тіпті, ол Қабанбай 16 жасында үйленді, ертесіне өліп, әйелі ауыр аяқ қалды десек те, Қотыраш 1786 жылы туады. Осы мөлшерде Қотыраштың әкесіне кесене тұрғызылуы керек. Алайда, 1778 жылы капитан Бардашев  «Ақмола»  деген атауды алғаш рет орыс жазба дерегіне түсіреді. Оның алдында Рычков пен Шангин 1770 жылы Ақмола өңірінің картасын жасап, көп аралайды. Олар Ақмоланы ауызға алмаған. Жазбаларында кезіктірмедім. Себебі, атамыз осы жылы қарашаның 13- інде (қазақша ай санаумен) көз жұмады. Қабдеш ағамыз осындай деректерден мүлде хабарсыз. «Маған телефон соғып, «Қотыраш Қабанбаев деген болыпты деді» деп жазады. Бар- жоғы осы. Қотыраш Қабанбаевты телефоннан ғана естіген.

Әрі кесене салынған  қыраттың осы тұсын жергілікті жұрт «найман қорым» атайды. Ауылда өскен қазақ баласы білетін шындық бар. Ол – Қабанбай заманы емес, тіпті, бертін де екі ру бір қорымға кісі қоймағаны. Себебі, аталарымыз моласымен шекарасын, жерін  белгілеп отырған. Сондықтан да
«найман қорымға» арғынның қанжығалысының биі жерленбейді. Бұл жазылмаған заң еді ол кезде. Оның үстіне Қабдеш аға қанжығалы Қабанбай би Қаракерей Қабанбайдан елу жыл кейін өмір сүрген дейді. Онда бұл жарықтық би Ата, мөлшері, 1820 жылдары туады. Бірақ, зират  Бардашев жазғандай би Ата туардан 42 жыл бұрын, 1778 жылдан белгілі. Бір дерек аз десеңіз, Демидов деген кеңесшінің 1825 жылғы мына мәліметіне назар салайық. «По р. Нуре, у горы Ак- Мула кочует известный в степьи хан Вали». Сонда қалай болғаны? Қателессек аруақ кешірсін, бұл жылы  би Ата туды ма екен? Өтіріктің ең құрыса қисыны болушы еді. Қабдеш ағамда  ол да жоқ. Бірақ, Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінен үш шақырым Нұраға қарай кейінірек өткен арғын Қабанбайдың моласы бар.

Ақмола жайлы сөз қозғаған соң мына бір деректерге соқпай кетуге болмайды. Жоғарыда Ақмоланың
астана болатыны құдайға ғана аян екенін айтқан едік. Десе де, 1846 жылғы 31мамырда Адольф Янушкевич «Даланың болашақ астанасы- Ақмола» деп жазып кетіпті. Бұған не дерсіз? Осы автор  Ақмоланы- «Ақ тау» деп аударыпты. Мұнда да бір сәйкестік бар. Қабанбай батыр мен Нияз би аталардың
моласы маңынан жер қазсаңыз бір күрек бойламай- ақ ақ қеріш топырақ шығады.

Бір сүхбатында Қабдеш ағамыз тіпті асыра сілтеп: «Сол кездегі тәртіп бойынша батырларға, дұшпаны, қасы көп батырларға кесене тұрғызылмайтын. Қойғаннан кейін топырағын тегістеп, үстіне шым қалап,
батырлардың қас жаулары оларды қорламасын деп зираттың орнын тегістеп жіберген» депті. Ал «Дарабоз» романында мүлдем басқаша жазып еді: «Белгі ретінде басына тас үйілді. Алайда туыстары алыстан тас әкелуді қиынсынып, орташа ғана оба тұрғызған. Келер жылы Самарқаннан ұста алдырып, айшықты күмбез орнатамыз дескен- ді. Амал не, ол да орындалмайтын көп сөздің бірі болып қала берді...Әне-міне деп жүргенде, ұрпақ ауысып, ел жаңаланды. Зират басына үйілген обалар мүжіліп, бірте- бірте жұрт жадынан өше бастады». Қайсысына сенейік? Тағы да екі сөйледі. Мұндай «тәртіпті» Қабдеш ағамыз жанынан шығарған. Тұтастай жалған. Себебі, Албан Райымбек, Керей Жәнібек, Мұрын Нарбота, Тоқпақ Қасабай, Дулат Бармақ батырлардың бейіттері осы батырлар соғысқан, жауларын күйреткен
қалмақпен шептің үстінде, қырғызбен шекарада. Ендеше, неге Аягөздің ар жағында төбесін күнде көріп отырған қалмақтан қорықпай Нарботаға, Қасабайға, Әлі батырға, Боранбай биге, Керей Жәнібекке тағы да басқа аталарға кесене салынған. Ал Райымбек, Сәмен, Бармақ батырлар қырғызбен ең көп соғысқандар. Оларға да төбе астындағы қырғыздан қорықпай кесене тұрғызылған. Бұл аталарда жау жоқ па еді?
Қабдеш ағамыз жоқты айтады.

Оның үстіне қалмақ, Есіл- Нұрадан Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанда 1000 шақырым жырақта .Әбден тынышталған. Қазақты шаппақ тұрсын, қытайдың қырғынына түсіп, басымен қайғы болып кеткен. Әрі, 1758, 1762 жылғы Қандыжап- Мамырсу бітімдеріне сәйкес қытай тарабы қалмақтардың алдағы уақытта қазақ жеріне өтпеуіне кепілдік беріп, қазақ пен қалмақтың арасында әскер ұстап отырған. Бекіністер салған. Мысалы, Үржардың жанындағы Талды деген жерге 1762 жылы қытай генералы орналасып, оны өз ыңғайына қаратып Бәйар атапты. Онысы Ақжар дегені. Ауыл қазір осылай
аталады. Демек, қалмақтан еш қауіп жоқ.

Қырғыз да бас көтеруден қалған. Абылай мен Қабанбай қолы оларды тас- талқан етіп, тентіретіп жіберген. Ендеше қалың қазақтың ортасындағы кесенеге кім тиіседі?
Қабдеш ағанікі өз білместігін көлегейлеу амалы. Енді мынаны оқыңызшы: «Қоңырала саз» деген жерде Қабанбайдың жайлауы болған. Қайтыс болған жері де сол Барлықта». Ағамыз Ұлы Сардардың өмірден озған уақытын да білмейді. Әйтпесе, қараша айының аяғында жайлау қайда! Ел қыстауда ғой! Атамыз қазақы жыл, ай санаумен қарашаның 13- інде қайтады. Бүгінгі қарашаға қазақылану үшін 13- 14
күн қосамыз.  Сонда  26- 27 қараша, Арқада саршұнақ аяз. Саят Қожашев ақсақал қыс болғандықтан мола үстіне Батырдың сегіз қанат киіз үйі тігілгенін, оны жаз шыққанша күзету үшін жанына және екі үй тігіліп, көңіл айта келгендерді осы үйлерде қарсы алып отырғанын жазып қалдырған еді. Қабдеш аға
тіпті лағы кетеді.

«Дарабоз» романында тарихи шындықтан ауа жайылатын тұс көп. Қажет болса санап, дәлелдеп береміз.
Екі- үш мысал. Жазушы ағамыз Қабанбай батырдың кенжесі Әлі батырдың бәйбіше, тоқалдарын ажырата алмайды. 1760 жылдары Қаракерей Қабанбайдың найманға Алакөл, Тарбағатай, Барлық маңындағы жерлерді бөліп, әр рудың орнын белгіледі деуі – Қабдеш ағамыздың фантазиясы. Бұл өңірге наймандар Қаракерей Қабанбай батырдың қайтыс болғанына 40 жыл толғанда аяқ басады.

Атап көрсететін бір оқиға- Қабдеш ағамыздың романында Қабанбай Сардар Үрімжіге сауда қуып баратыны бар. Бірақ ғұмырын Ұлы Бабасы Қаракерей Қабанбайды зерттеуге арнап келе жатқан, батырдың кіндік төлі Зейнолла Сәнік қытайдан мынадай хат жолдапты: «Бабамыз Үрімжі саудасына бармаған. Оған сол кездегі Үрімжінің амбыны Нусанның Бейжіңге жолдаған мына ақпараты куә: «9 айдың 17 күні Бас батыр Қабанбайдың баласы Едіге мен інісі Туматай бастаған алғашқы қазақ сауда тоғанағы келді. 57 адам. Олар 380 жылқы әкелді». (Дерек «Маңшың үкіметінің Батыс өлкелермен сауда- саттық»  атты кітабінен алыныпты) Нақтылысы осылай. Қабдеш ағамыз қытай дерегін тапқан Зейнолла Сәнікті «суайт» деп айдарлапты. Алайда ол кісінің жазғандары түгелдей тарихи деректермен дәлелденген фактілер. Зекеңнің айтары тек шындық. Ендеше нағыз судыр- суайт кім екенін жұрт түсініп отырған шығар. Қабдеш ағаның
«оралман» деп тиісе беретіні осы кісі сияқты. Күлкілісі, Қабдеш ағамыз да сол «оралмандардың» бірі- қытайдан келді емес пе? Мұнысы несі?

Қазақ жұртының қайда, қашан орналасқанын білудің бір жолы – ата-бабалардың моласы.
Мысалы, ХІV- ғасырда найманның үлкен бөлігінің Самарқанда отырғанын Өкіреш Шалдың, одан бері Сыр бойында тұрғанын Төлегетай бабамыздың, Арқада, Есіл- Нұрада мекендегенін Қаракерей Қабанбайдың молаларынан білуге болады. Ал Қабдеш ағам айтып отырған Барлық, Үржар, Тарбағатай, Алакөл маңындағы ең көне зираттар нақ осы 1810 жылдан бері көтерілген. Мәселен, Семей өңіріндегі ең көне молалардың бірі – Ырғызбай әулие, Талдықорған өңірінде Көтен тәуіп әулие мен Шіре ана. Бұл
кісілер ХІХ ғасырда өтеді өмірден. Мұндай деректерді Қабдеш ағамның білмейтініне бәс тігемін.

Сондай- ақ, осы өңірде отырған «менмін» деген шежіреші қарттар алты атасынан арғы бабаларының зиратын дәлдеп айта алмайды. Бұл – 150 жыл. Міне, сізге тағы бір қазақы дәлел. Егер найман осы жақта Қабанбай батырдың арғы аталары туғанда отырса неге аруақтарын ұмытып қалады?

Осы тұста Күдеріқожа бабамыздың «Найманда елдің ағасы, алтынды тонның жағасы» деп басталатын толғауындағы:

«...Қайран Есіл- Нұрамыз,

Қайда барып сиямыз».

деген жолдарды да еске сала кеткен артық болмас. Күдеріқожа  толғауын көш үстінде, Қарқаралыда айтыпты.

Қазақ тарихының білгірі, тарихшы, Академик Манаш Қозыбаев Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесіне үш рет келді. Үнемі адам көп кезде ат басын тірейді. Сол ғалымның былай дегені бар:

– Сен, Камал, айналайын, мына кесене салынбай тұрып- ақ маған келгенсің. Сонда не айттым? Негізінде,
әрбір тарихи оқиға, тарихи факті, тарихи тұлға үш фактор арқылы мойындалады, сөйтіп қана тарихи шындық ретінде қабылданады. Ол, бірінші – халықтың мойындауы, екінші – тарихи дәлелдердің сәйкестігі, үшінші – мемлекет тұрғысынан мойындау. Ара- тұра, бірінші фактор қазақ жағдайында жазба дерек емес, шежіреге сүйенетіндіктен тура болмайды. Оны қосымша дәлелдеу қажет.

Енді, нақтылы Қаракерей Қабанбай батырға келсек, дастандарда айтылатыны – Арқа, оның ішінде Нұра бойы. Қабанбай атамыздың жағдайында бұл фактор халықтық тұрғыдан толық мойындалған. Ал тарихи дәлелді өзің айттың. Оның үстіне мен де көзім жеткен соң келемін. Мұны мен саған кесене салынбай тұрып жолыққаныңда Алматыда айтқанмын. Мемлекеттің мойындауына келсек, мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың кесенені ашуы – үшінші фактор болып табылады. Әрі Әбіш бауырымыз мен басқаратын
Тарих және этнология институтымен, менімен ақылдасты. Бұл – Қаракерей Қабанбай батырдың моласы. Кім не десе де, шындық осы. Қалғандары, әсіресе жазушылар, айта береді. Сенікі дұрыс.

Қабдеш ағамның бір мақаласындағы мына жолдар назар аударуды қажетсінеді: «... кесене орнатты маған айтқан да жоқ, ақылдасқан да жоқ, мәселен айтпауға тырысты, ұрлап жасауға тырысты». Қып- қызыл өтірік. Кесене салынып жатқанын естімесе, білмесе алдын- ала «Қазақ әдебиетіне» мақала дайындап, таласа жөнелер ме еді? Бәрін біледі. 2000 жылғы көктемде Қайрат Сатыпалды бастаған ұлттық Ат спорты
Федерациясы барлық республикалық баспасөзге, оның ішінде «Қазақ әдебиеті» газетіне де Қаракерей Қабанбай батыр кесенесін салуға сауын айтқан мақалалар, жарнамалар берді. Есеп- шотын айтты. Семей, Өскемен, Талдықорғанның облыстық газеттеріне басылды. «Хабар», «Қазақстан» телеарналары әлденеше хабар беріп, құрылыс жұмысымен таныстырып отырды. Ендеше, Қабдеш ағамыз газет оқымайды,
теледидар көрмейді дегенге сенесіз бе? Мен сенбеймін. Демек, «ұрлап жасады, жасырды» деген сөзі түбірімен жалған. Кесене жұмысы жалпы жұрттың көз алдында жүрді.

Бірақ бір расы бар. Ешкім Қабдеш ағадан ақыл сұрамады. Ағамыздың бір өкпесі осы жерде жатпаса деңіз.

Жалпы, бір- жар ағаларымыз Қаракерей Қабанбай батырды жекешелеп алғысы келеді. Бірақ Ұлы Қолбасы приватизацияға жатпайды. Бабамыз қазақ қана емес, иісі түркі, арысы мұсылман үмбетінің ортақ батыры, ортақ мақтанышы. Осы себептен де Қаракерей Қабанбай батырдың мұрасын зерттеу, кесенесін көтеру үшін ешкімнен рұқсат сұралмайды.

Алдыңғы жылдары Қабдеш ағамен тілдесіп қалдық. Таң қалғаным: жазушы ағамыз Дарабоздың жұрт сақтап отырған заттарының бір де- бірін білмейді. Мұны қалай түсінесіз? Бүгін бас Сардардың сапысын, жалбағайын, қалпағын, басқағын, қылышын, оқшантайын, қолтырамышын, кісесін  ұрпақтары ұстап
отыр. Аралап, тауып,  қалпағы мен кісесінен өзгесінің бәрін өз көзіммен көрдім. Суретке түсіріп алдым. Осыны айтқанымда ағамыз «Ойбай, көп емес пе?» деп аса жаратпаған сыңай танытты.
Сондай- ақ батырдың атасы Мәмбет батырдың Туын да ұрпағы көзіндей көріп, сақтап келеді. Туматайдың шапаны және бар. Ағамыз ел арасынан дерек жинаса оларды білер еді- ау.

Айтқандайын, ілгеріде өткен бабалардың кім екені көңіл айту, естірту, жоқтау үстінде көрінетіні бар. Сондай жоқтауды Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанда, Мырзакелді атамыз Назым анамызға жазып берген екен. Мұны бізге атаның тікелей ұрпағы Қ. Әубәкірұлы айтып беріп еді. Соның үзіндісі:

Жиылып тегіс ас беріп,

Қайтқан жерін айтайын – Есіл- Нұра арасы.

Ақ атанын шөгеріп,

Жатқан жерін айтатын – Сарыбелдің сағасы.

Ол кісі жоқтауды шөбере ағасы Мұстахымнан естіген екен. Бұған нендей қарсылық жасайсың?

Манадан бергі деректерді, дәлелдерді жинақтасақ, мынадай түйінге жетеміз:

1. Қаракерей Қабанбай батыр Арқада туып, Нұра өзенінің жағасындағы Сарыбелге жерленген;

2. Наймандардың топтала Аягөздің сол жағалауына өтуі 1810 жылдан бері.

3. Байжігіттердің бір тобының Тарбағайға жете қоныстануы 1817 жылдары. Осы маңда бұдан ерте қойылған бірде- бір найман, бірде- бір Байжігіт сүйегі жоқ.
Қаракерей Қабанбайдың замандастары мен балалары Арқада, Аягөздің оң жағалауына қойылған. Мысалы, Әлі батыр атамыздың кенжесі. Дарабоздың қырық жеті жасында туған деседі. Әлі батыр ұзақ жасапты, сексеннен мол асып, қайтыс болыпты. Сонда Әлекең мөлшері 1735 жылдан бері туса, 1820 жылдары өмірден өткен. Бұл да Байжігіттер Аягөздің сол жағалауына 1817 жылдан кейін өтті деуімізге – бір
дәлел. Қазақ салтында кенже ұл – Қарашаңырақтың иесі. Әке мен шешенің сүйегі осы үйден шығады. Ол заманда бұл қатаң сақталған. Ендеше, Хан батыр 1760 жылдары Алакөлге жетіп алса, Әліні неге тастап кетеді. Тағы да қисынсыз- ақ.

Нарбота мен Қасабай батырлар 1757 жылы Әмірсананы қуып келген  Фу Денің әскерімен соғыста ерекше
көзге түседі. Нарбота соның алдында Әмірсананың таңдаулы бес жүз жанкештілерін қырып салады. Осы оқиғалар нақтылы деректелген Ю. Кузнецовтың «Әмірсана» атты монографисын оқыса Қабдеш ағамыз жаңылмас еді. Бұл екі атамыздың да бейіттері белгілі. Жасырған түгі жоқ. Қалмақ қорлайды десе,шекараның тап үстінде отырған осы батырларды тығып, жасырып қойса керек еді.  Қасабай батырдың бейіті Аягөзден 3- ақ шақырымда, ол кездегі қалмақ күнде көріп жүретін жерде. Сондықтан, Қабанбай батырды жасырып қойды деу –аңыздан аңыз туғызу ғана.

Қабдеш ағам, әйтеуір, маған тиіспей, маған соқтықпай кетпейді.
Қайтсе де жеке басымды ебін тауып қаралауға ұмтылады. Негізінде, пікірталаста жеке басқа тиісу- айтар аргументінің жоқтығының, дөрекіліктің, бейшаралықтың, сорлылықтың, мәдениетсіздіктің, өргенсіздіктің  белгісі. Мен ешуақытта үлкен кісінің жеке басына барған емеспін. Мен Дарабоздың «тікелей ұрпағымын» деген емеспін. «Бар қазақ бабамызға жат емес» деймін.

Не жазса да, ағамыз мені кемсіткісі келеді. Менің ұзақ жылдар Талдықорған облыстық «Қазақ тілі» қоғамын, облыстық мәдениет, тіл, кино басқармаларын басқарғанымды жақсы біледі. Қадеш аға Талдықорған  облысы 2000 жылы таратылды деп ойлайды екен. Шындығында  1997 жыл.  Алматыға қосылған соң   үш жыл жұмыссыз қалған жоқпын. Қалалық мәдениет және тіл басқармасын басқардым. Осы кезде, 2000 жылы көктемде мені Астана қаласының әкімі шақыртты. Таң қалдым. Келе білдім,
Қаракерей Қабанбайға кесене тұрғызылмақ болып, басына үй тігіліп, кірпіш түсіріліпті.

Кесене салу мәселесі екі ай бұрын шешіліпті. Қайрат Сатыпалдымен осы жолы таныстым. Қайратқа
Қабанбай батырдың құлаған моласын көтеруге ақыл қосқан Иманғали Тасмағанбетов екен. Қабдеш аға «200 долларды Қайрат шығарды» деп өтірік соғады. Қайрат бар ұйымдастыру жұмыстарын мойнымен көтерді. Қаржы қазақ даласының халқынан жиналды.

2000 жылғы қарашада мені Талдықорғанның азаматтары қала әкімшілігіндегі мәжіліс залында
сый- сияпатын беріп шығарып салды. Кесенеге келген соң көп ұзамай Иманғали Тасмағанбетов Үкіметке сектор меңгерушілігіне шақырды. Ол қызметті өз еркіммен өткізіп беріп, Қаракерей Қабанбай батырдың 
басына келгенімді баспасөз жазған. «Дүрілдеп, байып» жатпасам да, атаның кесенесіне  ол кезде елде жоқ джип машинамен келгенмін. Қабдеш ағаның мен  бәлен үй салды, ағайындарының бәрін жинап алды, байып жатыр дегені, Қайрат Сатыпалдыға анадай ұсыныс жасады деуі миғұланың ғана ойына келетін сандырақ. Судыр суайт та мұндай болмас.

Айтқандайын, жазушы аға мені 2000 жылы ғана Қабанбай батыр кесенесін естіпті деп ойлайды
екен. Өтірік. 1991 жылы жазда Талдықорған облысынан он шақты адам арнайы келіп, құран оқығанбыз. Дерек жинап видео, аудио таспаларға түсіргенбіз. Оны «Алатау»  бағдарламасы көрсеткен.  Кереметі, сол адамдар іле- шала ірі- ірі қызметтерге орналасты. Әлі күнге ел көзінде жүр. Мұнан соң 1993- 1995 жылдары екі рет кесене басына қонып кеттім. Ал 1998 жылғы мауысымда моланы  Астана қаласының тұсаукесеріне шақырылған бір топ азматтарға көрсеттім. Олар да қызметте тез өсіп кетті.. Сол мереке күні Қаракерей Қабанбай батырдың құлаған моласына Иманғали Тасмағанбетовпен бірге келіп, тәу еттік. Имекең тебіреніп, арқаланып:

-Япыр- ай, талай әулиеге барып жүрміз ғой. Бір де бірінде мұндай күйге түспеп едім. Тізем дірілдеп кетті! Ғажап, өлі Қабанбайдың мысы мынадай, тірісінде қандай болды екен!- деп, бізді таң қалдырып еді.

Қабанбай әулие берер белгісін қазақтың бір тума ұлы Иманғали Тасмағанбетовке берді. Шынында
да, ғажап қой!

Кесене басына келгелі мұнда көлемі 600 шаршы метр екі үй салдық.. Бірінде өзіміз
тұрамыз. Екіншісі қонақ үй, қатымханаға лайықталған.  200 түп қарағай, 200 түп қайың ектік. Бүгін
кесене маңы жасыл желекті. Оларды қоршай бір қатар үйеңкі, қарағай, бірқатар
жиде жайқалып келеді. Екі жерден, қырдың ең ұшар басын  бұрғылатып, 100 метр тереңнен ауызсу
алып отырмыз. Ел азаматтары, басы Өмірбек Байгелді ақсақал болып, қазақ
батырларының сауыт- сайманын, қару- жарағын, киім- кешегін әкеліп жатыр.
Қабанбай батырдың өз дүниесі – жез леген де біздің қолда.

Кесене салынғалы бері мыңғұлға, қытайға, өзбекке, Ресейге, Қырғызға әлденеше рет барып
дерек жинадық. Өкіреш Шал, Төлегетай (Төлек атай) бабаларымыз туралы мол
мағлұмат алдық. Оларды жарияладық.

Айтпақшы, Қабдеш ағам менің руымды да өтірік жазыпты. Мен тоқпақ емеспін. Сонан соң, майлыққа да, шайлыққа да жететін менің де, келіншегімнің де бизнестеріміз бар.
Атаның кесенесін ұстап отырғанымызға риза азаматтар Қабдеш ағамдай іштері тар емес. Көмектеседі. Үкіметтен көк тиын көмек алмасақ та Қабанбай әулиенің басын көркейтіп отырмыз.

Айтып, айтпай не керек, Қаракерей Қабанбай батырдың қайда жерленгені тұрғысында сонша
жалған сөйлеп, өзінің лағып кеткені аздай жұртты адастырғысы келетіні, ұсақтап кеткені, бірмойындылық Қабдеш Жұмаділов ағамызға жараспай- ақ тұр.

Мен кесене басына келгеннен бергі он екі жылда бір- ақ адам, Қабдеш Жұмаділов дау туғызды.
Бір- ақ адам, Мырзатай Жолдасбеков әулиеге қиянат жасады. Кесене үш жылдай Президенттік мәдениет орталығында баланста тұрған. Орталықтың директоры қайтыс болған соң ол орынға келген Мырзекең қайта- қайта телефон соғып, тексерту шақыртыпты. Есеп комитетінен. Марқұмның соңына түскісі келсе керек. Тексеру ештеңе таппайды.  Сол кезде батыр кесенесінің жылдық шығыны 1 миллион теңгеге жетпейтін. Осыны көп көрсе керек Жолдасбеков. Маған айтқан сылтауы- «Есеп комитетті шұқылап жатыр» болды. Комитетке бардым. Жігіттер «Астапыралла!» деп, ыршып түсті. Жазған анықтамаларын көрсетті- кесене туралы бір ауыз сөз жоқ. Мырзатай Жолдасбековтің осы сорақылығын әлі
түсінбеймін. Біздің шалдарды қай шайтан түртіп жүр? Адам елінің қамын жеп, ата- баба аруағын сыйлап, тәуір істің жанынан көрініп, жаман істен жерініп, әдемі қартайса жөн емес пе. Мырзекеңнің шын бейнесі осы болар.

Кеудесінде «қазақпын» деген сәулесі бар азаматтар Қаракерей Қабанбай батырды, барлық бабаларымызды зерттеуге, кесенесін күтіп ұстауға ат салысып жатыр. Біз Ұлы Сардардың әрбір ісін, әрбір сөзін, өзі ұстаған дүниесін тірнектеп жинап жүрміз.
Бұл шаруа адамды байытпайды. Мұнда саясат та, күнкөріс те жоқ. Тап- таза қазақы патриотизм, ата- баба мұрасына деген адалдық қана бар. Ойымыз қазақтың ата тарихын байыту, бабамызды кейінгі ұрпаққа нақтылы тарихи бейнесімен табыстау.
Шындыққа жету. Жалғаннан арылту.

Камал ӘБДІРАХМАН,

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы

  ]]>
Tue, 09 Apr 2013 17:48:17 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)https://yvision.kz/post/301232https://yvision.kz/post/301232
О Казахстане. «Қазақпын» десе - қандасың«Жас Алаш» газетінің жазуынша Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам көшіп  кетіпті. Бұл әлемдегі 11 орын. Келгені – 3 миллион 80 мың.  Жоғалтқанымыз – 1 миллион 70 мың .Бұлардың ішінде қанша қазақ кетті,одан бәріміз бейхабармыз. Парламент депутаты Орал Мұхаметжанов 1600 қазақстандық шет елде жасырынып жүргенін үлкен мінберден жариялады. Мұның қаншасы алаш баласы? Осылайша мыңдап,миллиондап жоси берсек аталарымыз ұл-қыздарын құрбандыққа шалып,қанын төгіп жүріп қорғап қалған, бізге аманат еткен мына ҚАСИЕТТІ ДАЛАҒА ТҮПТІҢ-ТҮБІНДЕ КІМ ИЕЛІК ЕТЕДІ? Ой қосарыңыз бар ма?

Кез-келген мемлекеттің барлық ішкі және сыртқы саясатының басында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрады. Ал бұл қауіпсіздік сол мемлекетті құрушы, мемлекет солардың атымен аталып отырған негізгі ұлтқа,халықаралық тілмен айтсақ-титулды ұлтқа тікелей байланысты. Сондықтан да мемлекет те, үкімет те титулды ұлттың көбейуін,оның көңіл-күйін,мақсат-мүдделерін үнемі назарда ұстап отырады. Рессей, Қытай, Англия секілді ірі елдерде осы мәселемен ғана шұғылданатын ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Халық саны қатаң бақылауға алынады. Патшалы Ресей алғашқы халық санағын 1897 жылы жүргізіпті.

Сол жылы орыс санақшылары 4 миллион 89 мың қазақты тіркепті. Ұлты өзбек деп жазылғандар бар-жоғы 535 мың ғана екен. Азайтып отырған жоқпыз,бары сол. Қалғандарын сарт,хиуалық,хорезмдік,бұхаралық,қыпшақ,найман,қоңырат депті. Сонда 1897 жылы ұлты қазақтар ұлты өзбектерден 8 есе көп. Араға  20 жыл салып,1917 жылы М.Тынышбаев қазақтардың жан басы 5 миллион 930 мың деп жазады. Оның ішінде Ұлы жүз 1,170,000, Орта  жүз 2,720,000,Кіші жүз 2,040,000 адам. Бұлардың 4,980,000-ы қазақ жерінде,950,000-ы  Хорезм,Бұхара,Қытайда тұратынын айтады.

Өзбектердің 1917 жылғы жан санын таба алмадық. Өзбекстанда тұратын таныс жігіттерге өтініш айтып едік, мардымды жауап естімедік. Дегенмен де 1897 -1917 жылдар аралығында қазақтар 891 мыңға немесе 22 лайызға өскенін ескерсек өзбек те осы мөлшерде өсуі тиіс. Сонда олар 650-700 мыңның маңайында. М.Тынышбаевтың нақтылы дерегінде 1917 жылы қазақтың бір руы наймандар ғана 830 мың. Демек 1917 жылы өзбектер қазақтың бір руынан да аз.

Енді мынаған қараңыз – қазір өзбектер 25-27 миллион. Бұрынғы хиуалық, бұхаралық, хорезмдік, сарт деген атаулардан із де қалмаған.Қыпшақ, қоңырат, найман рулары бар.Олардың азғанасы ғана қазақ болып жазылады,дені өзбек.Сол кездерде оларда да ,бізде де азды-көпті орыс,украйн,татар,ұйғыр,дүңген секілді ұлттар тіркелген –ді. Бүгін өзбекте олар қанша екені тұрғысында ешқандай ресми мәлімет тауып бере алмады. Бәрі өзбек,осымен бітті. Оларда «өзбекпін» деген адамға олай емес деу басыңа пәле тілеп алғанмен бірдей. Тіл кеспесе де,тіс сынады. Бұл өзбек зиялыларының сол 1917 жылдан бергі дамылсыз жұмысының жемісі. Жоспарлы түрде, жаппай жұмылып атқарған ұлан-ғайыр шаруаларының нәтижесі. Өзбек бүгін біртұтас ұлт болып қалыптасты. Зиялы қауымның ұзақ жылдарғы ұлттық саясаттағы табысы осындай,

Ал бізде ше? «Қазақстанда бір жүз пәленшебай ұлт бар» деп жарапазан айтып, даурығып жүрміз. Осылардың тең жарымының әрқайсысының саны бір жүзге де жетпейді, тағы біразының қалай тіркеліп кеткені жұмбақтан бетер құпия. Ұлттың көп болғаны бағымыз ба? Бұған қуанатын, жар салатындай мәртебелі ештеңе жоқ. Көрші Рессейде титімдей ұлттар аз ба? Біздегіден әлдеқайда көп. Бірақ қай орыс «көп ұлттымыз,пәленшебаймыз» дейді? Оларда бар шаруа «орысқа қажет пе» деген сауалдан бас алады.Қалған жұртты ысырып қояды. Осыған шыдамаған Татарстанның Президенті Шаймиев «Путин орыстан өзге ұлттарға көңіл бөлмейді» деп айтып салды ғой. Қызметінен де кетті сол үшін. Ұмытқамыз жоқ. Шынында да орыстардың тақыр бастарды тайраңдатып,азиялықтарды,африкалықтарды сабатып жүргені рас қой. Соларды тиюға үкіметтің шамасы келеріне дау жоқ. Шешенді шайқап,грузинді жайпап тастаған мемлекетке таяқ ұстағандар сөз бе? Басқа ұлттарға қорқыныш ұялатудың бір амалы да. Орыстың орысшыл өз саясаты осындай.

Іргеміздегі қытайда қанша ұлт барын бір құдай ғана біледі. Бұлар да «көп ұлттымыз» дегенінді ауызға алмайды. Бір кездері «ұлттық» деген тиіп-қашпа ауан болған екен. Қазір одан тұқыл қалмаған. Ұйғыр,қазақ,мыңғұлдың төбесіне ішкі жақтан әкеліп қытайды төгіп тастады. Аз ұлттар солардың арсынан әзер көрінетін дәрежеге түсті. Болашағын ойлаған мемлекеттер осындай ұлтжанды үрдіске бет алған. Ау,айтыңдаршы, қасіретімізді мақтан көріп,шапалақ соғар неткен халықпыз,не жорық біздікі.Қазақстанның барша жұртын бір ұлтқа ұйыстырудың орнына күн сайын «көп ұлттымыз» деп ұрандай беру бізді ұшпаққа шығармайды .Қазақ интеллигенциясына-зиялыларға осы бір қарапайым қағиданы ұғатын кез келді ғой.

Біз қаншамыз? 1917 жылғы 5 миллион 930 мың қазақ әр жиырма жылда 20-22 пайызға өсіп отырса, қазір 35-40 миллион болуымыз керек еді. Рас ,өткен ғасырда қасақана қолдан жасалған аштық отап түсірді. Сонда да, ең жоқ дегенде 20-25 миллионнан кем соқпауымыз тиіс еді ғой. Қайда,қайда қалғанымыз? Бұл сұраққа «Аштықта өлді,шекара асып кетті»  деген жауап аламыз әдетте. Басты себеп аштық екеніне дау жоқ. Бірақ  басқа да себептерін неге айтпай жүрміз? Өз басым басқа да бірнеше салдарын аңғарамын.

1. Аштық кезінде ауған ,одан бұрын, Ташкент Өзбекстанның астанасы емес кездерде,арысы -Төле бидің тұсында, берісі-аудандарымыз өзбекке өтіп кеткен заматтарда қалып қойған қазақтарды өсімімен есептесек ең кемі 7-9 миллион болады екен. Ал біз өзбекте бір жарым миллион бауырымыз бар дейміз және оны неге сүйеніп айтатынымызды деректеп көрсетпейміз.Сонда, олар өзбектеніп кетпесе, 12 миллион қазаққа 7 миллион қосылып,19 миллион болар едік.Алайда өзбек зиялылары табанды іс атқарып,сол 7 миллионды өзіне қосып алды. Әйтпесе олар бүгін бізбен қатар тұратын еді. Осы кезде біздер не шаруа тындырдық? Қазақстанда тұратын қанша өзбек қазақтанды,осындайды естігеніңіз бар ма,зиялыларымыздың осы бағыттағы қандай шаруасын білеміз? Алдыдағы ағаларымыз қазақтар өзбектене бастағанда не істеді,біз не мандырттық? Сізді қайдам,біз пәлендей жауап таба алар емеспіз. Бүгін де қол қусырып қарап отырмыз. Мемлекет те,біз де осылай отыра береміз бе? Қытайдағы бауырларымыз өзбектенген қазақтардың кебін кимей ме,тілін,тегін ұмытып,түріміз ұқсас қой қытайланбай ма? Ойлансақ- шарасыз отырған мемлекет те,шөп басын сындырмаған өзіміз де кінәліміз.

2. Мынадай әңгіме естідім – атасы,әкесі,өзі, жеті баласы қазақ деп жазылған азамат кейінгі екі ұлына ноғай деп куәлік алыпты. Себебін былай түсіндіреді:

-Қазаққа сіңгенімізге жүз жыл. Амал не,мыналар күніне үш қайтара «ноғайсың,ноғайсың,ноғайсың» деп қу тезекті бықсытады да отырады. Сонан соң ерегестім. Ақыры сіңірмейді екенсіңдер,қашанғы...

Өзбектер не істеді,біз не істедік? Қазір сол екі ұлдың алты баласы бар. Ноғайлар. Әкелерімен қосқанда сегіз қазаққа азайдық. Бір әулеттен. Әкем-ау, «қазақпын» дегенді кеудеден тепкенде не таптық,мұның себебі не?

Мына орыстар Пушкиннің туған күнін «Орыс тілінің мерекесі күні» деп атады. Ал Пушкиннің мұсылман негрдің ұрпағы екенін әлем біледі. Бірақ орыстар оны орыстың ұлы ақыны деп басына көтеріп отыр. Шешесі орыс- сол жетіп жатыр. Пушкиннің өзінен біреу «сен кімсің» деп сұрады ма екен? Күмәнім бар. Осы орыстар фельдмаршал Кутузов, 1812 жылдың батырлары, генералдар Дохтуров, Ермолов, партизан Д.Давыдов, ғалымдар А.Д.Кантемир,Третьяков, Шереметьев,Менделеев,Тимирязев, Нобель сыйлығының иегерлері Мечников, Павлов, әйгілі Карамзин, Кантемир, Чадаев, Колчактартардың түркі екенін жақсы біледі. Бірақ бірін де «қазақпен туыс» демейді. «Орыс» деп үзіліп тұр. Содан да олар ормандай көп. Содан да оларға ешкімнің тісі батпайды. Ағайын-ау «қазақпын» дегенді «емессің» деп байбаламдауымызды қашан қоямыз, қашан? Бұл өсетін жол емес. «Қазақсың» деп бауырға тартайықшы соларды.Іні етейік те.

Естеріңізде болар,ана бір жылдары Ғабит Мүсірепов ағамызды түркімен жасамақ

болды біреулер. Өткен жылдары Дінмұханбет Қонаев әулиені татарға айналдырғысы келіп тыраштанғандар шықты. Бұдан асқан көргенсіздік бола ма,не қылған тексіздер солар? Осындай мақалалар әулиеміздің 100 жылдығының қарсаңында биыл да жазылды. Ешкім қарсы сөйлемеген сияқты әзірше. Әлде газет баспай отыр ма? Немесе газетке заказ бергендер мықты болып,журналистер солардан аса алмай отыр ма? Меніңше заказшиктер ақшалы.Ол шайтан қалтаға түсіп кеткен соң ұятты жұрдай етеді де.

Осындай қылықпен көбейеміз бе? Азаматтың паспортында «қазақ» деген жазу тұрса,әкесі, шешесі қазақ болса бұдан артық не қажет? Ғабең және Димаш бабалармен жағаласқардар ағаларымыз бітірген шаруалардың етегіне жармасуға шамалары келмес сұрқылтайлар секілді. Абыройды ақшаға сатқан соң бұлардың кім екенін өзіңіз шамалай беріңіз. Қазақ «Аталаспын»  десе- арысыңдай көр» деуші еді. Қабырғалы ру  Жалайыр Ұлы жүзге кірем дегенде Үйсін,Дулат құшағын ашып, жайлауынан өріс,қыстауынан тебін берді ғой. Бес ата  Ұлы жүздің алты руды сіңіріп,он бір атаға молайғаны,сегіз ата найманның он атаға жеткені сол тұстағы бабалардың «қайтсем де көбейемін» деген жанталасы екен-ау. Қатарын толтырып,дұшпанға сес,жауға айбар шашыпты. Азды ықтырып,көппен иықтасуға ұмтылыпты.

Бүгін біз де нақ осылай талпыныста болуымыз шарт. Абай айтты емес пе «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп. Әр қазақты, «қазақпын»  дегенді санға да,санатқа да қосып, ұйыспасақ шығыстан да,батыстан да  жемсауы жыбырлап отырғандар бар. Ендеше әр қазақты «жалғызым» деп жақын тартайық ағайын! Толғымыз келсе,ұрпағымызды  ХХII ғасырда көргіміз келсе жалғыз жол осы. Әйтпесе,тағы да бір қазақты ноғай атасақ Абай айтқандай «Қайран сөзім қор болды...»

   

Камал қажы Әбдірахман.

]]>
Mon, 25 Jun 2012 16:02:27 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)қазақтың санықазақпен туыстарқазақ қанша?https://yvision.kz/post/272069https://yvision.kz/post/272069
История Казахстана. Қаракерей Қабанбай батырдың өмірбаяныҚаракерей Қабанбай  батыр (1692 – 1770ж.ж. ) Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра өзендерінің ортасындағы Қабанбайдың Үш бұлағы аталатын жерде дүниеден өтеді. Сүйегі Үш бұлақтан 3 шақырымда, «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде. Қазір бұл маң Қабанбай ауылдық округіне қарасты,Астана қаласынан 30 шақырымда.

Аңыздарда Қаракерей Қабанбай батыр бұл жотаға :

Жиылып тегіс ас беріп,

Ту биені сойыңдар.

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар.

деген өз аманаты бойынша жерленеді. Себебі, Қаракерей Қабанбай батырдың арғы бабасы Байжігіттен бастап,өз атасы – Мәмбет,әкесі – Қожақұл,екі ағасы – Есенбай,Есенаман,әпкесі – Меруерт,барлығы Арқаның тумалары. «От орным» деуі сондықтан. Шешесі Мәми (азан шақырып қойған аты-Нәбилә) әлі күнге дейін  Арқаны мекендеп отырған Ашамайлы Балта керейдің аты шыққан Баубек батырының  қызы. Бәрінің сүйегі «Найман қорымда» сияқты.

Қаракерей Қабанбай батыр туған кезде және көз жұмғанда найманның қаракерей,матай,төртуыл бұтағы негізінен,садырдың бір бөлігі  Есіл -  Нұра- Сарысу бойын,Қорғалжын,Теңіз көлдерінің маңайын жайлайтын.  Ұлытауға қарай Балталы,Бағаналы наймандар қоныстанған.

Дарабоздың өз жұрты Байжігіттер Аякөз маңынан алғаш рет 1817 жылы көрінеді. Онда Ұлы Қолбасшының дүние жалғанды артқа тастағанына аттай 47 жыл болған. Байжігіттердің Үржар,Алакөлге жете қонулары Матай – қызайлардың Алакөлді тастап,Тазабек бидің бастауымен Боздала арқылы Күнеске көшіп кетуінен соңғы 1855-1860 жылдар.

«Ерасыл» деп азан шақырылып қойылған есімге кейіннен жеңгелері алып денесіне орай - «Нарбала»,жолдастары әкесіне тартқан батыр болар деген оймен - «Ізбасар»,нағашы жұрты - «Қабанбай» аттарын қосты. 1723 жылы Түркістанда хан сайланып «Хан Батыр» атанды. Абылай ешкімге теңестірмей «Дарабоз» деп әспеттесе,қазақтың көзі де сөзі де болған Көмекей әулие – Бұхар жырау батырды «Көкірек әулие» деп төбесіне көтерді.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта Жүз,

Содан шыққан төрт тірек

деп,қазақтың сол тұстағы бар батырының,ел тұтқаларының басына қояды. Мәшһүр Жүсіп Көпей әулие «...Қазақта Қаракерей Қабанбайдай батыр болған емес» деп кесіп айтады.

Қаракерей Қабанбай Батыр туралы кейбір әдеби шығармалар тарихи шындықтан тым алыс жатыр. Мысалы, бабамыз Үрімжіге жылқы айдап бармаған. 1758 жылғы қарашаның 17-сінде Үрімжі саудасына баласы Едіге,немере інісі Туматай келгені Үрімжінің бас амбаны Нусанның Бейжіңге жолдаған есебінде тайға таңба басқандай жазылған. Бабамыз  наймандарды Жетісу,Семей,Өскемен жерлеріне өз билігімен бөліп орналастырмаған. Себебі, Қаракерей Қабанбай батырдың көзі тірі кезінде наймандардың аяғы Аякөз өзенінің сол жағалауына тие қойған жоқ еді. Бұған Ш.Уалихановтың,Н.Аристовтың,М.Тынышбаевтың,Г.Андреевтің,М.Кәрімовтің,Н.Бекмаханованың тарихи талдау еңбектерімен таныссаңыз көзіңіз анық жетеді. Дарабоздың елі-Төлек атайдың төрт ұлының арасынан, Қаракерей Қабанбайдың тірі кезінде бір-жар тайпа ғана Есіл-Нұра маңынан Шығысқа қотарылады. 1770 жылдардың соңында қаракерей-болатшының Жанбай би бастаған 600-дей шаңырағы,төртуылдың Ошан,Итемген би бастаған 600-дей шаңырағы алғаш рет Аякөз маңына жете тоқтайды. 1810 жылдарға дейін ары өте алмай Аякөзге тіреліп отырады.

Осындай ғылыми- құжатты деректерді, Хан Батырдың нақтылы тарихи тұлғасын білгіңіз келсе Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы,Камал Әдірахманның NaimanKZ блогін ашып, «Арқаға арнап бейіт соғып,от орныма қойыңдар», «Қабанбайдың Ақмоласы», «Қабанбайдың атасы –Тоқтарқожа» атты материалдармен танысыңыздар.

]]>
Mon, 25 Jun 2012 15:57:58 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)қабанбайқабанбай батырбатырларбатырыбиографияөмірбаяныhttps://yvision.kz/post/263312https://yvision.kz/post/263312
О Казахстане. Қаракерей Қабанбай батырҚаракерей Қабанбай батыр

 

Аз-көптік, барлық-жоқтық бір құдайдан

Жақсыға құрмет етпек осындайдан.

Қазақта бұдан бұрын болып өткен,

Сөйлейін, Қаракерей Қабанбайдан.

 

Атамыз әуел бастан Адам өткен,

Таралып ек Әбілден талай өткен.

Қазақтың бұрынғы өткен заманында,

Дейтұғын Ер Қабанбай сабаз өткен.

Дейтұғын Ер Қабанбай сабаз өтті,

Ауызынан қайтармайтын келген кепті.

Қырғыздың Аманалы батырымен

Екеуі аңда жүріп болған кекті.

Екеуі аңда жүріп болған кекті,

Кектесіп бір-біріне қылам депті.

Батырдың Қабанбайдай өзі жоқта,

Бір елін Аманалы шауып өтті.

 

Бір жұртын1 Аманалы шауып өтті

Қызын қатын, қатынын жесір етті.

Атанған Ер Қабанбай заманында,

Пәндәдан ондай қорлық көрген жоқты.

 

Тұлпарым, арғымағым жүлде алғаным,

Әр қайда құба жоннан жол салғаным.

Ә дегенде ауызға түсетұғын,

 

1Кей жырларда «Қарақұрсақ руы» деп аты аталады.

 

Сөзінен Қабанбайдың үлгі алғаным.

Болғанда Арғын, Найман, Абыз сынды,

Бүлдірген кеш (?) қырғыз арысыңды1.

Кеткенде қырғыз шауып арысыңды,

Әперген Ер Қабанбай намысыңды.

 

Кей жаман үйде отырып, мал баға алмай,

Кей шешен келістіріп сөз таба алмай,

Ел жұртын қырғыз шауып алғаннан соң,

Қайғылы болып, қан жұтты қарт Қабанбай,

Қайғылы болып қан жұтты дегеннен соң,

Арғыннан келген екен Ер Боранбай2

Ақылын әлі де отыр түзей алмай,

Қырғыздан қалдым ба деп кек ала алмай.

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Келіпті Қанжығалы жас Бөгенбай.

 

Жігіттер отырмайық бекер қарап,

Жел сөзді не қыламыз бекер балап,

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Келіпті көкжарлыдан көкжал Барақ.

 

Бітеді тау жағалай құба желкен,

Сөйлейін жауабымды жұртыма ептеп.

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Сыбаннан келген екен ер Жәнібек3.

 
 

1Сөйлем оқылуы аса қиын болды. Осындағы «кеш» дегенді «кеше» деп оқыса да болғандай.

2Боранбай – Қаракерей Қабанбай батырдың руласы, әрі құдасы. Аса танымал би болған. Айтушылар «арғын» деп қателескен.

3Жәнібек сыбан руынан емес. Ол Керей ішіндегі жәнтекейден. Жыршы жаңылысқан

Мінгені батырлардың қарагерді

Шабады қалай баспай қара жерді.

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Жасында сексен сегіз Бұқар келді.

 

Тауында Асқар дейтін арқар құлжа,

Жігіттер аттай тегіс, тегін олжа,

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Сыбаннан келген екен ер Шыңқожа.

 

Батырлар түнде жортар күнде жорытпай,

Шабады жау дегенде тізгін тартпай,

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Келеді ту ұстайтын ер Дәулетбай.

 

Заң қандай осы күні заман қандай,

Шабады жау дегенде дамыл алмай,

Шалдырмас қара ауылдың жүйрігі деп,

Үйсіннен алдырыпты Ақшабдар тай.

 

Қабанбай Қубас атты тағалапты,

Бір өзін он мың ерге бағалапты.

Ат ерттеп тоқымын аудармайтын,

Қасына жолдасқа алды Шағалақты.

.

Қасына ертіп алды өңшең ерді.

Топжарған өңшең балуан кемеңгерді.

...қырғыздан кек алмаққа

Тұп-тура Алатауға жөнелді енді.

 

Әскерін Алатауға бастап келді.

Соңынан ертіп келді сонша қолды.

Қырғызбен соғысуға жан таба алмай,

Далада ассыз, сусыз бір ай болды.

 

Далада ассыз, сусыз бір ай болды,

Әркімге медет берсін құдай дейді.

Далада атын сойып, әуре болмай,

Еліме ер Бөгембай жүрем дейді

 

Бір сөзді батыр Барақ айтам дейді,

Жауыңды алдырмайтын қайтем дейді,

Далада атым сойып, әуре болмай,

Ендеше мен де еліме қайтам дейді.

 

Қабанбай сонда тұрып күлімдейді,

Қой қайтпайық, сабыр ет інім дейді.

Сол күні жел жоқ, құз жоқ шаңқай түсте,

Ақ Туы Қабанбайдың дүрілдейді.

 

Қабанбай сонда тұрып айқай салды,

Қубасқа «бісмілла» деп мініп алды.

Бір қырғын шаңқай түсте болады деп,

Туынан дүрілдеген үш айналды.

 

Боз бала тез тезінен қамдан дейді.

Туымның сыры мағлұм болған дейді.

Бір қырғын шаңқай түсте болады екен,

Жігіттер атыңды ертеп қамдан дейді.

 

Жігіттер атын ерттеп қамданады,

Қару-жарақ заттарын қолға алады.

Ат ерттеп, жабыр-жұбыр жатқан шақта,

Бір ауыл үріккен қырғыз кез болады.

 

Таң қалды мұны көріп жас пен кәрі,

Жау келді деп қуанды жұрттың бәрі.

Кешегі Қабанбайдың елін шапқан,

Осы екен тәңір айдаған Аманалы.

 

Жамиғат құлағыңды сал мына көпке,

Ер оңбас аруаққа болған шекті,

Інісімен таласып Бұйра көкке,

Жауымен аңдып жүрген кез келіпті.

 

Аттанды ер Қабанбай туын алып,

Батырлар жау келді деп бек қуанып,

Алдында қамап тұрған жауды көріп,

Бір батыр көштен шыға келді шауып.

 

Қиқулап жекпе-жектеп келді батыр,

Қару-жарақ сайманды жарқылдатып.

Келгенде жекпе-жектеп қырғыз шауып,

Көкжарлы қарсы барды Барақ батыр.

 

Батырға жаудан қиын қорқып қашпақ,

Кез қылған ажалдыны құдай бастап.

Көкжарлы көкжал батыр барған шақты,

Найзамен өте берді іліп тастап.

 

Тезектей түсіп жерге көкжал қалды,

Батырға жаудан түсіп қалмау еді.

Мұны көріп ұмтылып ат қамшылап,

Жасында сексен сегіз Бұқар барды.

 

Көрсе қайран болғандай мынау ерді,

Қорынып жаудан қорқып қалмайды енді,

Кәрі байғұс сені де бейнет айдады деп,

Онды да іліп тастап жүре берді.

Ерегессе дұшпандай ерді қара,

Мәдәт бер деп келеді Алла тағала,

Жаным-ау, мынау қырғыз қайтеді деп,

Ат қойып жетіп келді Бердіқожа.1

 

1Алғаш жазылған «Дәулетбай» деген сөз екен. Оны қарандашпен сызып, үстіне «Шынқожа» деп жазыпты. Кейін оны да көк сиямен сызып, «Бердіқожа» жазылыпты. Сөйтіп, бөтен қол Дәулетбай, Шынқожаны, Бержіқожаға ауыстырыпты.

Ар жақтан Бердіқожа батыр келді,

Дұшпанын ерегескен о да көрді.

Айқасып астын-үстін болған шақта,

Іліп алып Аманалы өте берді.

 

Мынау бір пәле болды барған жанға-ай,

Барғанды түсіріп тұр дамыл алмай.

Жаным-ау мына қырғыз қайтеді деп,

Ат қойып жетіп келер ер Дәутебай.

 

Аржақтан ер Дәулетбай батыр келді,

Дұшпанын ерегескен ол да көрді.

Айқасып астын-үстін болған жақта,

Іліп алып Аманалы өте берді.

 

Жөнелді Дәулетбайды іліп алып,

Қарапты екі жақтан екі халық.

Інісін найза ұшында көргеннен соң,

Қабанбай қубас атты қалды салып.

Найзадан Дәулетбайды тастай берді,

Дұшпанын Қабанбайдай көзі көрді.

Құдайдан тілегенім сен едің деп,

Ат қойып Қабанбайға жетіп келді.

 

Килікті екі батыр сонда барып,

Қарайды екі жақтан екі халық.

Қарасуға тігілген аудай қылып,

Жөнелді ер Қабанбай іліп алып.

 

Қабанбай іліп алып өте берді,

Көрдің бе бұл сияқты қайран ерді.

Басынан тоғыз қабат айналдырып,

Батырды толғап-толғап соқты жерге.

 

Қырғызды соқты жерге іліп алып,

Арыстандай болып жатты естен танып.

Тұла бойын қан қылып қорқыратып,

Сұлатып арыстандай қойды салып.

 

Ер туған басшы халық Аманалы,

Өзгеден бөлек еді оның заты.

Ұл баладан кем еді Аманалы,

Жапа-жалғыз бар еді бір пәрзәнті.

 

Жамиғат құлағың сал мына сөзге,

Тыңдайтын және келді сөздің түрі.

Әкесін найза ұшында көргеннен соң,

Көшінен зарлай шықты жалғыз қызы.

 

Бірталай Алатаудан қырғыз келді,

Қырғыздар күндіз келмей түнде келді.

Нар да емес, түйе де емес бір жануар,

Жетелеп көштен жайлап бір қыз келді.

 

Алтыннан кілем жапқан Ақбас нарға,

Нарды көрген тамаша болар жанға.

Көк қозғалып, қаражы1 тебіренді,

Қыз ғарып, «әкекем» деп зарлағанда.

   

Әкесін құшақтады, сонда барып,

Айқара алтын кілем жаба салып.

Әкесін келіп құшақтап қыз жылады,

Батырлар сөз тыңдады ортаға алып.

 

Қыздың зары:

Алакөл тасыр саяз боп,

Ер сандалар мал аз боп,

     

1«Қаражы» емес «қарашы»-ау дейміз. «Қарашы» сөзі – «көпшілік», «қара» – көп деген мағына береді

Қаның да түртіп қаңғырдық,

Өз еліңмен араз боп.

 

Көшпе деп ем көштің ғой,

Өзің де бауды шештің ғой,

Қазақтың қалып астында,

Қаныңды судай шаштың ғой.

 

Ай бой-бой, боз әтиім,

Садақты байлап атуың,

Қайғылымын қайтейін,

Арыстандай болып жатуың,

Қазақтың қалып астында,

Қаңғырып қанға батуың.

 

Қазақтың алған найзасы,

Қарағай болды. Берік болды.

Қырғыздың алған найзасы,

Емен де болды, морт болды.

Жаңағы жүрген әтиім,

Аталық неден шорт болды.

 

Көзімнен алдың ұйқымды,

Көңілден алдың күлкімді,

Көңілі өскен көп батыр,

Үлеске салар жылқымды.

.

Мен білмедім осыңды,

Айдап келген сорыңды,

Көңілі өскен көп батыр,

Үлеске салар қойыңды.

 

Әуелгіде барғаның,

Қапыда өткен қарағым,

Ертең қайдан барармын,

Екінші келген Бөгембай,

Одан да қалдың кек алмай,

Амалым бар ма қайтейін,

Айдап келген ажалды-ай.

 

Жатқызған сені Қабанбай,

Қисынын қалдың таба алмай.

Арманда болып өттің бе,

Көкторғай атпен шаба алмай,

Амалым бар ма қайтейін,

Қапыда өткен дүние-ай.

Отырмайын тұрайын,

Бұдан бір айла қылайын.

Көңілі өскен көп батыр,

Сендерден сауға сұрайын.

 

Ей батырлар сауға бер,

Сауға берсең өзін бер,

Жылап тұрған көзім бар,

Әуре болған басым көр.

Батыр олжа болып жер,

Батпақ судай шашып тер.

Батыр туған Қабанбай,

Тілегімді менің қабыл гөр.

 

Біреуің мені аларсың,

Ат көтіне саларсың.

Үнемі қатын болмаймын,

Ақыр да бір күн қашамын.

 

Қыздың нұры он төртінен туған айдай көрініп, батырдың жолдасы Шағалақтың қызды жағалағаны:

 

Сонда қыздың кигені,

Қырық сегіз ретті түймелі.

Қабанбайдың жолдасы

Қыз тиетін күн болса,

Шағалақ жүр жағалап.

Құрмалдық деп ойлап тұр.

Қыз бетінен сүйгелі.

Тырнақтап жиған дүниені,

Шағалақтың бұл сырын,

Батыр туған Қабанбай

Айтқызбастан білгені.

 

–Ей, Шағалақ-ау, Шағалақ!

Неге жүрсің жағалап?

Жау баласына тимек жоқ,

Ұлықсатсыз сүймек жоқ.

 

Үзбе жалғыз түймесін

Сындырма жалғыз үкісін.

Қайдан білдің байғұстың,

Көзінің жасы тимесін.

Жұмақ пенен тамұқты

Қыздың сөзі анықты.

Көңілшек еді Қабанбай,

Жатқыздым қыздың иесін,

Босатты қыздың жүйесін,

Өзге олжасын алмапты,

Қыз қолынан алайын

Жетелеген түйесін.

 

Қабанбайға жақты енді,

Ақырын ойлап сөзінің,

Ер Қабанбай бақты енді,

Аса алмайтын тау емес,

Ала алмайтын жау емес,

Сынбасын деп сағыңыз,

Астыңа мін деп ат берді,

Арыстандай қылып әкесін,

Қыз алдына сап берді.

 

Қыздың сөзі:

Қырғыздың бардың шебіне,

Ұстамады теңіне,

Сорлады болған әтиім,

Құзғынның қалдың жеміне.

Ұл перзентің жоқ еді,

Сорлы болған әтиім,

Мұнша неден жүдедім,

Ой-бой, бой-бой, дүние-ой!

 

Қабанбайдың жолдастарына

айтқаны:

 

Қабанбай сонда сөйлейді:

Сөйлегенде бүй дейді:

Батырларға кел дейді,

Құдай айдап кел дейді,

Құдай айдап келгенсін,

Өз қылғанын қыл дейді.

 

Сүй дегенде батырлар,

Көшке қарай шабады,

Барын қуып найзамен,

Малға ойран салады.

Ерікке қоймай таласып,

Жұрт олжалап алады.

Қабанбайдың қолында,

Ақбоз атан қалады.

 

Түйенің сипаты:

Басы бар осы атанның он бес кездей,

Отыз ер арқасына мінгескендей,

Ұзыны жануардың тап осындай,

Астынан аяғының ел көшкендей.

 

Көзі бар жануардың шаңырақтай,

Қырық аршын жаурыны бар салған тақтай.

Басында қырық құлаш алтын бұйда,

Тұрады жетелеуге адам батпай.

 

Атанды тамаша етті жұрттың бәрі,

Мұндай хайуан көрген жоқ жас пен кәрі.

Інісі Қабанбайдың ер Дәулетбай,

Келіпті ағасынан сұрағалы.

 

Дәулетбай жетіп келіп ағам дейді,

Қисаңыз осы олжаны алам дейді.

Ей, аға, осы олжаны маған қисаң,

Мақтанып келініңе барам дейді.

 

Қабанбай айтады:

Шырағым Дәулетбай маған сырыңды айтып,

Мен бермесем кетер сенің көңілің қалып.

Сұрама осы атанды мен десең,

Жүрейін өле-өлгенше қосымды артып.

   

Дәулетбай:

 

Ей, аға, сенің білдім бермесіңді,

Бермесең ант етемін көрмесімді.

Тіріде жолдас болып соңына ермен,

Өлсең де өлігіңе енбесімді.

 

Қабанбай ашуланып бермен дейді,

Дәулетбай ашуланып көрмен дейді.

Әскерін ортасынан бөліп алып,

Арасы алты айшылық жерге кетті.

 

Жеті жыл арасында кәміл өтті,

Сегізінші жыл болған шақта,

Қабанбай өлетұғын болды дертті.

 

Елу күн болған екен күні қойып,

Ажалдан жатқан екен хабар болып.

Дүйсембі күн дүниеден өтем дейді,

Жұртына жиылсын деп хабар салып.

 

Қабанбай ат шаптырды қорқып, сасып,

Сырқаты қатты болып қаны қашып.

Жиылып елі, жұрты келіп қалды,

Қалуға Қабанбаймен бақұлдасып.

 

Бақилық ерді жұрт сұрай келді,

Өлімге кім кияды мұндай ерді.

Сырқатын Қабанбайдың қалып естіп,

96 жасында Бұқар келді.

 

Әуелі Бұқар тыстан кірді жылай,

Арпа ішінде бір бидай жалғызым-ай!

Ғұмырым тұтамдай-ақ қалған шақта,

Сені де көп көрді ме маған құдай!

 

Бұқар:

Қабанбай-ау, Қабанбай,

Зар болармыз таба алмай.

Тізіліп қарап тұрамыз,

Бұрынғыдай шаба алмай.

Саған берген ажалды,

Аударып маған берсеші,

Сорлы болған мағандай.

................................... (5 жол оқылмады)

Ауырды деп Қабанбай,

Естіп келді құлағым.

Арғыннан айттым жүз жігіт,

Үйсіннен айттым жүз жігіт,

Алшыннан айттым жүз жігіт

Үш жүз жігіт болсайшы

Қарамойын ылағың.

 

Жаһаннан озған Қабанбай

Қайда болар тұрағың.

Жұртым мұнда келіңдер,

Сұмдықты мына көріңдер.

Жау аларын көрдің ғой,

Жайылып жатқан еліңді

Өрт алатын көрдің ғой

Жайлау, қыстау жеріңді,

Қабанбайды көрдің ғой

Өтейін деп жатқанын

Бұл жалғаннан ..... (түсініксіз)

 

Дәулетбайға барыңдар

Батырға хабар салыңдар

Мына ағаңды көр деңдер

Өз қолыңмен көм деңдер

Қияметте қайтерсің

Арыздасып қал деңдер.

Сүй дегенде Қабанбай

Күрк-күрк етіп жөтелді

Шынтақтап басты көтерді.

Білдіңдер ме жарандар

Мына пәни дүниені

Енді бізден өтерді.

 

Қабанбай сөзі:

Дәулетбайға бармаңдар,

Барам деп қапы қалмаңдар.

Барғаныңмен келмейді.

Енді, менен сәлем де,

Қарағым, қалқам келінге.

 

Бұқар айтады:

Барма десем Қабанбай

Ақылыңнан таңғаның

Дәуреніңнің қалғаны,

Сенен хабар алмаса,

Дәулетбай батырдың,

Ішінде кетер арманы.

Дәулетбайға барыңдар,

Шақырта хабар салыңдар.

Мына ағаңды көр деңдер,

Қияметте қайтесің,

Арыздасып қал деңдер.

Араз екен демеңдер,

Үнсіз қалып айтпаңдар,

Ақымақтанып сөйлемей,

Ақырын былай байқаңдар,

Бұлайша деп айтыңдар.

 

Тасқорғаның бар еді,

Бытырап сынып құлады.

Бау шарбағың бар еді,

Бірі қалмай құлады.

Қос терегің бар еді,

Бірі құлап сұлады.

Қабығы кеткен қу талды,

Қатын олжа қылады.

Үш Бейістің баласы1,

 

1 «Үш Байжігіт баласы» болса керек

Қайда барып сияды.

Кімді туған қылады?

Осылай деп айтсаңдар,

Дәулетбай өзі біледі.

 

Жіберетін елшісі:

Сырқаты Қабанбайдың болды қатты,

Ұстатты Бұйра көк пен Қубас атты.

Ертеңгі екінтіден қалмай кел деп,

Жұмсайды қайрап айра (?) Шағалақты.

 

Таң да атты, таңертеңгі елден кетті,

Арада бір күн ғана күндер өтті.

Алты айшылық жер екен екі арасы,

Үш күнде Дәулетбайға жетіп кепті.

Дүбірлеп үй сыртына біреу келді,

 

Дәулетбай үйде жатып бұл кім депті.

Өзі де қауіптеніп тұрады екен,

Шағалақ тыста тұрып менмін депті.

Дәулетбай даусын танып кімсің дейді,

Ат шаршатып не үшін жүрсің дейді.

 

Шағалақтың айтқаны:

Шағалақ сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді.

Озып жүрмін көбімнен,

Адасып жүрмін тобымнан,

Өрт алып, өріс қамады,

Жайлау, қыстау жерімнен.

Өзің де білген шығарсың,

Бір сұмдықтың болғанын,

Менің келген жөнімнен.

Тасқорғаның бар еді,

..... (Бұқар айтты деген 11 жол жоғарыдағы)

Алладан пармен болғансын,

Барша халқың жылады.

 

Сүй дегенде Дәулетбай,

Жан-жағына қарады.

О, дариға, дүние-ай деп,

Бір күрсініп алады.

Ақыл таппай сандалады,

Қатынына қарады.

Қатын сондай байсалды,

Екі бетін алып салды,

–Осыма сенің қиғаның,

Мойныңды маған бұрғаның,

Дүние хайуан табылар,

Бозбала жиған думаның.

Ақбидайдай жіктеліп,

Ақторыдай түктеліп,

Әлі де білмей тұрсың ба,

Төбеңнен құдай ұрғанын.

Бармайсың ба бауырыңа,

Ессіз қалған аулыңа.

Тіріде көрмен деп едің,

Енді сенің көретін,

Бармайтұғын.... (түсініксіз сөз)

Ертең шықса далаға,

Дұшпан жыртар жағаңды.

Сонда сенің көрейін,

Мың кісілік бағаңды.

Тіріде көрмен деп едің,

Қатырды құдай табаңды.

Келін үйден тең алды,

Төңкеріп теріп көп салды.

Жүгін алып ақтарып,

Әр түрліден мол салды.

Өлген болсаң ағажан,

Қылайын зират деп салды.

Бәуескеде шектерді,

Бұйра көк пен Қубасты,

Қубастай қайран тумасты,

Босқа дағы жүрместеп,

Өзге малды жекпесті.

Ойпаң жерден орғытып,

Тегіс жермен сырғытып,

Қалқып өтіп барады.

Түлкі жортпас тоғайдан,

Түнде жорып барады.

 

Елге келіп қалады

Өріс баққан қойшыдан

Ағекем тірі бар ма деп

Сұрап хабар алады.

 

Қойшының жауабы:

Қойшы сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

Қабанбайдың бұл күнде,

Болар болмас халы бар,

Шығар-шықпас жаны бар.

Иман айтқан молда бар,

Қайғылы болып жылаған.

Нашар халық сонда бар.

Келе ме деп кезеріп,

Жалғыз бауырым деп жатыр.

Екі көзі есікте,

Кешікпей енді сен де бар.

Сүй дегенде Дәулетбай,

Шыдамай айқай салады.

Ағекем деген дауысы,

Құлаққа жетіп барады.

Қубас аттың дүбірін,

Қабанбай естіп біледі.

Дүбірлеген бұл кім деп,

Бірің шығып қара деп.

Інің келді дегенде,

Шежіредей тіл бітіп,

Тұра келді күлімдеп.

 

Дәулетбай кірді есіктен,

«Ағаекемдеп» ақырып.

Қабанбай төрде отырды

Құйылған судай сапырып.

Бірін-бірі құшақтап,

Өткен назды айтқанда,

Жұрт жылады қайғырып.

 

Қабанбай айтты інімсің

Қарағым, інім, күнімсің.

Белгі қылып алып ем,

Қырғыздың ақбас атанын,

Елімнің ескі кегі үшін.

Сен дүниеде көрмен деп,

Айрылдың қарағым опасыз.

Не айтайын есен бол,

Дәулетжан жалғыз серігім.

 

Гигап құл деп қалмаққа,

Тоғыз жылдай барып ем.

Ерегескен дұшпанның,

Алмадай басын алып ем.

Не айтайын есен бол,

Қарағым қалқам келінім.

 

Келінінің айтқаны:

Ой қайран ағаекем,

Өтемісің дүниеден.

Жігіттіліктің шағында,

Жүйріктен басқа мінбеген,

Сұлуды басқа сүймеген,

Жібектен басқа кимеген,

Бетіне дұшпан келмеген,

Келсе теңдік бермеген,

Мың-мың жылқы айдасып,

Сарылап қазы жинаған,

Қырық шағым желімен,

Желілеп бие байлаған,

Есіл менен Нұраның,

Арасына сыймаған,

Мәшрип пенен Мағриптан,

Асыл қоймай жинаған.

Сүйткен де қайран ағаекем,

Соның бәрін тарих қылып,

Өтемісің дүниеден.

 

Сонда, баяғы Қабанбайдың қолынан өлетін қырғыздың Аманалы батырының інісі Біләл дейтін Қабанбай мен Дәулетбай құсап жаудан алған малға таласып көшіп кетіседі екен. Қабанбайдың елін алғашқы шапқанда Қубас аттың інісі Бұйракөк қырғыздың батыры Аманалының қолында кетеді. Аманалы мен оның інісі Біләл сол Бұйра көкке таласып екі айырылған. Сол сапарында Аманалы батыр Қабанбайдың қолына кездеседі екен. Сол кездескен сапарында Аманалы батыр Қабанбайдың қолынан өледі екен. Міне, осылар сияқты Қабанбай мен Дәулетбай да ақбас атанға таласып екі айырылған. Ауырып жатқан Қабанбай Дәулетбайдікіне кісі жіберіп шақыртып алады. Бұл ағамның кегін Қабанбайдың көзі тірісінде алып қаламын деп 500 әскермен шабуға келеді.

Сол келген сапарында елінің бір жағынан тиіп, бірсыпыра елді қиратады. Мұны өлім үстінде ауырып жатқан Қабанбай естиді. Содан бұл жауға басқа адам баласы бата алмаған соң Қабанбай батыр бек қатты назаланып, менің Қубас атымды әкеліп бер деді. Атын алдырғаннан кейін елін жиып алып, өсиет айтады.

Өзі төсектен тұрып, ол жаудың бетін қайтарамын, бірақ менімен еріп барған халық ертең түс кезінде дайын болыңдар. Үйткені мен осы сапардан үйге келмеймін. Үйге қайтып келе жатқанда екі шақырым шамасында, ат үстінде өтемін. Мен дүниеден өтерде атымның төрт аяғы тізесінен жерге кіреді. Сол жерге зират қылыңдар. Осы өсиетті бітіргеннен кейін жауға аттанады. Жауды айтқандай қырады. Содан кейін баяғы айтқанындай сол айтқан жеріне зират қылады.

 

1933 жылы Көкшетау облысы,

Еңбекшілдер ауданының тұрғыны

Мәулит Сағымбаевтан жазылып алынған.

ҚР ҒА қорынан.

 

***

Дастанда барлығы, Қаракерей Қабанбай батырды қосып есептегенде, сегіз батыр аталады. Олар: Боранбай, Бөгембай, Көкжал, Барақ, Жәнібек, Бұхар, Шынқожа, Дәулетбай, Шағалақ. Бұлардың ішінде Бұхар жырау да, Боранбай би де батырлар қатарында.

Ал қырғыз жағынан Аманалы және оның інісі – Біләл.

Келіннің сөзіне назар аударыңыз. Қаракерей Қабанбай төсек тартып жатқан жерді дәл айтып,

«...Есіл менен Нұраның,

Арасына сыймаған» –

дейді.

Сөйтіп, Арқада, Есіл-Нұра бойлай отырған арғын, керей, қыпшақ, Қаракерей Қабанбай батырдың өлер шағында наймандар қай жерде отырғанын ұмытпаған көрінеді.

  ]]>
Wed, 16 May 2012 17:32:51 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)қаракерейқабанбайбатырдастанhttps://yvision.kz/post/262668https://yvision.kz/post/262668
Қабанбай батыр, көзелім!Қарақұлының Мұхаметшесі (Мұхаметжан) деген қария 1953 жылы бір кездескенімде: «Қарағым, бұрынғы даналар айтқан сөз еді, ата-бабаларымыз бізге жаттатты, енді сендер жазып алып сақтаңдар, түбі бір кәдеге жарар, «асыл пышақ қап түбінде жатпас», – деп бір тоқтап, одан әрі былай дегені есімде, – қазақ-қалмақтың жаугершілігі заманында үйсінде Сарышуаш жырау деген көріпкел әулие өтіпті. Жақынды жақыным деп өзіне тартпайды екен, алысты алыссың деп бетінен қақпайды екен. Бидің әділіне көшіп отыратын қасиетін қадірлеген елі алдынан батасын алып тарасатын болған. Қабанбай батырдың науқасы сал тартып жатыр дегенді естіп, Сарышуаш шешен елінің игі жақсыларын ертіп, көңілін сұрауға барады. Сонда осы толғауды айтады» – деп әңгімелеп еді. Сұңғыла қария 1964-1965 жылдары шамасында Жансүгіров селосында (Талдықорған облысы Ақсу ауданы) 100 жасқа тақап барып дүние салды. Әңгімеге Бүркітбек, Бұқпантай деген ақсақалдар да қатысып, толғаудың кейбір тұстарын толықтырып отырып еді.

 

Әбдікәрім ХАСЕНОВ,

Тарих ғылымдарының кандидаты

Уа, Қабанбай, көзелім,

Ескіден қалған көз едің.

Жақсы мен жайсаң жиналса,

Жылқыда қылаң, боз едің.

Батырлық, ерлік дегенде,

Жайылған жұртқа сөз едің.

Қайғы шеккен еліңнің,

Жылағанын жұбатып,

Қисайған көшін түзедің.

Айтып, айтпай не керек,

Күндерден күн озғанда,

Жатырмысың, есіл ер,

Тәңіріден тілеп тез өлім.

Қабанбай науқас дегенде,

Үш күн, үш түн ұйықтамай,

Өртенді, күйіп өзегім.

Сонда-дағы жарқыным,

Қусырма жақты сарнатқан,

Айтсам ба деп келіп ем,

Көңілге демеу – сөз емін.

Дулатқа салдым бір хабар,

Албанға жетті бір шабар.

Үйсіннің жиып кісісін,

Арыздасып қалсам деп,

Арқаға тарттым бір сапар.

Ат жалын жартып мінгелі,

Жорықта талай жүрістім.

Қалмақтағы Қалден хан,

Қалден ханмен ұрыстың.

Ақиған, астам ноянын

Ағып өтіп құлаттың.

Солқылдаған мырзасын,

Соғып өтіп сұлаттың.

Ат шашадан қан ақты.

Қан шашырап таң атты.

Қанға ұйып, күн батты.

Жамандарға жан тәтті,

Сараң байға мал тәтті,

Үйінен шықпай бұғысты.

Зарпыңа шыдамай,

Телімі шығып, тентіреп,

Аңыраған көп қалмақ,

Жөңкенің арғы бетіне,

Ереннің күнгей шетіне,

Қонысын тастап, ығысты.

 

Қол ағасы ер Қабаң,

Құжынаған Қытайы,

Қаптап топан суындай,

Жердің жүзін басқанда,

Заман ақыр болды деп,

Жан-жағына алақтап,

Хан Абылай сасқанда,

Бастырман деп жерімді,

Бермеймін деп елімді,

Есенгелді, ер Шоңай,

Ат шапшытып аспанға,

Жекпе-жекке шақырып,

Айбат шегіп, ақырып,

Кес-кестеп алдын тосқанда,

Қой дегенге қоймаған,

Жау бетінде ойнаған,

Қанды балта Тауасар,

«Қаптағайлап» қасақайып,

Шөбіне шауып барғанда,

Жылан жеп, жуа сасыған,

Күш-қайраты тасыған,

Когүн деген бір заңғар,

Кезегіне алғанда...

Үркер мен айдай тоғысып,

Қылыш, найза қағысып,

Жекпе-жек ұрыс салғанда,

Бұдан да жан қалмас деп,

Қалың қазақ қайғырып,

Күдер үзіп қалғанда...

Батагөйі ер Таңат,

Төске шапқан өр Таңат,

Ат қоюға оқталып,

Сабыр ғып, тағы тоқталып,

Бір суырып қылышын,

Қынына қайта салғанда,

Қытай, қазақ демігіп,

Қараумен көзі талғанда,

Жасаған ием жар болып,

Қапысына келтіріп,

Ер Когүнді өлтіріп,

Тауасар сынды батырың,

Басын кесіп алғанда,

Матайдағы Майлыбай,

Қасқарауда Молдабай,

Дулаттағы ер Бөкей,

Тәттібай мен Олжабай,

Керейдегі ер Жабай.

Көкжарлы Барақ, Тұрсыметбай,

Көтеріліп көп қазақ,

Ата аруағын шақырып,

Айқай-сүрең салғанда,

Қаракерей Қабанбай,

Ту түбінде тұрғансың...

Қу дауысты Құттыбай,

Бұқар жырау, Сарышуаш,

Кеңесіне мойын бұрғансың,

Шамырқанып, шамданып,

Қубасқа қамшы ұрғансың.

Қалың тобын қақ жарып,

Дұшпанды қойдай қырғансың.

Зарпыңа шыдамай,

Телім боп кәпір жосқанда,

Батырдың қарты Бөгенбай,

Қайратқа қайрат қосқанда.

 

Өткен күнде белгі жоқ,

Көнелерге қанықтай,

Балаларға танықтай.

Сол ерлерді көргенмін,

Жазмыштан озмыш жоқ деген,

Салғанына тәңірінің

Әу бастан-ақ көнгенмін.

......................................

Арғы атасы Сейілхан,

Сейілханнан тараған,

Сегіз арыс түрікпен,

Қызылбастан қыз даулап,

Балқан таудың басынан,

Арлы-берлі үріккен.

Қабанбайлап шапқанға,

Кақ айрылып жол берген,

Қабанбайдан келдім дегенге,

Атынан түсіп қол берген,

Жиделі-Байсын жайлаған.

Келелеп түйе айдаған.

Тоқсан баулы өзбек-сарт.

Самарқаны сансыз бап,

Бұқара-Шәріп арасы,

Қабанбай десе тақ ұрған,

Найза ұстаған баласы.

Дұғасынан тастамай,

Бата оқыған бабасы!

Ер Қабанбай, көзелім,

Ескіден қалған көз едің.

Байсалменен ойласам,

Қайратыңа бақ тұрған,

Абылай сынды төреңіз,

Қасыңа әкеп тақ құрған –

Тоғыз таңба Найманнан,

Тоғыз құйрық ту алып,

Тоғыз түмен қол шықса,

Қол ағасы – Қабанбай!

Алты шекті Арғыннан!

Алты құйрық ту алып,

Алты түмен қол шықса,

Қол ағасы – Қабанбай!

Тоқсан баулы өзбек пен,

Қол құйрықты, қыл жалау

Қанды телпек, сексен шоқ,

Қалмаққа жорық – жол шықса.

Күн көзіне сыймаған,

Ай жүзінде айылын жимаған,

Алаштың ауыр қолына,

Ағалыққа ұнаған –

Дарабозым – Қабанбай!

Қарындасқа қайырым,

Ата-баба ісі еп,

Көтеріліп күллі алаш

Ат құлағын теңесе,

Қаракерей Қабанбай,

Қол бастарлық кісі деп,

Өзіңді аға тұтынған,

Жұртыңа тіле амандық.

 

Уа, Қабанбай, көзелім,

Ескіден қалған көз едің!

Бұл науқастан сауықсаң, –

Еркелігін кешірген,

Ақ сүтін беріп өсірген, –

Қуанатын өз елің!

Бұл науқастан оңалмай,

Бақиға бет бұрсаң, –

Жау тиді десе жат алмай,

О шетіне бір шыққан,

Бұ шетіне бір шыққан,

Көкіректі кек кернеп,

Көз жасыңды мың сыққан –

Жылайтын тағы өз елің!

Ажалға берсін сабырлық,

Тәңіріден соны тіледім.

Айырылған соң тең-тұстан,

Мен қартыңда сән бар ма?!

Кеудеңнен ұшса шыбының,

Денеде сасық мән бар ма?!

Қолымнан сусын ұсынып,

Басыңда өзім тұрайын,

Мінежат қып құдайға,

Жаныңды қый деп сұрайын!

    ]]>
Wed, 16 May 2012 17:29:56 +0600NaimanKZ@yvision.kz (NaimanKZ)сарышуашдастанқабанбайқабанбай батырhttps://yvision.kz/post/262666https://yvision.kz/post/262666